Қоғам

Әлеуметтік сала – басты назарда

Азамат Темірбеков

Үржар ауданында тұрғындардың үйінен шықпай дәрігердің қабылдауына жазылу мүмкіндігі жасалып, көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылды.
Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, бүгінгі күні ауданда азаматтардың үйлерінен шықпай «ДамуМед» мобильді қосымшасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ «EGov Mobile» қосымшасы арқылы әр тұрғынның вакцинация паспортын алуына болады.
– Жоспарға сай екпе алуға жататын адамдар саны 35140 адамды құраса, бүгінгі күні аудан бойынша олардың 89,3 пайызы екпе алып үлгерді. Індетпен күрестің бірінші жылында ауданның медицина саласына облыс әкімдігі тарапынан ауқымды көмектер көрсетілді. Атап айтсам, аудандық ауруханаға компьютерлік томография модулі, оттегі станциясы, ПТР зертханасы орнатылып, бес санитарлық автокөлік табысталды, – дейді Нұржан Тоқсейітов.
Бұдан бөлек, облыстық «Парыз» қайырымдылық қоры есебінен 32,5 млн теңге қаржы бөлініп, аудандық орталық аурухананың инфекция бөлімінің алдына дәрігерлерге арналған модульді стационар орнатылып, төсек-орын мен жабдықтар алуға 1,5 млн теңге жұмсалған. Оған қоса, №2 Мақаншы ауданаралық ауруханасында бұрынғы бос тұрған туберкулез ауруханасын инфекциялық ауруханаға ауыстыру, өкпені жасанды демалдыратын аппарат алу, оттегі жүйесін орналастыру, төсек-орын және жабдықтар алу сияқты жұмыстар жүргізілген.
Сонымен қатар биыл әлеуметтік және жұмыспен қамту салалары да аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес. Аудан әкімінің хабарлауынша, бүгінгі таңда өңірде үш мыңнан астам көпбалалы отбасылар тіркелсе, соның 1,4 мыңы кәмелет жасына толмаған балалары бар жанұялар көрінеді.
– Әлеуметтік саланы қаржыландыруға барлығы 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жыл басынан бері 918 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай-ақ аз қамтылған 97 отбасына 3,1 миллион теңге тұрғын үй көмегі беріліп, күнкөріс деңгейі төмен 126 адамға 4,8 миллион теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді. 2020 жылы 72 көпбалалы және алты жетім бала баспанамен қамтылды. Соның ішінде Ақжар ауылында көпбалалы отбасыларға арналып салынған 24 қоспәтерлі үйге 48 көпбалалы отбасы қоныстанды, – деді аудан әкімі.
Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтсақ, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Үржар ауылында – 22, Мақаншыда – 13, Таскескенде – 6, жиыны 40 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде 82 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

 

Осы айдарда

Back to top button