Денсаулық сақтауТОП

Адамның миы әзірге ғылымға да жұмбақ

Нейрохирургияны медицинаның өте нәзік саласы деуге болады. Ал балалар нейрохирургиясы – бұл тіпті ерекше нәзік,  әрбір ота зергерлік бұйымдар жасағандай ептілік пен шеберлікті талап етеді. Хирургтер өте кішкентай аумақта жұмыс істегендіктен арнайы оптикалық құралдарды қолданады. Бірнеше сағаттық операцияларды ойдағыдай аяқтау үшін төзімділік пен психологиялық тұрақтылық қажет. Алайда бұл жерде бір ғана хирургиялық шеберлік жеткіліксіз. Емдеудің сәтті өтуі – бұл ұжымдық жұмыстың нәтижесі.

Облыстық ана мен бала орталығының нейрохирургия бөлімшесі 2005 жылы ашылған. Бұл елімізде балалардың нейрохирургия бағытындағы іске қосылған үшінші бөлімше болатын. Бұл жерде дәрігерлер  аман алып қалған балалардың саны жүздеп саналады. Бөлімшеге жаңа туған нәрестелерден бастап, әртүрлі ауыр бас-ми жарақатын алған балалар түседі. Хирургтердің айтуынша, әрбір жағдай – ерекше.

2020 жылы облыстық ана мен бала орталығы заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Нейрохирургтердің сөзіне сенсек, қазір олардың операциялық бөлмесінің жабдықталуына тіпті астаналық әріптестері де қызыға қарайды. Бөлімшеде жұлын патологиясын емдеуді дамытуға басты назар аударылған. Жергілікті мамандарымыз  жұлынның туа біткен жарықтарына (грыжа) ота жасай береді. Бұл – микроскоп астындағы ең күрделі жоғары технологиялық манипуляциялар. Бір қуанарлығы – балаларға профильді мамандандырылған ем-шаралардың барлығы МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі, инновациялық оталар да ақысыз жасалады.

– Бөлімшеде 20 төсек бар. Босандыратын блокпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегендіктен, нейрохирургиялық ақаумен туған нәрестелерге бірден ота жасауға тырысамыз.  Мысалы, туа біткен жұлын жарығы жиі кездеседі. Бұл патологияның әртүрлі деңгейі болады. Асқынып,  іріңдеп кетпес үшін бірден операция жасаған күнде,  нервтің ақаумен туғанына қарамастан, нәресте ары қарай жақсы дамып кетуі мүмкін. Гидроцефалия деген кездеседі. Бұрындары бұл диагноз үкім сияқты естілетін. Қазір орталықтың нейрохирургтері гидроцефалияға шунттау отасын жасайды. Шунттау жүйесінде бүгінде тек сапалы америкалық антигравитациялық жүйені қолданамыз. Бұдан басқа,көрсетілімдерге байланысты,эндоскопиялық әдіспен де ота жасай береміз, – деп түсіндірді бөлімше меңгерушісі Талант Арыстанбекұлы.

Алтай қаласының тұрғыны, тоғыз жастағы Вика Шнейгербергер осы бөлімшеде туғанынан емделіп келеді. Оған алдымен 2013 жылы жұлын жарығына және гидроцефалия диагнозы бойынша шунттау отасы  жасалған екен.  2019 жылы омыртқаны бекіту операциясы жасалды. Қазір қайта оңалтудан өтіп жатыр. Анасы Анна Шарапова қызының  жағдайы едәуір жақсарғанын айтады.

– Көз жанары қалпына келіп жатыр, бұрын зәрін ұстамайтын, ол да ақырындап  басылып келеді. Отадан кейін отыра бастадық. Туғаннан осы бөлімшеде емделіп келе жатырмыз. Дәрігерлер білікті, медбикелер болса мейірімді. Ең бастысы – емнің барлығы тегін, бір тиын да төлеген жоқпыз, – дейді Виканың анасы Анна Шарапова.

Жаңа құрал-жабдық

Талант Арыстанбеков бөлімше заманауи технологияға сай Leica деген микроскоппен жабдықталғанын айтады. Аспап операция кезінде ангиорежимде науқастың қан тамырларын көруге мүмкіндік береді, яғни,  қанмен қамтамасыз етілуін бақылап отырады. Соның нәтижесінде шығысқазақстандық нейрохирургтер қиын жерде орналасқан нейрохирургиялық ісіктерді де сылып, алып тастайды.

– Қазір мақтанышпен айтатын тағы бір жаңалығымыз – тетеринг-синдромға ота жасауды меңгердік. Тетеринг-синдром дегеніміз жұлынның өзінің торлау қабатына,  қатты қабатына жабысып қалуы, соның кесірінен сколиоз-омыртқаның қисаюы сияқты аномальді ауытқу пайда болуы мүмкін.  Бүгінге дейін мұндай науқастарды республикалық ұлттық орталықтарға жіберетінбіз, ол жерде науқастар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келгендіктен, ұзақ кезек күтуге тура келетін. Енді өзімізде емдей береміз. Жаңа өзіңіз сөйлескен Викаға да екінші кезеңде осындай ота жасауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бірінші отадан кейін жұлын   қатты қабатқа жабысып қалады, сол спайкаларды ашу керек. Бірінші отаны осыдан бір-екі апта бұрын жасадық, қазір оңалту бағдарламасымен ем алып жатыр. Көп жағдайда жағдайы түзелу керек, – деп жалғастырды бөлім меңгерушісі сеніммен.

