Қоғам

Әр қазақ бай болса деймін

Мейрамтай Иманғали

Азық-түліктің адам өміріндегі маңызын ата-бабаларымыз «Алтын-күміс тас екен, арпа-байдай ас екен» деген бір ауыз сөзбен-ақ түйіндеп, айтып тастаған ғой. Ал сол арпа-бидай мен тарыдан жасалатын талқанның адам ағзасына пайдалы екендігіне тіпті талас жоқ. Осы орайда  зайсандық кәсіпкер Бірлік Мамырбектің  талқан өндірісін жолға қоя бастағаны қуантады. «Талқан, жент дегеніңіз қазақтың дастарханынан үзілмеуі тиіс» дейді ол.  

Бір уыс талқанның құдіреті

Тостағанға салынған талқан көрсем, бала кезім есіме түседі. Әжемнің келі түйіп отырған бейнесі көз алдыма келе қалады. Кейде бізге түйгізіп қоюшы еді жарықтық. Иығымыз талса да, келінің ішіндегі бидай ұп-ұнтақ болғанша, түйетін едік. Ал қуырылған бидайдың талқаны қандай керемет! Талқан – менің бақытты балалық шағымның дәмі ғой. Жалпы, талқанға бүкіл қазақ қарыздар деп ойлаймын. Өйткені, сонау ашаршылық жылдары көп қазақтың жанын аман алып қалған осы талқан болатын.  Бір уыс талқанның құдіреті-ай… Талай адамның талқанды талғажау етіп, өзек жалғап, үміті үзілмей осы күнге жеткені рас қой енді. Кейін осынау ұлттық асымыз біртіндеп дастарханымыздан жоғалып, ұмытыла бастағаны да шын. Айт, Наурыз секілді  мереке күндері болмаса, дастарханнан оңайлықпен табылмайтын. Бір қуаныштысы, бүгінде зайсандық кәсіпкер Бірлік Мамырбек талқан өндірісін біртіндеп жолға қойып келеді.

Бірліктің негізгі мамандығы суретші. 2010 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенев атындағы өнер академиясын тәмамдапты. Бірақ қолына дипломын алып, алып-ұшып қуанып ауылға келген жас жігіттің таңдауы бір-ақ күнде өзгереді. Ол  өнерді жиып қойып,  ауылдағы  шалқайған шаруаның шаужайына жармасуды жөн деп табады.

–Ауылға келіп, үйдегілердің тірлігін көргенде, көңілім құлазып кетті. Жұмыс, айналысатын шаруа бар болғанымен алға жылжымаған. Еккен егінді сұраған адамға су тегінге бере салады екен.  Жалпы біз Қытайда тұрғанда да егінмен айналысқанбыз. 2003 жылы Қытайдан осында көшіп келген соң да, егінмен айналыса бастадық, – дейді Бірліктің өзі.

Содан ол білекті сыбанып іске кірісіп кетеді. Айтуынша, ол 2012 жылдан бастап өндірісті мықтап қолға алады. Алдымен мал азығын дайындайды.

–Өңдеп, қапқа салып, аузын тігіп отырып жем саттым.  Күнбағыс майын дайындадым. Зайсанның балабақша, мектеп, ауруханаларының  асханасын күнбағыс майымен  қамтамасыз еттім. Қытайға экспортқа шекілдеуік,  22 тонна тары шығардым, – дейді Бірлік.

Кейін ол талқан өндіріп, сата бастайды. Бүгінде  талқанның төрт түрін шығарып отыр. Бидай, тары, арпа, сұлы талқанымен бірге балаларға арналған арнайы талқан тағы бар. Алдағы уақытта жүгері талқанын шығару да ойында жүр.

–Әр отбасының бір батыры бар ғой. Тегінде балалардың барлығы батыр. Талқанның атын да «Батыр бала» деп атадым. Өзімнің балаларым талқанды жақсы жейді. Біз де талқан жеп өстік. Әкем Қытайда диірменші болған. Талқан тартып қоятын. Біз талқанның кебегін жегенді қызық көретін едік.  Жалпы мұны ата кәсіп десем де болады.  Талқан – негізі түркі халықтарына ортақ ас. Түркменге, өзбекке барсаңыз да барлығында талқанға ұқсас тағам бар. Тоқ тамақ қой.  Оның үстіне бала ағзасы үшін өте пайдалы ас. Өкінішке қарай, еліміздегі балабақша, мектеп асханаларының мәзіріне осы талқан енбеген екен.  Енгізейік десек, кеңес кезінен жазылып қалған стандарт бар екен. Алдағы уақытта  Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа барып, сол кісімен ақылдасып, талқанды балабақша, мектеп асханасының мәзіріне енгізуді ұсынсам деген ойым бар, – дейді кәсіпкер.

