Әлеуметтік көмек алушылар еңбекке тартылады

Облыс әкімдігініңмәжілісінде атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов өткен жылды қорытындылап, 2021 жылға бірқатар міндеттер қойды.
Облыс бойынша өткен жылы жалпы сомасы 4,7 млрд. теңге атаулы әлеуметтік көмекті 10969 отбасы алған. Мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудан бөлек, өңірде оларды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу бағытында қарқынды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде 2020 жылы АӘК алушылар қатарынан 2907 адам жұмысқа орналастырылды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсібін бастау үшін 636 грант көпбалалы, 239 грант аз қамтылған отбасына берілді.
– Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 1060 өтінім түсті. Оның 875-і, яғни 82%-ы қанағаттандырылды. Облыс әкімінің өкімімен 2020 жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мәселесі бойынша қалалық, аудандық қоғамдық комиссиялар құрылған. Құрамына көпбалалы аналар қоғамдастығының көшбасшылары енді. Олар жыл көлемінде тұрғын үй, грант бөлу, оқу процесін, мектеп формасымен қамтамасыз ету, тамақтану және басқа мәселелер бойынша 77 түсіндірме жұмыс жүргізді. Облыста «Ақ ұлпа аналары»,«Үйлесім» қоғамдық бірлестіктері құрылды, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Оның айтуынша, 2021 жылы АӘК алатын отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 11 мың бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет арнайы портал арқылы қамтамасыз етілмек. Бұл мемлекеттен қарастырылған қолдау қорын жеткізуші компанияны таңдау мүмкіндігін береді. Облыс әкімі атқарылған жұмысқа оң баға беріп, 2021 жылға бірқатар міндеттер жүктеді.
– Өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Десе де, биыл еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтудың оңтайлы жолдарын табуды тапсырамын. Гранттар мен микрокредиттерді бөлу барысын қатаң қадағалаңыздар. Сондай-ақ аға буын өкілдерін сауықтыру бойынша жеке жоба дайындауды тапсырамын. Олар ел дамуына сүбелі үлес қосты. Өңірде ол үшін барлық жағдай, жақсы орталықтар бар, – деді Даниал Ахметов.
2021 жылы 8,8 мың отбасына АӘК тағайындау жоспарланған. Сондай-ақ 42 мыңнан астам адам, сондай-ақ 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 мың бала азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен қамтылады.