Әлеуметтік көмір жеткізіледі

Облыс орталығы басшылығының «Қаражыра» кенішімен жеңілдетілген бағада көмір жеткізу жөнінде жасасқан келісімшартына орай, маусым айынан Өскеменге 35 мың тонна әлеуметтік көмір жеткізіле бастайды.
Мамыр айының соңғы аптасында Өскемен қаласы әкімдігінің, «Шығыс Қазақстан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің және «Қаражыра» акционерлік қоғамының арасында меморандумға қол қойылды.
Қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тас көмір өндірумен айналысатын «Қаражыра» акционерлік қоғамы соңғы бірнеше жыл бойы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп келе жатқан кәсіпорын көрінеді. Жыл сайын екі арада жасалатын келісімнің арқасында Өскемен қаласының әлеуметтік жағынан осал отбасылары жеңілдетілген бағадағы көмірге кедергісіз қол жеткізіп келеді.
Биыл жасалған үшжақты меморандум аясында жеңілдік берілетін қала тұрғындары бүгінде коммерциялық бағасы 9 900 теңге тұратын қатты отынның әр тоннасын 9 350 теңгеден сатып ала алатын болады.
– Әр тоннасына жасалатын 550 теңге мөлшеріндегі жеңілдіктен бөлек, тұтынушы оны тасымалдауға да 50 пайыздық жеңілдік ала алады. Бұл адамдар үшін үлкен көмек деп ойлаймын, – деді Жақсылық Омар.
Сондай-ақ ол өткен жылы жеңілдік жасалатын азаматтар үшін әлеуметтік көмірдің әр тоннасының 9 050 теңгені құрап, жеңілдіктің 500 теңге болғанын атап өтті.
Алдағы жылыту маусымында сегіз мың өскемендік төмен бағадағы көмірмен қамтамасыз етіледі. Ол үшін шаһарға 35 мың тонна қатты отын жеткізу жоспарланып отыр. «Қаражыра» кәсіпорнының бас директоры Мұзафар Нағатаевтың айтуынша, көмір жеткізу маусым айында бастау алатын көрінеді.
Бұған қоса, облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Олег Фролов әлеуметтік көмірді жеткізу құнының да нарықтық бағадан екі есе төмен болатынын айтып сендірді. Оның айтуынша, арнайы белгілер жапсырылған жүк көліктері де көмірді кезектен тыс алатын болады.
Меморандумға қол қойылған соң қала әкімі Жақсылық Омар «Қаражыра» акционерлік қоғамының бас директорына алғыс хат табыстап, Олег Фролов жауынгер-интернационалистер ұйымының атынан «Мейірімділігі мен қайырымдылығы үшін» медалін тақты.
Азамат Темірбеков