Қоғам

Әнуар мен Жағданың жанындағылар кімдер?

Берікхан Тайжігіт, Аягөз

1942 жылы Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында  түсірілген фотосуретті бізге осында отырған 15 азаматтың бірі Айтберік Тұрғанбаевтың қызы Розыхан Айтберікқызы ұсынды.    

– Отбасымыздың құнды жәдігері болып саналатын бұл фото біз үшін өте қымбат, – дейді бүгінде жасы 74-ке аяқ басқан Розыхан апамыз. – Мұнда менің әкем Айтберік Тұрғанбаев артқы қатарда солдан оңға қарай екінші болып тұр. Бір адамнан кейін төртінші болып тұрған – тағы бір біздің туысымыз Ілияс Ақшин. Ол кісі арғы беттен 1955 жылы келген соң Үржар ауданының Алтыншоқы ауылында қызметте болды. Алтыншы тұрған – белгілі қоғам қайраткері Әнуар Жәкулин. Бір адамнан кейін сегізінші болып тұрған – тарихшы, этнограф-ғалым, шежіреші, қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлы. Бірінші қатарда отырғандардың арасында Ыбырайым Жайнақов, Тұрсын Мұстафин, Талғат Әділов деген азаматтар бар. Фотосуреттің маңдайшасында төте жазумен «Шығыс Түркістандағы саяси оқиғалар ортасында болған бір топ қазақ зиялылары. 1942 жыл, 10.01. Үрімжі қаласы» деген жазу тұр.

Енді осы азаматтар жайлы бірер ауыз сөз. Жағданың 1940 жылдары қазақ жастарының басын қосып, астыртын ұлт-азаттық ұйым құрғаны белгілі. Ол 1941-1943 жылдары Шәуешек қаласындағы гимназияда оқыды. Ұлтшыл азамат 1943-1947 жылдары Үрімжідегі жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде абақтыға қамалады. Ол кісі – 1956-1958 жылдары Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысының уәлиі болған адам. Подполковник шенін алып, Қытай мемлекеттік армиясында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Қазақтың салт-дәстүріырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалымзерттеуші-этнограф. Қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі жеке атаулар мен ұмыт болып бара жатқан сөздердің мағынасы туралы ой толғаған зерттеу мақалалар мен «Қырандар» атты кітаптың авторы. Кейін Жағда Бабалықұлы атамекеніне оралып, «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызметте болды. Ал Әнуар Жәкулин Іле аймағының уәлиі, Шыңжаң өлкесінің саяси департамент басшысы болған кісі. Осы жерде белгілі жазушымыз, таяуда ғана марқұм болған Қабдеш Жұмәділдің «Жәкуланың қызыл тасы» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткенді жөн санадық: «…Әрине, өз басым Жәкула болысты көре алғам жоқ. Ол кісі мен дүниеге келерден екі-үш жыл бұрын, жоғарыда айтқанымыздай, дәрігерлік парызын өтеу үстінде мерт болыпты. Оның есесіне, мен жас кезімнен болыстың балаларын біліп өстім. Әкелері шәйт болғанда, ұлдары Әнуар он екі жаста, Мағауия 16 жаста екен. Бұл жақта орысша оқып, сауатын ашып барған балалар бағына Шыңжаңда ұлт-азаттық күресі бұрқ ете қалады. Біз енді Мағауия мен Әнуарды азаттық қозғалысының жуан ортасынан көреміз. Азаттыққа, ұлтқа деген құштарлық олардың қанында жатқан ғой. Кезегі келгенде, бойларындағы сол пассиянарлық қуат жарық дүниеге жарып шықты. Біз мектепте оқып жүргенде Әнуар Жакулин мен Мағауия Жакулин деген есімдер Шығыс Түркістан аспанында қалықтап тұрушы еді. Шыңжаңдағы ұлт-азаттық күресіне еселі үлес қосқан ағайынды Жәкулиндер кейін қытайдың қызыл өкіметі тұсында да лауазымды қызметтер атқарды. Әнуар Құлжада Іле аймағына уәли (губернатор) болып тұрғанда, Мағауия Шәуешекте Тарбағатай аймағын басқарды. Кейін Әнуар Шыңжаң өлкелік партия комитетінің әкімшілік-заң бөлімінің бастығы боп тұрғанда, Мағауия өлкелік сыртқы сауданың тұтқасын ұстады…».

Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақов алдымен Кеңес үкіметін құрушылардың қатарында болып, кейін Алаш арыстарымен қанаттаса жүріп, өзінің ұстанымын өзгерткен сыңайлы. Жайнақов – Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің даярлануына және өтуіне қызу атсалысқан адам. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты шиеленіс туындаған жағдайда халықтың көтеріліске шықпауын жақтады. 1917 жылы Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалған Ыбырайым Жайнақов 1917 жылы шілде, тамыз айларында Ә.БөкейхановМ.ШоқаевЖ.ДосмұхамедовХ.Досмұхамедовтермен бірге Челябинск қаласында өткен Сібір үкіметі мен Құрылтай жиналысының мүшелері комитетінің мәжілісіне қатысқан.

Большевиктер билік басына келіп, елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен бірге Қытайға қоныс аударып, сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастырғандардың бел ортасында болды. Тұрсын Мұстафин мен Талғат Әділов Шәуешек қаласындағы гимназияда ұстаз болған адамдар екен. Олар жайлы мәлімет жоққа тән.

Розыхан апаның әкесі Айтберік Тұрғанбаев – ұзақ жылдар Алтыншоқы ауылында алма бағын өсірумен аты шыққан азамат. Ол кісі 1990 жылы қайтыс болғанға дейін осындағы алма бақты өсіріп-баптап, елдің ыстық ықыласына бөленді. Айтберік аға 50 гектар жерге алма көшеттерін отырғызып, «Алтыншоқының Мичурині» атанған адам. Өкініштісі, осындай еңбек адамдарының қадірін әлі күнге дейін білмей келе жатқандаймыз.

Розыхан Айтберікқызының айтуы бойынша, фотода  сондай-ақ Балқаш Бапин, Қалдыбай Қанафин, Дубек Шалғынбай, Ахметқали Бітімбаев сынды танымал адамдар болуы мүмкін. Өкінішке қарай, оларды біз де түстеп тани алмаймыз…

Осы айдарда

Back to top button