РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМәдениетӨнерРуханиятТәуелсіздік - 30ТОП

Әлемдегі ең үздік бес көрменің бірі атанды

Былтыр күзде Ұлыбритания елінде өткен «Ұлы дала алтыны» көрмесі 2021 жылдағы әлемнің үздік бес көрмесінің бірі болып танылды.

Халықаралық беделді «Apollo» өнер журналы 2021 жылдың әлемдегі үздік бес көрмесін анықтады. Рейтингтің көш басында «Ұлы дала алтыны» көрмесі бар. Бұл, әрине, кездейсоқ емес, өйткені Шығыс Қазақстанның бірегей жәдігерлері талғампаз еуропалықтардың таңданысын тудырып, өзіне баурап алған. Онда ежелгі жауынгерлер – сақтарға тиесілі алтын бұйымдар қойылды. Жәдігерлердің жасы – үш мың жылға жуық. Көрмедегі бұйымдар еуропалықтарға ежелгі көшпенділердің ержүрек жауынгер ғана емес, темірден түйін түйген, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан хас шеберлер болғанын көрсетті. Иә, көшпелілер өркениетін әлемге мәшһүр еткен мұндай шара Еуропада алғаш рет ұйымдастырылғанын айта кеткен абзал. Көрмеге қойылған заттардың ішінде алтын әшекейлер, тері мен киізден жасалған ер-тұрман, ғажайып түрде сақталған киім-кешек элементтері, қысқасы Шығыс Қазақстан қорғандарынан алынған 15 мыңнан астам бірегей жәдігер бар.

Британиядағы көрменің жабылу рәсімі биылғы қаңтар айының соңында өтті. Көрме өзінің миссиясын орындады. Шығыс Қазақстаннан табылған заттардың арқасында әлем ежелгі көшпенділердің мәдениетіне, қолөнеріне, зергерлік ісіне жаңаша көзқараспен қарады. Шетелдік мамандар таңданысын жасырмады.

 

 

– Осынау табылған жәдігерлердің арқасында әлем тарихын қайта жазудың ерекше мүмкіндігі туып отыр. Біз үшін ең бастысы – жәдігерлердің өзін ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда қолданылған бүкіл археологиялық үдеріс пен сарапшылық білімді жан-жақты көрсету, – деді көрменің ашылу рәсімінде Фицуильям музейінің директоры Люк Сайсон.

Оның айтуынша, бұл көрме арқылы Ұлыбритания мен бүкіл әлемнің ерекше назары көшпенділер мәдениетіне ауып, онымен жақын танысуға мүмкіндік туды. Тіпті шетелдік баспасөзде бұл көрме «көшпенділер туралы ойды өзгертіп, жаһан жұртшылығына сақтардың тарихына қатысты мүлде тың деректерді көрсетті» деп жазды.

Көрменің ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, экспозицияда бабалар қолынан шыққан шынайы жауһарлар ұсынылды және бұл туындылар ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі бар екенін көрсеткен.

Атап өтерлігі, жәдігерлерді отандық археологтар өңіріміздегі біздің дәуірімізге дейінгі 7-6 ғасырларға тиесілі сақ қорғандарынан тапқан. Бұл кезең ежелгі қазақ тарихында «алтын ғасыр» деп те аталады. Экспозицияның ерекшелігі – біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырларға қатысты жас садақшы – «Алтын адамның» жеке бұйымдары мен қару-жарағы. Оның киімінен 15 мың алтын әшекей табылған.

 

Ол 2018 жылы мәңгі мұздақтан керемет зергерлік бұйымдармен, қару-жарақпен қоршалған күйінде табылды. Зерттеу жұмыстары еліміздің жетекші археологтары Зейнолла Самашевтың және Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен жүргізілді. Демек, әлемдік деңгейдегі табысқа жету Шығыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан мақсатты жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болды деуге толық негіз бар.

2016 жылдан бастап облыста археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы жүзеге асуда, нәтижесінде тарихи-мәдени мұраны зерттеуде ауқымды жұмыс атқарылды. Облыстық музей қоры 26 мың бірегей жәдігермен толықты, олардың бір бөлігі «Ұлы дала алтыны» экспозициясына қойылған.

Биыл да Шығыс Қазақстанда археологиялық жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Ұлан ауданындағы Ақбауыр кешені, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы, Катонқарағай ауданындағы Аққайнар қорымдары, сақ дәуіріне тиесілі Шу қорымдары зерттеліп, Тарбағатай, Шыңғыстау, Қалба тауларының етегінде де қазба жұмыстары жүргізілмек.

Демек, ел тұрғындары мен бүкіл әлем қауымдастығын тың жаңалықтар күтіп тұр деп сеніммен айта аламыз.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button