Әлеуметтік азық-түлік пен қант қоры жеткілікті
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен қант қоры жеткілікті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аймақтағы қант және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жайлы баспасөз мәслихаты барысында хабарланды.
Баспасөз мәслихатына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаев, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Артем Демидов пен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлімінің басшысы Анна Жанайдарова қатысты.
Биылғы 10-шы тамыздағы жағдайға сүйенсек, облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорларының жалпы көлемі 20 448 тоннаны құраған. Оның ішінде бакалея өнімдері – 8 366, жеміс-көкөніс өнімдері – 9 924, сиыр еті – 487, құс еті – 609, сүт өнімдері – 1062 тонна және тауық жұмыртқасы 1,4 млн данаға жеткізілген. Аталған азық-түлік қорының 2961 тоннасы жергілікті өндірушілердің қоймаларында сақталса, қалған 7317 тоннасы сауда нысандары мен дүкендерде қоймаланған.
– 2022 жылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша облыста барлық қант қоры 2439 тоннаны құрады, оның ішінде 1985 тоннасына «айналым схемасы» тетігі шеңберінде келісімшарт жасалды, 28 тонна кәсіпорындарда, 374 тонна өңірдегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қоймаларында және 52 тонна сауда нысандарында сақталған. Ай сайынғы қантқа деген қажеттілік 1131 тонна болған кезде қамтамасыз ету 239 пайызды құрады. «Қазақстан темір жолы» компаниясының деректері бойынша жолда 4 вагон немесе 272 тонна қант келе жатыр. Бұдан бөлек, «Өскемен Қант» кәсіпорны тағы екі вагон қант жеткізуге төлем жасаса, жеткізу тамыз айының соңында жоспарланып отыр, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаев.
Осылайша, жауапты тұлға өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының қоры өндірушілер мен көтерме жеткізушілерде жеткілікті көлемде бар екенін атап өтті. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Артем Демидовтың айтуынша, бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде келісімшарт жасалған қант көлемі 56 вагонды, яғни 3797 тоннаны құрайтынын, оның ішінде Тараз қант зауытынан 35 вагон, ал Көксу қант зауытынан 21 вагон қант жеткізілетін көрінеді.
– Сатушының сауда үстемесі келісіне 19 теңгеге жетеді. Оның ішіне вагонды қабылдау, түсіру, сақтау сияқты жұмыстар кіреді. Тиісінше, қантты сату бағасы келісіне 469 теңгені құрайды. Вагондарды жеткізу апта сайын жүзеге асырылады. Тамыз айындағы орташа апталық түсім көлемі 406 тоннаны құрайды. Бағаны тұрақтандыру бағдарламасының өнімі халыққа 123 сауда нүктесі арқылы сатылады, оның ішінде 28 жерде сату келісіне 469 теңгеден сауда үстемесіз сатылса, 95 сауда нүктесінде 15 пайызға дейінгі сауда үстемесімен, яғни келісіне 539 теңгеден саудалануда, – деп атап өтті Артем Демидов.
Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында өңірде көтерме баға мониторингі және сауда үстемелерін қадағалау бойынша жұмыс топтары құрылды. Ақпан айынан бастап облыс бойынша 8,3 мың рейд жүргізілді. Бір аптада 55 бұзушылық анықталып, олар бірден жойылды. Аудан, қала әкімдіктерінің деректері бойынша облыс бойынша сауда үстемесін арттыруға байланысты 113 өтініш келіп түскен.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылғы 10 шілдеде баға белгілеудің барлық тізбесі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын. 1062 көтерме сатушылармен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және сауда нысандарымен ең төменгі 7 пайыздық сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалды. Сондай-ақ облыс бойынша 27 әлеуметтік дүкен және 230 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді, онда негізгі тауарлар ең төменгі сауда үстемесін қолданумен сатылады. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты негізде үстеме бағасыз сату үшін жеңілдігі қарастырылған 315 сауда орны берілуде. Өнімді сауда үстемесінсіз сату үшін облыста тұрақты негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Тауарларды толықтыру жеткізу шарттарына сәйкес әдеттегі режимде жүзеге асырылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуде іркілістер байқалмайды. Бағаны ұстап тұру бойынша жұмыс тұрақты бақылауда, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлімінің басшысы Анна Жанайдарова.
Азамат Темірбеков