ТОП

Әскердегілерге арналған чат

Балауса Қожаева

Пандемия басталғалы бері қалыпты өмірімізге біршама өзгеріс енді. Жиын-тойларға тыйым салынып, үнемі медициналық маскамен жүруге мәжбүр болып қалдық. Ал баласын әскерге жіберген ата-аналар ант қабылдау сәтін де көре алмайды, өйткені індетке байланысты тыйым салынған. Бірақ баласын әскерге аттандырған ата-аналар үшін биыл жеңілдік бар. Енді WhatsApp желісінен ата-аналар мен рота командирінің ортақ чаты ашылады. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің шақыру бөлімінің бастығы, подполковник Денис Садыхов журналистермен өткен брифинг барысында айтып берді.

Ресми мәліметке сенсек, жыл сайын облыс бойынша 1500 сарбаз әскерге аттанады, оның екі жүзі Өскеменнен іріктеліп алынады.

–  Пандемия өмірімізге біраз өзгеріс енгізді. Осыған байланысты ата-аналардың да уайымы көбейген сияқты. Ол айтпаса да белгілі шығар. Бірақ бұл жылы әлеуметтік желіден чат ашылатын болады. Чатта әр сарбаз жайлы ақпарат беріліп отырады. Денсаулығы, жеткен жетістігі, өзін-өзі ұстауы, тағысын тағы. Алғыс хаттармен марапатталса, ата-аналарына жіберіп отырамыз, – дейді бөлім басшысы.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айынан басталып, маусымның аяғына дейін жалғасады. Көктемгі шақыруға белгілі себептермен үлгермей қалып жатқандар күзде өтініш бере алады. Осы жылы әскерге шақырылатын сарбаздар үшін тағы бір жаңалық бар. Осыған дейін ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдер әскерге шақырту уақытының мерзімін ұзарта алатын еді. Енді қалалық білім мекемелерінің де ұстаздары бұл мүмкіндікті қолдана алады.

–  Мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан жас ұстаздар және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өткен жандар әскерге бару уақытын шегере алады. Ол үшін құжаттарды онлайн толтыруға жағдай жасалған. Пандемияға байланысты военкоматқа барудың қажеті жоқ. Ол үшін Электронды үкімет сайтына кіріп, қажетті ақпараттарды толтыру қажет, – дейді Өскемен қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Марат Садықов.

Сөз соңында, басқарма басшысы медициналық тексеруден бас тартып, әскери комиссияға барудан бас тартқан жандар әкімшілік жазаға тартылатынын ескертті.

Осы айдарда

Back to top button