Қоғам

АЭС САЛАМЫЗ БА, САЛМАЙМЫЗ БА-МҰНЫ ХАЛЫҚ ШЕШЕДІ

Елімізде жылу электр орталықтарының ескіргенін көз көрді. Биыл қаңтардың қыңылтыр аязында тозығы жеткен Екібастұз қаласымен Шығыстағы Риддер шаһарындағы жылу жүйелері істен шығып, салдарынан жергілікті тұрғындар жылусыз қалғаны есімізде. Ал елдегі ЖЭО-ның барлығы кеңес заманында салынғандықтан, ескіріп тұрғаны айтпасада түсінікті. Ал бүкіл Қазақстандағы жылу көздерін жаңалау қыруар қаржыны қажет етеді. Сонымен қатар қуат көзін тұтыну жыл сайын артып келе жатқаны тағы бар. Мәселен сарапшылардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай 136 млрд кВт/сағат, ал 2050 жылы 172 млрд кВт/сағат болмақ. Ал экономика дамып, технология көзі кең қанат жая бастаған кезде, энергияны кең көлемде қажет ететіні анық. Демек балама қуат көзі керек болмақ. Сондықтан елдегі энергетикалық инфрақұрылымның әбден ескіргенін ескерген Президент, екі жыл бұрынғы жолдауында атомды бейбіт мақсатта пайдалануды жан-жақты зерттеуді Үкіметке арнайы тапсырған болатын. ал биылғы жылдың басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан үшін таза атом энер­гиясы­ның мәні зор екенін атап өтті.

  «Бұл – ел эконо­ми­касының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіре­міз. Сол себепті мен еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіре­тін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күр­делі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құры­лысына қатысты мәселені жалпы­халық­тық референдумға шығаруды ұсын­дым. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді»,-деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

   Иә, атом электр стациясы деген кезде, Қазақстан халқының үреймен қарайтыны түсінікті. Себепте жоқ емес. 40 жыл жерімізді улап, миллиондаған адам зардап шекті.  Хиросима мен Нагасаки, 1986 жылы Чернобыльдағы және Жапония еліндегі Фукусимадағы атом электр станциясындағы апаттар ел есінде.  Атомның қауіпті жағын ғана айтудамыз. Энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, бейбіт мақсатта қолданса энергияның қайнар көзі екенін біле бермейміз. Болашақ бағдарламасы арқылы АҚШ-да атом саласы бойынша білім алған, бүгінде «Самұрық-Қазына» АҚ мұнай-газ, тау-кен және энергетика активтері департаментінің аға менеджері Әсет Махамбетов қазақ халқында радиофобия қалыптасқанын сөзге тиек етті.

«Иә, жасыратын жоқ елдің ішінде АЭС-ке қатысты радиофобия қалыптасқан. Сол себепті біз ел арасында атом энергиясының оң және теріс жақтарын дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мәселен алпауыт Америкада атом энергетика саласындағы бірінші апаттардың бірі орын алсада, қазір атомды бейбіт мақсатта пайдалану бойынша әлемде көш бастап тұр. Халқы  атом электр станциясына оң көз қараста қарайды. Қазіргі таңда атом реакторы санынан әлемде көш бастап тұр. 94 атом реакторы АҚШ-тың шамамен 20 пайыз электр қуатын өндіруде»,-деді Әсет мырза.

Қазақстан бейбіт атомды қолданысқа енгізуде көптеген қадамдар жасауда. Сондықтан мамандар бейбіт мақсатқа қолданылатын атом өндірісінен қорқудың қажеті жоқ дейді.

«Пайдаланылған отындарға қатысты, өткен ғасырда Маңғыстаудағы атом энергия комбинатында өте жоғары нейтрондық жолмен қуат өндірілген. Ал бұл әдісті әлем елдері енді қолданып жатыр. Ондағы қолданылған отындар қазір Курчатовта сақталады. Жалпы атом энергиясынан көп қалдық шықпайды»,- деп ойын білдірді Қазақстандық атом электр станциялары ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Экономика қарыштап дамыған сайын, қуат көзіне деген сұраныста артары сөзсіз. Осы ретте АЭС салу арқылы елдегі энергия көзінеде жан  бітірері анық деген пікірді білдірді Әсет Махамбетов.

«Егерде 1-2 жылдың ішінде елімізде атом электр станциясын салу бойынша шешім қабылданатын болса, техникалық және экономикалық негіздеме, жобаға қатысты құжаттар дайындалғаннан кейін барып, құрысылыстың өзіне көшеміз. Яғни атом электр станциясы 2035 жылға қарай пайда болмақ деген үміттеміз. Ал сол жылға дейін электр энергиясының  тұтыну көлемі де өсетінін болжап отырмыз. Мысалы былтыр 115 млрд  кВт/сағат қуат көзін тұтындық. Көрсеткіш жыл сайын кемімесе, өсе бермек. Біз болжағанымыздай 2 реактаордан тұратын 2800 мегаватқа дейінгі қуаты бар атом электр станциясын салатын болсақ, елдегі  8-10 пайыз электр қуатын өндіре аламыз»,-деді  «Самұрық-Қазына» АҚ мұнай-газ, тау-кен және энергетика активтері департаментінің аға менеджері.

Әлемде атомды медицинада, құрылыс салаларында, өндірісте, ауыл шаруашылықта қолданып, күннен күнге ауықымы кеңеюде. Ақиқатын айтсақ, адамзат бола­шағын атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес.  Әсет Махамбетовтың айтуынша Қазақстан АЭС салу мәселесінде 4  мемлекеттің технологиясын қарастырып отыр. Оларға қойылатын  талапта қатал болмақшы.

