Қоғам

Әріптестері ерекше құрмет тұтады

Кеңес үкіметі кезінде құрылған мекемелер егемендікке қол жеткізген соң, гүлденіп, ел өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты, әлі де қосып келеді.  Сондай мекеменің бірі – құрылғанына 50 жыл толған  Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы.

Осы мекемені 1975 жылдан бастап, күні бүгінге дейін 1-ші санатты дәрігер-эпидемиолог Шиармен  Абышева басқарып келеді.

Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әр кез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ. Шиармен апайымыз талай белестен өтті. Өмірдің тәттісін де, кермегін де татты. Жоққа болысты, сүрінгенді сүйеді. Бүгінде ел танитын, құрмет тұтатын жанға айналды.

Қай жерде жүрсе де, өз ортасына сыйлы Шиармен Абышеваның жеткен жетістіктері мен марапаттары бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. 1985 жылы екі рет КСРО денсаулық сақтау министрлігі және ҚазКСР министрліктерінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалімен,  Зайсан ауданының Құрметті азаматы атағымен марапатталғаны – іскерлік қабілеті мол еңбек адамының жеткен жетістіктерінің бір парағы ғана.

Табиғатынан іскер әрі адал адамның мойнына жауапкершілік жүгі де молырақ артылады. Шиармен Шөкейқызы да дезинфекциялау станциясына қызметке келгенде, көптеген кедергілердің шешімін таба білді.

– 1965 жылы Өскемен қаласындағы медициналық училищені фельдшер мамандығы бойынша тәмамдағаннан соң, Зайсан аудандық ауруханасында қызмет атқардым. 1971-1975 жылдар аралығында дезинфекция бөлімінің меңгерушісі болдым. Кейін, 1975 жылы санитарлық эпидемиологиялық станция мені дезинфекциялау станциясына қызметке жіберді. Төбесінен су аққан, қабырғаларында қуыс бар, торғай ұя салған мекеменің жағдайы мәз емес еді. Кезінде колхоз үйі болған екен. Шынымды айтсам, алғашында бұл қызметке кірісуге жүрексіндім. Ауруханаға барып, Қазима апайдан ақыл-кеңес алдым, кейін облыстық денсаулық сақтау бөлімінен маман келіп, маған көмектесетіндерін айтып,  қорқынышым біртіндеп сейіле бастады. Сөйтіп, 1975 жылы 6 қазанда  облыстық дезинфекциялау станциясының бас дәрігері Н.Брезгулевскийдің  бұйрығымен  бас дәрігер болып жұмысқа тағайындалдым. Қызметке кірісе салысымен, ең алдымен, мекемеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп, басында қиын боп көрінген кедергілерді ұжым болып біртіндеп жеңе бастадық, – деп өткен күндерді есіне алады ол.

Кеңес үкіметі кезінде құрылған мекемені аяққа тұрғызу үшін қызметкерлер жұмысты талғамай жасады. Бұл туралы 37 жыл еңбек өтілі бар Бибигүл Батырханова  өзінің естеліктерімен бөлісті.

– Қыс тақаған кезде мекеменің сырт жағына 70 тонна көмір түсіреді. Сенбілік кезінде әйелдер қауымы болып, қолымызға бір-бір шелек, шамасы келгендер екі шелектен алып, құмырсқадай тізіліп, бергі шеттен арғы шеткі қоймаға көмір тасимыз. Ұжымда ер адамдар аз болған соң, жұмысты бөліп-жармай жасадық. Қазір осы күнімізге шүкірлік етемін. Көп қиындықты жеңе біліп, үлгілі ұжымға айналып отырмыз. Осының барлығы береке-бірлігіміздің арқасы, – деп Бибигүл Қабдуллақызы өткенге бір шолу жасады.

Зайсан аудандық дезинфекциялық станциясы 1972-1975 жылдары да жақын жатқан үш ауданға дезинфекциялау жұмысын жүргізетін.

Еліміз егемендік алған соң, дәріхана, дезинфекция станциясы сынды мекемелерді жекешелендіру туралы жарлық шықты. Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы да 1993 жылы барлық жұмыс орны сақтала отырып, ЖШС болып құрылды.

      Станция осы уақытқа дейін 38 Құрмет грамотасының иегері атанған. Социалистік жарыста І-ІІ орын алғаны үшін 12 ауыспалы вымпелмен марапатталған. Уаз-469 автокөлігін екі рет, шетелдерге баруға бес туристік жолдаманы жеңіп алды. Бесжылдықтар жеңімпазы 1980 жылы облыс кәсіподағының құрмет кітабына жазылды.

Зайсан аудандық дезинфекциялау мекемесі Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандарына да қызмет көрсетіп келеді.  Күршім ауданына маса-шіркейге қарсы тікұшақпен дезинфекция жұмысын жасап,  аудан тұрғындарының алғысын арқалады.

 

Кеселді дерт өршіп тұрған кезде ақ желеңді абзал жандармен бірге бастарын қатерге тіккен мамандық иелерінің бірі – дезинфекторлар. Тұрғындар денсаулығын қалыпқа келтіру үшін күн-түн демей, жұмыс істеген осынау мамандық иелеріне, Зайсан аудандық дезинфекция станциясының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.

Мадина Мықтыбаева, Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button