Әлихан мен Темірлан ерледі
Берікхан Тайжігіт
Үржар спорт мектебінің өрендері байрақты бәсекелерде үнемі табысты өнер көрсетіп келе жатқаны шындық.
Мәселен, таяуда Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Руслан Түменбаевтың жүлдесі үшін грек-рим күресінен халықаралық турнир өтіп, оған әлемнің әр түкпірінен жауырыны жер иіскемеген кіл мықтылар жиналған болатын.
Бір қуантарлығы, тартысты өткен бәсекелерге Үржар ауданының екі спортшысы қатысып, екеуі де жүлделі орындардан көріне білді. Атап айтсақ, өз салмағында қарсылас шыдатпаған Әлихан Задаев бірінші орынды жеңіп алса, болашағынан зор үміт күттіретін тағы бір спортшымыз Темірлан Ермекұлы жүлделі екінші орынға көтеріліп, жанкүйерлерін қуантып тастады.
Елге оралған бойда саңлақтарды Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов қабылдап, оларды өңір халқының атынан құттықтап, болашақтарына даңғыл жол тіледі.