 «Қазір елімізде АЭС салуға ниетті комапанияларға қойылатын ең басты талап, реакторлар қауіпсіз болуы керек. Бүгінде атом станциясын салуға 4 мемлекет қарастырылып отыр. Францияның EDF, Оңтүстік Кореяның  KHNP, Ресейдің Росатом және Қытайдың ядролық өнеркәсібі корпорациясы CNNC компанияларының ұсыныстарын қарастырып отырмыз. Қазір 4 мемлекеттің ұсынған реакторлардың техникалық және экономикалық сипаттамаларын қарастырып отырмыз. Олардың барлығы қаупісіздік деңгейі жоғары +3 буындағы реакторлар. Барлығы 1000-1400 МВт қуаттың көлемінде болады»,- деді ол.

Ал Үкімет жарғысы бойынша елімізде АЭС салуға екі жер қарастырылуда. Бірі Абай облысындағы Курчатов қаласы және Алматы облысына қарасты Балқаш маңындағы Үлкен ауыл. Инфрақұрылымы, орналасқан жеріне байланысты  Үлкен ауылда еліміздегі тұңғыш АЭС салынуға  жақын екенін атап өтті Әсет мырза.

 «Алматы облысына қарасты Балқаш маңындағы электр жүйесі магистральдарына, Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін қосатын транзиттік желілерге өте жақын Үлкен ауылда АЭС салу  тиімдірек»,-деп ойын білдірді.

Атом электр станциясының қоршаған ортаға әсері жайлы да түрлі пікірлер айтылуда.  Қазіргі таңда Қазақстан энергия көздерінің 70 пайызын көмірден, 20 пайызы газдан алып отыр. Сол себепті ЖЭО шығатын зиянды заттар қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде дейді маман.

Экологиялық сарапшы Райхан Бейсенова «қазір ауаны ластап, көктүтінді будақтатып жатқан жылу электр орталығынан қарағанда, атом станциясы әлдеқайда атмосфераға аз зиян тигізеді»,-деп пікір білдірген болатын.

Сонымен қатар АЭС-тің ауаға, қоршаған ортаға  әсерін зерттеу сатысы кезінде міндетті түрде қоғамдық пікір таластар өткізілгенін жеткізді Әсет мырза.

«Бүгінгі күнге дейін энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» жанындағы  қоғамдық кеңестерде атом электр станциясын салу жан-жақты  қарастырылуда. Жоғары оқу орындарында, ғалымдар мен, халық арасында ашық талқыладық»,-деп атап өтті Махамбетов.

Ал елде АЭС салынса оған қажетті отын қорыда өзімізде жеткілікті дейді Қазақстандық атом электр станциялары ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

«Қазақстан қазір атом энергиясына қажетті отынды өндіріп, экспорттау жағынан әлемде көшбасшы елдердің қатарында тұр. Мәселен  Атом электр қуатына қажетті шикізат өндіру бойынша әлемде Қазақстан бірінші орында, ал  уран қоры бойынша екінші орында. Әрі уран өндірісі бізде жақсы дамыған. Ал былтыр «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы ядролық отын шығаратын жаңа өндірісті іске қосты. Зауыттан қытайлық атом электр станциясына ядролық отын жіберіледі. Сонымен қатар бізде осы атом саласына қатысты білікті де білімді мамандар жеткілікті»,- деді ол.

Сонымен қатар Қазақстанда салынатын тұңғыш атом электр станциясының құрылысына кететін  қаржы көлеміне қатысты ойын Әсет Махамбетов былай жеткізді.

«Дәл қазір Қазақстанда атом электр станциясының салу құнын әзірге ешкім айта алмайды. Техникалық негіздеме жасалғаннан кейін ғана белгілі болады. Ал жалпы дүниежүзілік тәжірибеге сүйенетін болсақ, БАӘ, Франция, Ұлыбритания, Түркия мемлекеттері бір реакторға шамамен  5-6 миллиард ақш долларын жұмсады. Яғни біздегі  АЭС салу осы сомада болуы мүмкін. Бірақ тағы да қайталап айтайын, техникалық негіздеме толығымен жасалғаннан кейін ғана, нақты қанша қаржы кететінін айта аламыз»,- деді ол.

Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу аясында тәжірибелік зерттеулер жүргізуде. АЭС салу жөніндегі дайындық жұмыстарына ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп отырғанын ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков айтып өтті.

 -«Бұл бағытта ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түрлі өңірлерінде АЭС салу мүмкіндігіне талдау жасалды. Осы саладағы тәжірибеміз бен біліктілігімізді ескере отырып, біз атом электр станциясының жұмыс істеу циклінің барлық кезеңінде осындай қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Эрлан Батырбеков.

Қазіргі таңда әлемде 500-ге тарта ядролық реактор жұмыс істеп тұр, 100-ге жуық атом реакторын іске қосу жобасы бар. Оның ішінде АҚШ, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер атом энергиясын өндіруде көш бастап келеді. Ал Әлемдік нарықта мұнай және газ бағасының жылдан-жылға қым­бат­тауы, бұл энергия көздерінің табиғи қорының азаюы адамзатты басқа да тиімді қуат құралдарын іздеуге мәжбүрлейді. Осы жолда жаһандық эконо­мика баламалы қуат көздерінен әлдеқайда тиімді атом энергетикасына басымдық береді. Демек, атомды бейбіт мақсатта тиімді пайдалану елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне жол ашар мүмкіндіктің бірі деуге болады. Сала мамандарының пікірінше  бізде энергияның балама көзін дамытуға шикізатта, кадрда, сақтайтын инфрақұрылымда жеткілікті.  Алдағы міндет атомды қырып-жою құралы емес, бейбіт мақсатта қолданудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру. Осы жолда ізденіс көп. Қазақ халқының енді бейбіт атомның пайдасы мен игілігін көруге толық құқы бар.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button