Әмбебап дүкен ашты

Қазіргі күндері мемлекет орта және шағын бизнеске қолғабыс жасап, түрлі бағдарламалар аясында қаржы бөлуде. Осыған орай, өңірде кәсіп иесі болуға талап қылып, құлшыныс білдірушілер көбейіп келеді.
Жуықта аудан орталығындағы Сейфуллин даңғылында әсем безендіріліп, сауда жасаушыларға қолайлы жағдай жасалған әмбебап азық-түлік дүкені ашылды. Дүкен иесі Айсұлу Берікқызының айтуынша, бұл сауда орны – олардың отбасылық бизнесі, жолдасы Шыңғыс Жақияновпен бірге осында таңнан түн жарымына дейін жұмыс істейді. Дүкенде қазір төрт адам еңбек етіп, жүз мың теңгеге жуық айлық алады. Азық-түлік Семей мен Өскеменнен аптасына бір рет жеткізіледі. Аудандағы қайсыбір дүкендерден кездеспейтін азық түрін мұнан табуға болады.
– Біз алғашында асхана ашуды жоспарлаған едік, кейін жолдасым екеуіміз ақылдаса келе, дүкен ашуды жөн көрдік. Бастаған ісіміз өзіміз ойлағандай жүріп жатыр, күнделікті табыс та көңіл көншітерлік. Алда қаржы жинап, орталықтан тұрғындар талап-тілегіне орай дәріхана ашпақпыз, – дейді Айсұлу Берікқызы.
Дүкен ішінде жаңадан түскен нан-тоқаштың иісі аңқып тұр. Олар нанды аудандағы ет зауытының наубайханасынан күнделікті пісе салысымен алдыртып отырады екен, сондықтан айналадағы жұрт бұл тағамды осы жерден алуға тырысады.
– Алдағы уақытта Өскемен не Семейге барып, осы кәсіппен толық айналысу үшін біраз оқып, тәжірибе жинауым керек, сондай-ақ мемлекеттен қаражат алу үшін де қолыңда арнайы сертификат болуы шарт, – дейді дүкен қожайыны.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы