Қоғам

Әр белдесуге тиянақты дайындықпен шығамын

Бейсенғазы Ұлықбек

Спортсүйер қауымның әйгілі балуан Ербол Қоңыратовты білмейтіндері кемде-кем шығар. Қарсыластарын алып та, шалып та жығып, алтын мен күмісті, жүлделі орындарды иеленіп жүрген атақты балуанымыздың ойда-жоқта өңірімізге келе қалғаны. Оның жетістіктері жастарға үлгі болсын деп Ерболмен әңгімелескен едік.

Ербол үржарлық болғанымен, қазір Алматыда тұрады. Ауданға бір күнге ғана келген чемпионмен тілдесудің мүмкіндігі туған болатын.

Ербол Қоңыратов – 2004 және 2007 жылғы ел біріншіліктерінің екі мәрте чемпионы, 2005 жылы Түркияда өткен дүниежүзі студенттері арасындағы жарыстың қола медаль иегері, Иван Поддубный атындағы дәстүрлі халықаралық жарыстың 2006 жылғы жеңімпазы.

– Аламан айқастарда алтынға қол жеткізу оңай болмаған шығар, жалпы жарысқа қандай дайындықпен келесіз?

– Жарыстың қай-қайсысы болмасын тиянақты дайындықты қажет етеді. Тер төгіп еңбектенбей, мақсатқа қол жеткізу оңай емес. Мен әр турнир алдында қаншама уақыт ұқыпты дайындаламын. Қайсыбір жарыстарда жіберген қателіктерімді ойға түсірем. Бәрін жаттықтырушыларыммен бірге саралаймыз. Сол кейін жетістікке жетуіме ықпал етеді.

– Біраз жыл бұрын Семейде грек-рим күресінен өткен Болат Тұрлыханов атындағы республикалық жарыста алтыннан алқа таққаныңызды естіген үржарлықтар ерекше қуанған еді…

– Ол жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Шамамыз келгенше намысымызды бермеуге тырыстық. Дайындық кезінде бапкерім Рысбек Нұрғазин, туған ағам Боранбек Қоңыратов  білгендерін аямады. Келер жылдың көктемінде грек-рим күресінен ел біріншілігі өтеді. Оған осы күннен бастап дайындалып жатырмын.

– Күресті таңдауға біреулер себеп болды ма, болмаса өз жүрегіңіздің қалауы ма?

– Туған ағам Боранбек кішкене кезімнен-ақ күрестің әдіс-айлаларына жаттықтыратын. Оқушы кезімде аудан орталығындағы спорт мектебінің күрес секциясына қатыса бастадым. Содан бері күреспен жүйелі айналысып келемін. Дегенмен, жасым да ұлғайып келеді. Осы уақыт аралығында өзге елдердің көптеген балуандарымен кездесіп, олардың да әдістерін меңгердім. Күрес қазақтың қанында бар өнер болған соң өзім де қаражаяу емеспін деп ойлаймын. Спортта түсінгенім, тыңғылықты дайындықтың, жаттықтырушылардың зор талабының арқасында ғана жүлдегерлер сапынан көрінуге болады.

– Күрестен бөлек, таңдаған мамандығыңыз бар ма?

– Әуелі Алматыдағы Қажымұқан атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебін, сосын Нұр-Сұлтандағы Еуразия университетінің денешынықтыру және спорт факультетін тәмамдадым. Болашақты ойлап, кезінде Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ ұлттық теміржол және коммуникация академиясында білім алдым. Мамандығым – теміржол тасымалын ұйымдастырушы. Өмір бойы күрестің соңында жүру мүмкін емес қой. Спорттан кеткен соң мамандығым бойынша жұмыс істесем бе деген ойым бар.

– Өңірімізден түлеп ұшқан Дәулет Тұрлыханов, Айбек Атажанов, Дархан Баяхметов, Әсет Мәмбетов, Әсет Имамбаев, Алмас Кебісбаев, Шалқар Жоламанов сынды балуандардың есімі жанкүйерлерге кеңінен мәлім. Осы жерлестеріңізбен хабарласып тұрасыз ба?

– Бәрімен араласпасам да, қайсыбірімен мүмкіндігімше байланыста жүруге тырысамын. Өз білгендерімізді ортаға салып, жиған-терген тәжірибелерімізбен бөлісіп отырамыз. Осындай тәжірибе алмасулардың үлкен жарыстарға дайындық кезінде көп пайдасы тиіп жатады.

 

Үржар ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button