Қоғам

АДАМНЫҢ АБЗАЛЫ

«Әрбір таза жүректі адам – адамның абзалы».

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен.

 Асылдың сынығы, тұманың тұнығы.

Тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы…

Шәкерхан аға үшін осы теңеулердің қайсысы болсын жарасып-ақ тұр!

Шүкір, күреңтөбел Барқытбелдің күнгей бетін киелі қоныс, құт мекен еткен алты Жұмық, бес Сатыда айтыс өнеріне атшалдырғандар аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – төкпе ақын – Әзмұхамбет ата болатын. «Байдың баласы, бидің баласы, сөзі жаман» деген жаламен сегіз жыл қуғын көріпті, іргедегі ханзу еліне үш рет қашып, үш рет қайта оралыпты деседі… Ол кісінің өзін көрмесек те есім-сойы қиырда жатқан ақ түтінді ауылдың бір қарадомалағы – біздің де көкейімізде еміс-еміс сақталған, жадымызда жатталған. Есейе келе газет бетінен оқыдым ба, бәлкім бағана басында сайрап тұратын қалайы саңқылдақтың арандай аузынан естіген шығармын, әйтеуір «Сәбеттік Қазақстанның қырық жылдығына арналған республикалық айтыста бас жүлдені Тарбағатай ауданынан қатысқан Терлікбайұлы Әзмұхамбет жеңіп алды!», «Ұлы октябрь революциясының пәленбай жылдығы құрметіне өткізілген өңірлік айтыста тарбағатайлық ақын Терлікбайұлы…» деген рәуішті диктор дауысы құлағымның қуысында қалыпты…

Сөйтсек, Әз-атамыз бір тұқымнан жалғыз айтқыш емес екен. Жылдар өте Саты руының кенжесі – Төлебайдың Майлысынан шыққан арқалы ақынның ұлы да қара өлеңнің жұртына қараша үй қондырған. Әке жолын қуған, өлеңнің сиқыры буған бала ақынға да ел сүйсінген. «Тіліміз – тасқа!» десіп, құдайдан тілеу тілеген. (Ал ағамыз оны мойындамайды. «Ол – поэзия емес, балалық әуестік» дейді. «Писать стихи в детстве – романтика, в старости –маразм!» деп біреудің нақыл сөзін көлденең тартады… Ол енді табиғи сыпайылығынан, әрине. Әйтпесе, жиырма мен отыз бестің арасындағы дер шағы ғой…).

Қысқасы, талант тарланы,  ұлт руханияты қасиетті сарайының қадау-қадау қара бағандарының бірі – Шәкерхан Әзмұхамбетұлына ақындық һәм шешендік өнер солай дарыған.

* * *

… Ақжардан Сауыр-Сайқанды маңдайға ала шыққан тастақ жол шылбырдай шұбатылып, ет асым уақытта сізді атақты «Майлы» асуына алып барады. Сол асуды қапталдай қымтап, далиып жатқан шұрайлы алапта әкелі-балалы жампоздардың кіндік жұрты бар. Екеуі үшін де жер жәннаты, жүректерінің Меккесі! Шәкеңнің «Үкілі найза ұстанған үш бәйжігіт» кітабында «Күнге жонын төсеген Қаракүңгей» деген керемет эссе бар. Қамшының өріміндей жымдасқан кестелі тіл бірден төгіліп сала береді. «… Айнала – бір кезде бауырында өсіп-өрбіген, бұл күнде әлдеқайда бытырап, қарасын үзіп кеткен қалың елді зарыға күткен сары жұрт. Қарасын үзген қалың елдің жолын тосып, бір-бірінен аса қарап, мойнын созған едірейген еңселі шың, жартасты төбе, қол ұстасқан қырқалар. Бұл – біздің ата мекен. Тал бесік. Атамыз Майлы «қазақ алғаш бір толқып» қазір қытай жерінде қалған Майлы-Жайырға барғанда дүниеге келіп, сол таудың атына ие болыпты. Осы жолдарды жазып отырған біз болсақ, Майлы ұрпағының осы атажұртта дүние есігін ашқан ең соңғы төлі екенбіз. Сарғайған сары жұрт – жүрегіміздің Меккесі. Бұдан тәуір, бұдан ыстық жер бар ма екен дүниеде?»…

«Беткейдің күрең тобылғысы. Етектің тал-теректей салалы ырғайы. Сай-саланың сояу тікен бұта-қарағаны. Бөктер-бөктердің «әй!» десең төмен қарай сау ете түсейін деп тұрған сусыма қызыл қорымы. Мойнын соза жол қарап биік-биікке шығып алған, алуан түске боялған сеңгір-сеңгір қыналы жартастар».

