Әр азаматтың қатысуы маңызды
Әлібек Қаңтарбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры:
– Президент атап өткендей, Конституцияға енгізуге ұсынылған түзетулер мен толықтырулар еліміздің билік институттарын жаңаша қалыптастыруға, сапалы жаңа басқару моделіне көшуге, жаңа саяси мәдениеттің орнығуына ықпал етуге тиіс. Биліктің халыққа көбірек берілуі де маңызды. Меніңше, бұл елеулі өзгерістерге жол ашады. Халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырады.
Сондай-ақ жер халықтың меншігі болатыны да өте маңызды. Ал әрбір қазақстандыққа еңбек бостандығы берілетіні, күштік құрылымдардың сот жүйесінің өзгерістерге ұшырайтыны қоғамды демократияландырудың айқын бір көрінісі болмақ.
Өз басым жаңа редакцияда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге нақты қадамдар жасалғанын қаладым. Ашығын айту керек, мемлекеттік тіл мәртебесі бар деп кеуде соққанымызбен қазақ тілі отыз жылда екінші деңгейде қалып келгені жасырын емес. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде, банктерде, министрліктерде, зауыттар мен кәсіпорындарда қазақ тілі әлі де босағадан сығалап тұр.
«Заңға енгізілген түзетулер еліміз үшін аса маңызды. Ашығын айтқанда, біздің Конституциямыз мүлдем жаңа сипатқа ие болады… Дамудың жаңа кезеңінде, жаңа Қазақстанды құра отырып, ең бір тағдыршешті өзгерістерді ел болып бірге қабылдауға тиіспіз», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде. Осы сөзден кейін-ақ референдумға тайлы-таяғымызбен қатысуымыз керек емес пе?!
Мұхтар Төлеген, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
– Конституциялық реформаның басты мақсаты – демократияны нығайта отырып азаматтардың мемлекеттік маңызды істерге араласуына жол ашу. Сол себепті, Ата Заңымыз сіз бен біздің ортақ талқымыздан кейін ғана қабылданып, оған қоғам талап еткен нақты өзгерістерді енгізу көзделіп отыр.
Президентіміз атап өткендей, Конституцияға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және өзара іс-қимылдың сапалы жаңа моделіне көшуін, жаңа саяси мәдениеттің орнығуын білдіреді. Жаңа парадигмаға сәйкес, Президенттің өкілеттігі қысқартылады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейтіледі, мемлекеттік маңызды шешімдер азаматтардың тікелей қатысуымен қабылданып, құқық қорғау саласы нығайтылады.
Яғни, суперпрезиденттік басқару түрінен алыстай отырып, Жаңа Қазақстан құру жолында бірге алға қадам басамыз. Ол үшін алдағы референдумға бірге қатысып, өз көзқарасымызды танытып, әділетті қоғам құру жолындағы саяси науқаннан тыс қалмауымыз қажет.
Жалпы, қажетті түзетулерді әзірлеуге белгілі құқықтанушы ғалымдар, соның ішінде Конституциялық сот пен кеңесте жұмыс істеген ғалымдар қатысты. Әсіресе Конституциялық сот құру және оның жұмысын реттеу туралы ұсынысты атап өткім келеді.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі күшейтіледі. Бұл шенеуніктердің өздері қабылдайтын актілердің сапасы үшін жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ел Президенті мемлекеттік органдар өзекті мәселелерге жедел ден қоюы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан түзетулер Үкіметке дағдарыс жағдайында жеделдікті қамтамасыз ете отырып, ерекше актілер қабылдауға мүмкіндік береді. Қарқынды, сапалы жұмыс Парламентке жүктелмек. Мәжіліс пен Сенат депутаттары заң жобаларын екі палатаның бірлескен отырысында жедел қарауға тиіс.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біздің қоғамның маңызды саяси трансформациясын іске асыруда өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан еліміздің әрбір азаматының қатысуы маңызды.
Айбек Нұғымаров, Семей қаласындағы көлік колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосатын боламыз
Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылар санының бес мың адамға дейін қысқаруы оң өзгерістерге әкелмек. Әсіресе, жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырады.
Ал партиялар Парламентке өту үшін бұрын 7 пайыз дауыс жинау қажет болса, ол меже қазір 5 пайызға дейін азайды.
Мұның барлығы алдағы уақытта саяси партияға бірігемін деген, жаңа партия құрамын деген азаматтар үшін де жасалып жатқан оң өзгерістер. Біздің мемлекетіміз де жаңа партиялардың құрылуына және қазіргі бар партиялардың да жаңаша форматта жұмыс істеуіне алып келетін болады.
Президентіміздің референдум өткізу туралы ұсынысы түрлі кемшіліктерді болдырмауға мүмкіндік берері анық. Сонымен бірге, азаматтардың өткір де өзекті мәселелерін шешіп, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тікелей көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлықпен және азаматтық қоғамға жат құбылыстармен күресіп, әділетті өмір сүруге мүмкіндік береді.