«Әке көрген оқ жонар…»

Қазақтың өмір сүру ғұрпындағы әкенің рөлі ерекше. Қамқоршылық қасиетімен қатар тәрбиенің тағаны ретінде де қалыптасқан. Сондықтан әкеге қатысты мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, афоризмдер тілімізде көптеп кездеседі. Солардың бірі – «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтін тәмсіл.
Әдетте осы бір «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтін мақалды көп қолданғанымызбен, түпкі мазмұнына тереңірек үңіле бермейміз. Тәмсілді тіркестің түп тамыры арғы ғасырлардағы тұрмысымызбен астасып жатыр. Қазақтың басынан талай-талай жаугершілік заман өтті. Сондықтан да атқа мініп, садақ тарта білу әрбір ер азаматтың мүлт жібермейтін қалыпты әрекеттеріне айналды. Ал оқ жона білу әуелгі тәрбиенің тетігі болды. Өйткені үнемі жау өтінде жүретін жұртқа оқ керек еді. Оқ жонушы оның түзулігі мен өзегі дымданбағанын аңғара білуі қажет. Оның бәрін меңгере білу өте үлкен өнер еді. Одан бөлек, оқтың түзулігін екінің бірі ажырата бермейді. Ол үшін өткір жанар, ұшқыр сезім, сұңғыла аңғарымпаздық керек. Талабы қатты, тәрбиесі қатал әкенің шеңберінде өскен бала ғана бұл талапқа сай болмақ. Жонған оғы жауына даритындай деңгейге жеткен ұлды ғана қазақ «әке көрген» деп әспеттеген. Өйткені ол оқ жонып қана қоюды үйрену емес, ел мен жерді қорғай білетін дәрежеге жеткендіктің белгісі еді. Баяғы Доспанбет жыраудың: «Тобыршықты биік жай салып, Дұшпан аттым өкінбен», деп жырлауының сыры осында. Сондықтан да қазақ «жақсы әкенің абыройы жаман ұлға қырық жыл азық» деген сөзді де бекер айтпаған. Осының бәрі қоғамдағы әке рөлінің айбыны ретінде өрнектелген ұғымдар. «Еркекті ер ететін де әйел, ез ететін де әйел» деп шешендер тәпсірлеп кеткен. Сондай-ақ отбасындағы әкенің айбынын отанасы асырып отырған кездері де болған. Оған ел арасындағы мына бір әңгімені мысал ретінде келтіруге болады.
Баяғыда ел десе қоң етін кесіп беретін ерлердің бірі өмірден өтіпті. Жар таңдаудан жаңылыспаған ердің әйелі де парасаты мен пайымы асқан жан болса керек. Күйеуі өмірден өткен ана артында қалған ұлдарына әкенің жоқтығын білдірмеудің қамына кіріседі. Әкенің берер тәрбиесін бере алсам деген мақсат қояды. Осылайша, ол күйеуі тірісінде үнемі үстінен тастамайтын киімін әспеттеп, төрге іліп қойыпты. Жай ғана іліп қоймай, тапқан табысын, үйдің кірісін сол киімнің қалтасына салып отырыпты. Ұлдары ақша сұраса, біздің үйдің ырыздығы әкелеріңнің киімінің қалтасында тұр, содан алыңдар деп жауап береді екен. Алайда әкелерінің киімінің қалтасын құр қалтырмай, ондағы ырыздықты күтіп ұстауды ескертіп отырады. Осылайша, әкесінің көзі болған киімнен ұлдары сескене барып ақша алады екен. Міне, әкеге деген құрметті осылай ұлдарының бойына сіңіріпті.
Мұндай мысалдар қазақ қоғамында көптеп кездеседі. Сондықтан да әке көріп оқ жонар, шеше көріп тон пішер ұрпағымыздың ұлағатты болуы бізге міндет екенін ұмытпағанымыз абзал.
Алтай Ғали-Асқар