Қоғам

Әке жолын жалғастырған

Күршім аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің облыс бойынша әркез алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны шынымен мақтануға тұрарлық жағдай. Осынау жетістікке қол жеткізуде өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, тынымсыз тер төгіп жүрген учаскелік инспекторлардың еңбегін жоққа шығара алмаспыз.       Аудандық ішкі істер бөлімінің ең тәжірибелі де мақтаулы инспекторларының бірі деп полиция майоры Ринат Қазимановты атауға әбден болады.

Ринаттың әкесі марқұм Елубай ағамыз да бүкіл өмірін полиция қызметіне арнап, аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтауға сүбелі үлес қосып өткен адам. Ендеше, Ринаттың бүгінгі еңбегін ұрпақ сабақтастығы, әке жолын жалғастырған адал ұлдың лайықты таңдауы деп танығанымыз дұрыс болмақ.

Ринаттың жұрт мойындаған басты қасиеті деп оның табандылығын, сонымен бірге кез келген адаммен тіл табыса білетін кішіпейіл де қарапайым мінезін айтуға болады. Оның қызмет уақытында ешкіммен жүз шайыспайтын, өзінің лауазымын алға тартып, кеуделемейтін жоғары  мәдениеттілігін атап айта кеткен жөн. Осындай турашыл да орнықты  мінезінің арқасында ол әуел бастан аудан тұрғындарының шынайы құрметіне ие болып келе жатыр.

– Біздегі учаскелік инспекторлардың арасында, –  дейді Күршім аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы полковник Серік Манапов, – Ринат Елубайұлының есімін ерекше бөле-жара атауға болады. Ринат қашанда өзіне артылған міндет үдесінен көріне біліп, жүктелген тапсырманы барынша тиянақты орындап отырады. Мейлі қандай қиын шаруаға жұмсасаң да, ол аталған жұмысты қапысыз реттеп, өзіне сенетін басшыларының көңілінен шығып қайтады. Қандай түйінді, шешімі қиын тапсырмаларға жіберсек те, біз майор Қазимановтың бұл сапардан абыроймен оралатынына әрдайым нық сеніп отырамыз.

1998 жылы №4 Күршім орта мектебін тәмамдап, Ішкі істер министрлігіне қарасты Семей заң колледжіне оқуға түскен көкөрім бозбала келешекте өз өмірінің тәртіп сақшысының қиын да қастерлі қызметімен тығыз байланысты болатынын жақсы білген-ді. Өйткені оның өз таңдауы, жүрек қалауы сол болатын. Лейтенант атағын алып, жолдамамен өзінің туған ауылына оралған жас жігіт аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып орналасты. Аудан орталығында, кейіннен Қалғұтыда учаскелік инспектор болып қызмет істеген Р.Қазиманов бертін келе қылмысты іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып тағайындалды. Екі жылдан кейін ол осы бөлімшенің аға жедел уәкілі ретінде танылды. Қызмет биігіне өрлей  отырып, Ринат білімін көтеруді де назардан шығарған жоқ. Ол сырттай Қостанай қаласындағы Ішкі істер министрлігінің заң институтына түсіп, оны 2006 жылы жақсы бағамен бітіріп шықты.

2011 жылдан қару ұстауға лицензиялық рұқсат беретін жүйенің аға инспекторы қызметін атқарған Ринат 2012 жылдан бастап өзінің үйренген учаскелік инспекторлығына ауысты. Сөйтіп, полиция қызметінің алуан сатыларынан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған полиция офицері аудан көлемінде айта қаларлықтай беделге ие болды. Ринат Елубайұлы күні бүгінге дейін сол абырой биігінен бір елі де төмендемей келе жатыр.

Өзінің орнықты да сабырлы мінезімен-ақ Ринаттың қаншама сотқарларды «ауыздықтап», талай күрмеуі қиын істерді оң шеше білгенін әріптес жолдастары ризалықпен әңгімелейді. Осыдан екі жыл бұрын Р.Қазимановтың Күршім ауылындағы бір үйде ірі көлемде есірткі жинап, өңдеуден өткізіп жатқан екі азаматты қолға түсіріп, жастардың өмірі мен келешегіне зор қауіп төндіретін қылмысты әрекеттің жолын кескені – өз алдына бөлек әңгіме.

Бүгінде нағыз кемел шағына жетіп, ойы да, білім-тәжірибесі де жетіліп, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтауды өмірінің мәні деп ұғынған Ринат Елубайұлының алға қойған жоба-жоспарлары жеткілікті. Өмірлік серігі Назгүл Сайлаубекқызы екеуі екі бала тәрбиелеп өсіріп, оларға барынша саналы тәрбие  беруге күш салуда. Өмір бойы білікті дәрігер болып қызмет атқарып, аудан жұртшылығының шынайы алғысына ие болған аяулы анасы Алма Фазылқызын алақанға салып, аялап отырғаны да ризалықпен атап айтуға тұрарлық көргенділік. Түздегі қызмет пен үйдегі өнегені бірдей жоғары деңгейде ұстап, қапысыз жүзеге асырып келе жатқан жігерлі азаматтың алар асулары әлі де алда деп білеміз.

Хасен ЗӘКӘРИЯ, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button