Қоғам

ӘРІПТЕСТЕРІ ҮЛГІ ТҰТАДЫ

Мемлекеттік қызмет мемлекет пен халық арасындағы қатынасты байланыстырушы көпір десек артық айтпаған болар едік.  Мемлекеттік қызметші дегеніміз – әділдіктің, қарапайымдылықтың, адалдықтың үлгісі болатын, қоғам арасында өзін ұстай білетін білімді адам.

Мемлекетіміздің саясатын қолдап, егеменді еліміздің қарқынды дамуына үлес қосып, халық арасында ынтымақ пен береке-бірліктің қалыптасуына ықпал етуде мемлекеттік қызметшілердің еңбегі зор. Осындай үлкен жауапкершілікті    игі істі өз мамандығының нағыз шеберлері ғана алып жүре алады.  Осындай мамандықтың иесі Қарағаш ауылында әкім аппаратында қызмет істейтін бас маман Нұрғали Түсіпбеков. Нұрғали Қайырғалиұлы  1984 жылы Қарағаш ауылында Ж.Жабаев атындағы орта мектепті тәмамдап, әскери борышын Украина жерінде өтеп, Семей қаласында экономикалық техникумның кеден ісі бойынша мамандығын бітіріп, еңбекке араласады.

2014 жылдан бастап Қарағаш ауылдық әкім аппаратында бас маман қызметін атқарады.  Жолдасы Салтанат Сәдуақасова   ауылдық клубта меңгеруші болып қызмет істейді, бес бала тәрбиелеп отырған ата-ана, үлгілі отбасы. Қыздары  еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, еңбектерін сіңіріп жүрген жас мамандар. Жансая, Алуа, Ерке   апаларының  жолын қуып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар. Айзат жоғары оқу орнының студенті. Нұрислам Ж.Жабаев атындағы мектепте білім алуда. Жастайынан еңбектің түрлі саласында  қызмет істеп  жүрген Нұрғали мемлекеттік қызметшінің міндетін іскерлік қабілетімен  атқарып жүрген адам. Барлық саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, еңбек етіп келе жатқан Нұрғали Қайырғалиұлы әріптестері мен  замандастарына  үлгі болары сөзсіз.

Мақпал Қайыңбаева, Қарағаш ауылдық округінің бас маманы

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button