Қоғам

AES компаниясы балабақша салып береді

AES компаниясы балабақша салып береді


Өскеменде 140 орындық болашақ балабақшаның іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина қатысты.

Құны 405 млн. теңгені құрайтын әлеуметтік жоба осыдан екі жыл бұрын Өскемен әкімдігі мен еліміздегі AES компаниялар тобы, сондай-ақ, «Орталық Азияның Еуразия қоры» арасындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бойынша өзара әріптестік туралы меморандумға сәйкес іске асып отыр.
Келер жылы қолданысқа берілетін балабақша орны қала әкімдігінің бас жобасына сай Арматура зауыты ауданындағы Машиностроитель көшесінде бой көтермек. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, бұл әлеуметтік нысанның осы ықшамаудан тұрғындары үшін қажеттілігі жоғары.
– Аталмыш нысан AES – компаниясының біздің облысымызға тартып отырған екінші сыйы. Мәселен, 2014 жылы Семейде 160 орындық балабақша салып берген болатын, – дей келе, Жақсылық Омар: – Осы жылы бұл компанияның елімізде жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл толады. Бұл Өскемендегі жылу электр орталығындағы №12 турбоагрегаттың іске қосылуымен ерекшеленеді. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге баса назар аудару керегін атап айтқан болатын. Өскеменде мектепке дейінгі 25 түрлі ұйымдар қызмет еткеніне қарамастан, оларға әлі де қажеттілік артып тұр. Болашақта жекеменшік – мемлекеттік серіктестік негізінде және еліміздегі AES компаниялар тобы мен «Орталық Азияның Еуразия Қоры» қолдауымен балабақша салынып, қолданысқа берілетін болады, – деді.

AES компаниясының өкілдері құрылыс нысанын салмас бұрын 2011 жылдан бастап еліміздің қай өңірінде балабақша тапшылығы сезіліп жатқанын білу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, индустриялды аймақтардың бірі болып саналатын Өскеменде аталмыш нысандардың тапшылығы байқалған.

– Қала әкімдігінің ресми деректеріне қарағанда, бүгінде Өскеменде 3700 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Қала аумағынан шеткерілеу орналасқан осы ықшамауданның тұрғындарына қақаған қыстың күнінде баласын ары-бері балабақшаға апару да оңай емес, – дейді AES компаниялар тобының вице-президенті Дүйсен Мерғалиев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button