 Нәрестелерде туа біткен ақаулар азайған

 Осыдан екі жыл бұрын бөлімшеде белгілі алматылық нейрохирург Азамат Жайылғанов шығысқазақстандық әріптестеріне шеберлік сабағын өткізген болатын.

– Сол кезде балалар омбудсмені Аружан Саиннің қолдауымен Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан  сал ауруына шалдыққан он балаға ота жасадық. Бұндай ауру кезінде науқастардың бұлшық еттері тартылып тұрады, жұлын талшықтарын ішінара тіліп жіберсе, бұлшық ет босаңсиды. Қиындықпен жүргендер жақсы қозғала бастайды. Қазір бұл отаны біз ағымға қойдық. Көп клиникалар осындай операцияны жасаудан қашқақтайды, өйткені ауыр, аса  күрделі ота деп саналады, алдымен  науқастарды іріктеу керек. Кемінде алты сағат уақыт кетеді. Ал біз үшін бұл қызықты, бүлдіршіндерге пайдасы тигесін, оны қалай да жалғастыра берген дұрыс, – деп санайды Т.Арыстанбекұлы.

Дәрігер балалардың  бас-ми жарақаты өте қауіпті екенін еске салды. Адамның миы әзірге ғылымға да жұмбақ. Ертеректе бөлімшеге кішкентай пациенттер көбінде үстіне құлаған теледидардан жарақаттанып түссе, соңғы уақытта бүлдіршіндердің терезедегі шыбын-шіркейден қорғайтын торларға сүйенемін деп, жоғарыдан құлауы жиілеп кеткен. Осыдан бес жыл бұрын алтыншы қабаттан құлаған балғынды аман алып қалса, кеше ғана екінші қабаттан құлаған бала бас жарақатымен жеткізіліпті. Тіпті диваннан құлағанның өзінде миға орасан зақым келуі мүмкін.  Бөбектердің миындағы ісіктердің 95 пайызы әдетте қатерлі болып келеді. Оның үстіне олар ұзақ уақыт, тіпті он жасқа дейін аса біліне бермейді.

Бөлім меңгерушісі қазіргі кезде іштен нейрохирургиялық ақаулармен туатын бөбектердің саны  азайып келе жатқанын айтады. Бұл – ең алдымен генетикалық қызметтің оңды нәтижесі екені даусыз.

– Бұрын жұлын жарығы, гидроцефалия сияқты диагноздармен аптасына екі-үш нәресте түсетін. Қазір туа біткен ақауларды генетиктер жүктіліктің алғашқы кезеңінде анықтап, жүктілікті үзуге кеңес береді. Өмірге дені сау ұрпақ келу үшін  алғашқы санитарлық-медициналық қызмет жақсы жолға қойылуы керек, – деген пікірде нейрохирург.

Скальпельсіз ота

 Нейрохирургия бір орында тұрмайды, қазір интервенциялық нейрохирургия, бейнелеп айтқанда, скальпельсіз ота жақсы дамыған. Балалар нейрохирургиясында да скальпельсіз отаға қажеттілік бар.  Бұл әдіс тамырлы патология жағдайында қолданылады, мысалы, инсульт алса, мида аневризма, ангиома болса. Дәрігер ангиографтың бақылауымен зардап шеккен аймаққа тамырлар арқылы барады. Мониторда  жүрек пен қан тамырлары жұмысының барлық параметрлері миллиметрге дейін анық көрініп тұрады.

– Бұрын бізге миына қан құйылған, аневризмасы жарылған балалар ауыр жағдайда түсетін. Қазір оларды МРТ арқылы анықтап, дерттің асқынуының алдын алуға әбден болады. Ашық операциясыз, азинвазивті,  интервенциялық әдіспен ота жасалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын бізге 13 жастағы Гусева деген қыз түсті, гематомамен. Сол кезде жоғары санатты нейрохирург дәрігер, Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия орталығының басшысы Мыңжылқы Бердіқожаев №1 қалалық ауруханада интервенциялық нейрохирургия бойынша шеберлік сабақтарын өткізген болатын. Біз бірінші кезеңде өзімізде қыздың миындағы гематоманы алып тастадық, екінші кезеңде, есін жиған соң оны №1 қалалық ауруханаға апарып, сондағы ангиографтың көмегімен  Бердіқожаевтың басшылығымен оған скальпельсіз ота жасап, эмболизацияны жауып тастадық. Қазір сол қыз бала жүгіріп жүр, ешқандай парез де, паралич те жоқ, спортпен айналысады, – деп есіне алды бөлімше меңгерушісі.

Жуықта нейрохирургия бөлімшесі  №1 қалалық ауруханамен меморандум бекітіп, олардың ангиографтарында ота жасауға келісімге отырыпты.

– Диагнозды МРТ арқылы өзімізде анықтаған соң, олардың аспаптарында ота жасаймыз. Бұл аса қымбат құрал, оны өзімізге сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені мұндай диагноздар сирек кездеседі. Егер еліміздің басқа өңірлерінен де науқастар келіп, осындай отаны ағымға қоятын болсақ, онда сөз басқа, оны уақыт көрсетеді. Әзірге шығысқазақстандық науқастарға басқа жаққа шабылудың қажеті жоқ, скальпельсіз ота өзімізде де қолжетімді, – деп толықтырды Талант Арыстанбеков.

Елімізде қазір балалар нейрохирургия бөлімшесі көптеп ашылып жатыр. Нейрохирургтердің ортақ чаты бар. Сол жерде әріптестер өзара кеңесіп, пікір алмасады. Бұл жерде де шығысқазақстандық нейрохирургтердің біліктілігі жоғары бағаланып, көбінде біздің жерлестеріміздің тәжірибесінен үлгі алады екен.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button