Ол талқан өңдейтін құрылғылардың барлығын 2019 жылы Қытайдан сатып алып келіпті. Шағын цехтың күніне 3 тоннаға дейін талқан өңдейтін мүмкіндігі бар. 12-13 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әзірге жұмыс шикізаттың жоқтығына байланысты уақытша тоқтап тұрған көрінеді.

Зауыт салуға қаражат іздеп жүр

Биыл «QABYL AGRO»  ЖШС  200 гектар жерге бидай, арпа, сұлы, тары егіпті.

–Еліміздің өзге өңірлерінде биыл қуаңшылық дейді ғой. Бірақ  Зайсан өңірінде егін жақсы шықты. Егіннің шығымы жақсы. Енді егінге шалғы да салғалы отырмыз. Қалай егін орылады, солай талқан өндіру жұмысы да басталады ғой. Жалпы шикізатты біз  Зайсанның тұрғындарынан да сатып аламыз, – дейді кәсіпкер Бірлік Мамырбек.

Бірліктің арманы үлкен. Ол талқан өндіретін зауыт салсам деп армандайды. Зауыт салу үшін аудан әкімі 1 гектар жер де  берген екен. Бірақ, мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр.

–Бұл істі қолға алғанда үлкен арманмен бастаған едік қой. Талқан шығаратын зауыт салсақ, онда кем дегенде 100 адам еңбек ететін болады. Өніміміз Қазақстандағы әр отбасының дастарханына жетеді. Бірақ инвестор табылмай тұр. Былтыр  200 миллион теңге қаржы саламыз деп бір инвесторлар келді. Бір жыл уақытым сол кісілермен өтті. Ақ деп, көк деп, ақыры өздері жоқ болды.  Зауыт салып ішкі нарықты талқанмен қамту басты мақсатымыз еді. Жалпы, бұл менің тапқырлығым емес қой.  Бұл – аталарымыздан келе жатқан қазақтың  сүйікті асы, халықтың ырысы. Біз сол ырысымыз халықтың дастарханына, дүкен сөресіне жетсе дейміз, – дейді ол.

Айтуынша, қазір Бірліктің өндірген талқандарын Өскемендегі «Сити центр», «Арзан сити» деген сауда дүкендерінен, Заречный базарынан табуға болады.   Сондай-ақ Күршім, Үлкен-Нарын, Үржар, Ақжар, Ақсуат, Зайсан, Семей, Талдықорған, Алматы, Нұр-Сұлтаннан келіп, жәшіктеп алып кететін тұтынушылары да  бар екен. Тіпті Қытайдың Үрімжісінен де ірі көлемде тапсырыс түсіпті. Шекара ашылса, 20 тонна талқан Қытайға жеткізілмек.

– Қытайлар бұрын талқанды жемейтін еді. Қазір олар да   жасыл өнімге құмар. Соған қарағанда қазақтың жейтін асын жақсылап зерттей бастаған сыңайлы, – дейді ол.

Бірлік Мамырбек – Айдана, Олжас, Айзада, Айсара сынды төрт баланың әкесі. Үлкені биыл жетінші сыныпқа барады.  Жолдасы – физика-информатика пәнінің мұғалімі. Қазір үйде баламен отыр.

– Балаға алдымен тәрбие керек. Жақсы тәрбие алған бала отаншыл, ұлтшыл болады. Ондай бала  кез келген жұмысты алып кетеді, – дейді ол.

Сондай-ақ Бірлік аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының депутаты. Қолынан келгенше жоқ-жітікке қарайласып жүрген жомарт азамат.

– Әр қазақ бай болса деймін. Біз қазақ талқан шығарғанға қуанып отырмыз ғой, ал әлем қайда кетті? Айға, Марсқа ұшып кетті ғой. Ендеше біз неге көштің соңында қалуымыз керек? Ата-бабамыздың қалдырып кеткен мұрасы әлемдік брендке айналдыруға жетеді.  Есімхан, Қасымханның тұсында біз Орта Азияның құдіретті елі болғанбыз, экономикамыз ешкімге тәуелді болмаған. Қазір қайттік? Дүкеннің сөресіндегі заттарға қараңызшы. Барлығы Қытайдан, Ресейден келген дүниелер. Кейде осыған ішім удай ашиды. Қазақстанда талқан шығаратын 100 зауыт болса, артық емес қой. Құрғақ жер болса болды, бұзылмайды. Бірдеңе өндірем деген кәсіпкерді қолдау керек. Зауыт ашсақ, біз 100 түрлі өнімге дейін шығарсақ деген ойымыз бар, – дейді Бірлік Мамырбек.

Осы айдарда

Back to top button