Әр күні қызықты өтеді

Айжанат Бақытқызы
Биыл Өскеменде 1-10 сынып аралығындағы 40 516 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыруға жағдай жасалған.
Соңғы үш жылда облыс орталығында дамыту және сауықтыру демалысымен қамтылған балалар саны артып келеді. Атап айтсақ, 2020 жылы 37 011 бала, 2021 жылы 38 605 бала жазғы лагерьмен қамтылса, биылғы жазда олардың саны тағы 1911 оқушыға артады деп жоспарланып отыр.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың демалысына қалалық бюджеттен 53 миллион 496 мың теңге бөлінді. Бұл ақшаға 43 мектепте ашылған мектеп жанындағы лагерьлерде
2 136 бала демалады. Бұдан бөлек 500 бала ақылы негізде қабылданады.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан балалардың жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолдамаларға 21 миллион 456 мың теңге бөлінді. Жолдаманың бағасы бір балаға 40 465 теңге болса, бұл бөлінген қаражатқа аталған санаттағы 530 бала жазғы лагерьге бара алады.
Бұқтырма жағалауында орналасқан Өскемен қаласы әкімдігінің «Жігер» жазғы лагері әрқайсысында 170-180 баладан сегіз маусым қабылдайды.
Өскемендегі №49 орта мектебі жанындағы «Жұлдыз-Ай» жазғы сауықтыру лагері де өз жұмысын бастап кетті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маржан Мұратбекқызының айтуынша, лагерьдің әр күні «Театр», «Достық», «Бақытты балалық», «Табиғатты аялайық», «Рәміздер күні», «Спорт – біздің тынысымыз», «Кітап – өмірлік азық», «Менің құндылықтарым», «Жақсыдан үйрен» деген атаулармен ерекшеленеді. Әр күннің атауына сай қызықты іс-шаралар, спорттық сайыстар ұйымдастырылады.
Балалар жылының аясында өткен лагерьдің ашылу салтанатында облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан қуыршақ театры келіп оқушыларға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазақстан Республикасының рәміздеріне 30 жыл толу мерекесіне орай «Рәміздер – ұлт мақтанышы» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылып, балалар Әнұранның дұрыс айтылу тәртібін үйренді.
Лагерь барысында демалушылар сүйікті ертегілерінен шағын қойылымдар қойып, әртістік шеберліктерін шыңдады. Сонымен қатар «Лагерь аруы», «Лагерь сұлтаны», «Лагерь әншісі» сайыстары да тартысты өтті. Оқушылардың денсаулығын нығайта отырып, оларды ұйымшылдыққа, өзара көмек беруге тәрбиелеу мақсатында эстафеталық сайыстар, желаяқтар жарысы, қазақтың ұлттық ойындары мен түрлі командалық ойындар да жиі өтіп тұрады. Облыстық драма театры, теплоходпен Ертіс өзенінің бойында қыдыру, батут орталығына бару, жас техниктер станциясы, балалар шығармашылық сарайындағы іс-шаралар оқушыларға жақсы әсер, ұмытылмас естеліктер қалдырғаны сөзсіз.
– Демалыс кезінде оқушылар рухани азық жинап, әр күнін тиімді, қызықты өткізіп, жаңа достар, жаңа орта тапты. Бойындағы өнерлерін көрсетіп, өздерін жаңа қырынан танытты. Лагерьдің ұйымдастырылуына және қызықты өтуіне мектеп директоры А.Қадырова, тәрбиешілер Г.Қыстаубаева, М.Кысекина, А.Союз, А.Мұхтарова, Қ.Бейсенова, К.Картенова, спорт жетекшісі М.Картенов, музыка жетекшілері Е.Болат, С.Кеңесовтің еңбегі зор, – деді лагерь жетекшісі Арай Әміренова.