Қоғам

«ӘДЕМІЛІК БІЗГЕ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ»

«Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай, ойбай!

Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді!» деп Мұқағали ақын жырлап кеткен 70-ші жылдары қыз-келіншектер қауымы ерлерден қанша пайызға көп болғанын қайдам, дәл қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысында тұратын әйелдер саны ерлерге қарағанда 9 пайызға артық екен.

2021 жылдың басында  облыста тұратын әйелдер саны 712 мыңға жуықтаған.

Статистердің зерттеулеріне сәйкес, соңғы уақытта ұлдарға қарағанда қыздар дүниеге аз келіп, 0-ден 4 жас шамасына дейінгі 1000 ұлға (2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) 931 қыздан келген. Қыздар мен ұлдардың санындағы айырмашылық 40-44 жас аралығында айқын байқала бастайды. Осы жастан бастап келесі жас шамаларына қарай әйелдер саны басым бола бастайтын көрінеді: 40-44 жастағы 1000 ер-азаматқа 1067 әйелден келеді. 45-49 жастағы топта 1000 еркекке 1113 әйелден, 50-54 жастағыларға 1154 әйелден келеді, ал 70 жастағы әйелдер саны еркектерден 2,1 есе көп. Шығыс Қазақстанда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 10 жылға жоғары болып, ерлердің өмір ұзақтығы 77 жасты құраған.

Әйелдердің білім алу деңгейлерінде де гендерлік айырмашылықтар айқын аңғарылып отыр. 2009 жылғы халық санағының деректері бойынша әйелдердің білім деңгейі ерлерге қарағанда жоғары. Нәзік жандардың әрбір сегізіншісі жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді, әрбір төртіншісі арнаулы орта білімді. Еркектердің әрбір тоғызыншысының жоғары және әрбір бесіншісінің арнаулы орта білімдері бар.

Бүгінгі күні докторанттардың жалпы санындағы әйелдер үлесі 67%, магистранттар – 64%, резидентура тындаушылары – 62%, ЖОО студенттері – 56%, колледж оқушылары 48%-ды құрайды.

Облыстағы жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санында әйелдер 326,8 мың адамды немесе 48,7%-ды құрады. Еңбек нарығында еркектерге қарағанда жұмыссыз жүрген әйелдер саны көбірек. 2020 жылғы төртінші тоқсанда жұмыссыздардың жалпы санының 59,1%-н әйелдер құрады, олардың 62,1%-ы қалалық жерлердің тұрғындары.

 

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button