Қоғам

Әке өсиетіне адалдық

Жақсыдан қалған іздің ең айшықтысы ата жолын қуған ұрпағында. Адам өзі мың жасамағанмен, зерделі де зейінді, ақыл-парасаты мол, ізгі ұрпағымен мәңгі жасайды демекші, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, ұзақ жылдар шаруашылық басқарған, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болған Құнафиянов Қалым ата ұрпақтары Ақжар ауылында ұлағатты әкенің құрметіне берілген көшеге балалар ойын алаңын жасап, жарықтандыру құрылғыларын орнатып берді.

Салтанатты түрде лентасы қиылып, ашылған ойын алаңында ауылымыздың бал бөбектері күнделікті асыр салып ойнап, қызығын көруде. Түнгі уақытта жарық шамдары самаладай жарқырап, халық игілігіне қызмет етіп тұр.

Ашылу рәсімінен соң Қалым Құнафияновты және әулеттің аяулы анасы Қапыш Оспанқызын еске алып, құран хатым оқылып, ас берілді. «Қазына – халықта, жинап-теріп анықта» деп халық даналығы айтқандай, Қалым ақсақалдың жылдар бойы жинақтаған материалдары мен естіп-көріп зерделеген, деректер мен естеліктерден құралған «Өткен күнде белгі бар» кітабының заңды жалғасы «Ұрпағыма – ұлағат» деген атаумен толығып, қайта басылып шыққан кітабының тұсаукесері болды. «Өткен күнде белгі бар», «Ғасыр басында», «Естеліктер» деген бөлімдерден тұратын кітапта көптеген тарихи мағлұматтар, сол кезеңде ауданда атқарылған жұмыстар, туған жерге маңдай терін сіңірген аяулы адамдардың есімдері аталады. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген метрологы Бақытхан Құнафияновтың «Әке-шешем – баға жетпес байлығым», Шәкерхан Әзмұханбетовтің  Қалым ата туралы «О жизни, о времени, о себе», Мұрат Әміреновтің «Тарбағатай тарланы» мақаласы, Аслан Ғафуровтың арнауы мен Бақытжан ағамен «Сәті келген сұхбаты» жарияланған.

Ал әке өсиетін, ана қасиетін, еңбектегі жолын жалғастырып келе жатқан Құнафиянов Бақытжан мен Искакова Әлиянің табандылықты, жігерді, ерен еңбекті, ұйымдастыру мен үйлестіре білуді талап ететін кәсіпкерлікпен айналысқандарына да биыл 30 жыл толып, 60 жастың белесіне шығып отыр.

Тарбағатайлық ауылдастар атынан қажыр-қайраттарыңыз арта берсін, бақыт пен берекеге толы шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін деген ізгі тілегімізді де білдіре кеткенді жөн санадық.

 Жаннұр Ашмұханова,

Ақжар мәдениет үйінің әдіскері

Тарбағатай ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button