
Қабанбай ауылдық округіндегі К.Төгісов атындағы орта мектеп 1970 жылдары салынған. Содан бері ішнара болмаса, толық жөндеу көрмеген. Ал ауылдық елді мекендер үшін білім нысандарының талапқа сай болуы маңызды.
Осы орайда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық және жергілікті бюджеттен жиыны 212 млн. 421 мың теңге бөлініп, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Осы мектепте 33 жыл қызмет істеп, талай шәкіртке тәлімді тәрбие, бәсекелі білім берген зейнеткер-ұстаз Ғибат Мамырбекова да білім ордасының жаңа сипатқа енетінін естіп қуануда. Оқушылардың заман ағымына байланысты талапқа сай жабдықталған мектепте оқуы олардың білімге деген ынтасын одан әрмен арттырады дейді ардагер-ұстаз.
– Шатыры жаңаланып, ішіне әрлеу жұмыстары жүргізіліп, есіктері, элетр желілері ауыстырлып мектебіміз бір жаңарып шыға келетін болды, – дейді мектеп директоры Бота Кишанова.
Сондай-ақ 2020 жылы дәл осы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 49 млн. теңгеге Қабанбай ауылының Абай және Абылай хан атындағы көшелеріне асфальт төселген болатын.
Ал мектепке дейінгі мекемедегі тәрбие мен білім қаншалықты маңызды болса, оның инфрақұрылымын жақсарту да заман талабы. Осы орайда Көкжыра ауылындағы «Асыл» балабақшасына да аталған бағдарлама аясында күрделі жөндеу жүргізілуде. Бүгінде 100 балаға арналған тәрбие орнының заман талабына сай қайта жаңғыртылуы, әсіресе ата-аналарды қуантты.
- Балабақшаның жөнделуі келешекке дұрыс бағыт алуымыздың бастапқы сатысы, тәрбие мен білімнің алғашқы мекені де осы жер. Оның үстіне ауылда көпбалалы аналар да, жас отбасылар да біртіндеп көбейіп келеді, – дейді ауыл тұрғындары.
Балабақша меңгерушісі Рауфа Қайырханова айтып өткендей, 112 млн. 455 мың теңгеге күрделі жөндеу басталған балабақшаның есік-терезесі, электр желілері, жылу жүйелері толық жаңартылады, төбесі сыланады, сыртқы қабаты жылыланып қапталады.
Ауылдық округ әкімі Әбілхайыр Қожахметовтің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Маңырақ ауылында ұзындығы 3 шақырым 750 метр болатын екі көшенің жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Оған республикалық бюджеттен 83 млн. 676 мың, жергілікті бюджеттен 9 млн. 297 мың теңге бөлінген. Жұмысты «ПМК-Құрылыс» ЖШС атқармақ. Бұған қоса бірнеше көше жарықтандырылмақ. Дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу де жоспарда бар.
Тарбағатай ауданы.