Қоғам

Әлеуметтік көмір беріліп жатыр

Жылдағыдай көмір қоймасында ұзын сонар кезек пен дүрбелең болмас үшін жаз маусымында халықтың көмір алғаны дұрыс, бірақ облыс тұрғындары оны алуға асығар емес.

Тәжірибе көрсеткеніндей, қыс басталысымен көмірге деген кезек те көбейеді. Осыдан барып елдің дүрлігуі мен қатты отынның қымбаттауы басталады.

– Маусымның 10-нан бастап әлеуметтік көмір беріліп жатыр. Бүгінде 338 адамға көмір берілді. Өскемен қаласының әкімдігі күнделікті тізім құрып отырады. Сол тізім бойынша тұрғындарға көмір беріп жатырмыз. Тұрғындарды жаз айларында көмір алып алуға шақырамын. Қазір таңдап жүріп алатын мүмкіндік те жасадық. Көріп тұрғандарыңыздай, кезек жоқ. Көмір арзандамайды. Осы бағамен сатылады, – дейді «Терминал отын компаниясы» ЖШС директоры Мансұр Бекбауов.

Алайда оны алып жатқан тұрғындар жоқ. Сол күннің суытқанын күтіп отырғандай. Күн сайын облыс орталығындағы Сол жағалау темір жол тұйығына 10-15 вагон көмір жеткізіледі.  Оның әрқайсысы – 65 тонна.

Өскеменде әлеуметтік көмірдің бір тоннасы 11 300 теңгеден,  коммерциялық көмір 11 800 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар қосымша көлік шығыны да бар.

– Бүгін әлеуметтік көмір алуға келіп отырмын. Бір апта бұрын көмір алып кетуге жазылып қойғанмын. Алып жатқан көмірдің сапасы өте жақсы әрі кезек те жоқ. Көңілім орнына түсіп отыр, өйткені қысқа дайынмын. Бағасы да төмен, қаражатыңыз жеткілікті болса, осы уақыттан бастап неге қамданбасқа? Бұл  отбасы бюджетін үнемдеуге де көмек, – дейді таңмен таласып көмір алуға келген Красин кентінің 66 жастағы тұрғыны, зейнеткер Галина Новикова.

Әрине, көмірді ерте кезден емес, дәл мезгілінде алудың себептері сан алуан. Бірінің қаражаты жетпейді, екіншісіне басқа жағдай әсер етеді. Десе де, көбінің ойы отынды  ерте алса, ескіріп қалатындай көрінеді.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, депутаттар да алдағы жылу маусымында былтырғыдай қатты отын тапшылығын болдырмаудың жолдарын қазірден қарастырып, халықтың бейқам жүргеніне алаңдаулы.

– «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобалары аясында қаладағы осал топтағы тұрғындарды жаз маусымында әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуіне бақылау жасау, қолдау көрсетуде бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ешқандай кедергісіз осал топтағы адамдар көмірін алып кетіп жатыр. Ең өкініштісі, әлеуметтік көмірге де, коммерциялық көмірге де келушілер аз,  – дейді «Аманат» партиясы Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова.

Әзірге мұнда келіп жатқандардың басым бөлігі – қала тұрғындары. Дегенмен, кейбір тұрғындар «Защита» көмір тұйығындағы қатты отынның сапасына қатысты сын да айтып жүр.

– Көмірдің сапасына қатысты шағымдар келіп түскен жоқ. Барлық көмір бір жерден келіп жатыр. Ал ондай қауесеттер шындыққа жанаспайды. Шынында да, 80-100 мың теңгеге көмір алғаннан кейін сапасыз болса, ешкім алмас еді. Ал вагондардың дер кезінде келмеуіне байланысты мәселеге келер болсақ, облыстық әкімдік Қазақстан темір жолымен келісім жүргізіп жатыр, шешілетін мәселе, – дейді Арайлым Керімбекқызы.

Айта кетейік, халықтың әлеуметтік қорғалмаған бөлігін қолдау мақсатында Өскемен қаласының әкімдігі «Қаражыра» АҚ-мен көмірді төмендетілген бағамен беру туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Жалпы, 6,5 мың отбасын әлеуметтік бағадағы көмірмен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Әлеуметтік көмірге құқығы бар халықтың санаттарына мына топтар жатады: аз қамтылған азаматтар; мүгедектер және ҰОС қатысушылар; интернационалист жауынгерлер; Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушылар; жасына байланысты зейнеткерлер; 1 және 2 топтағы мүгедектер; көпбалалы отбасылар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; толық емес отбасылар; репатрианттар.

Отын сатып алу мәселесі бойынша тұрғылықты жеріңіздегі аумақтық басқару орталықтарының филиалдарына хабарласу қажет.

Назерке Сәлімбекқызы

Осы айдарда

Back to top button