«Бір кезде шыңдарын қыранның саңқылы оятқан, құздарын қаздардың қаңқылы оятқан, жондарын киіктің дүбірі оятқан, бөктерін қобыздың сарыны тербеткен, ұлдарын семсердің жарқылы тербеткен, жақсымен сиыса білген, дұшпанмен тұрыса білген бір атаның жеті буын, жеті ұрпағы екі жүз жыл мекен еткен атамекен – Қаракүнгей!».

 * * *

Шәкең – қаламгер ретінде ерте танылған адам. Өткен жүзжылдықтың елуінші жылдарының ортасы мен алпысыншы жылдарының басында-ақ аудандық «Ленин туы» (бүгінгі «Тарбағатай»), облыстық «Коммунизм туы» (бүгінгі Didar) сөзжарияларында өлеңдері мен очерктері дүркін-дүркін басылып тұрды. Өзі алпысты алқымдағанда жарық көрген тұңғыш жинағы – «Соколиная судьбаны» жұртшылық жылы қабылдаған. Журналистік жолының ұзын-ырғасы – жарты ғасырға жуық. Оның жеті жылын аудандық газетке (бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы), үш жылын өзінің төл тумасы – «Веха» –  «Ізгілік үні» газетіне, қалғанын «Рудный Алтай» газетінде меншікті тілші, шолушы болуға арнады. Аналитикалық зерттеу, танымдық-тағылымдық және сыни мақалалары абыройын үстей түсті. Табиғатында көп сөзге көпес емес, ойындағысын қағазға түсіруге де сараңдау. Айтпағын саралап, салмақтап отырады. Сөздің сүбелісін, ойдың орамдысын іздейді. Шешенсінгеннің жөні осы екен деп орынсыз ділмарсымайды. Көмілте айтқанның, көсілте жазғанның жөні осы екен деп қызыл судай жайылмайды. Ол сөздің парқын, ойдың нарқын түсінгендіктен. Оның түптамыр-өзегінде қаламға деген адалдық, оқушысына деген құрмет, ерен еңбекқорлық жатыр. Есімін ел танитын журналистің түймедей ағаттығы оның қаламын қадірлейтін, талантына табынған оқырмандарына түйедей боп көрінуі мүмкін екенін жадына берік түйген. Сол себепті әр сөз, әрбір сөйлемін құмнан алтын сүзгендей екшеп барып жазады. Екі тілде де солай. Ұлттық дүниелерді қазақша ойлап, орысша жазады. Орыс атаулыны Ақжар мен әскерде ғана көрген ауыл баласына өз бетінше ізденіп, бөтен тілді жетік меңгеріп алуы, сөйтіп, Шығыстағы аға газеттің белді де беделді журналистерінің алдыңғы сапында болуы – туабітті алғырлығынан, білімдарлығынан, ізденгіштігінен. Журналист білгір болуы керек. Өзі үшін емес, елі үшін.

Көркемсөз шебері бұдан біраз жыл бұрын жұртшылыққа қазақ хандығының 550 жылдығына орай мақалалар сериясын желісін үзбей ұсынды. Оны өз басым әріптес аға-достың ұлтына деген тілеуқорлығы, тапқырлығы деп білем. Топтама әсіресе біздің өткенімізді үзіп-жұлып, шала-дүмбіл оқып жүрген орыстілді оқырманның көкірек-көзін ашты, көп нәрседен хабардар етті. Ол идеяның астарында сондай өрелі ой жатты… «Рудный Алтай» газетінде жыл бойы үздіксіз жарияланып тұрған жазбалар көлемді-көлемді сегіз тараудан тұрады. Қасымхан мен Абылайханнан жаңа ғасырға дейінгі асылдарымыз бен жауһарларымызды әспеттеген әсерлі эсселер түпнегіз көздердегі дәйекті деректерге сүйеніп жазылған және қалай жазылған десеңізші! Тамсанып, тұшынып, сүйсініп оқисың. Автор өзгеше бір әңгімелеу әдісімен елітіп, жетелей отырып, халқымыздың тар жол, тайғақ кешулерін зердеңізге құйып береді. Ғасырлар қойнауынан жеткен қарт шежіре қатпарларын ақтарады. Өзінің кім екенін балбалтасқа жазып кеткен ежелгі ғұндар мен сақтардың ескі жолымен жүргендей боласың. Оқулық тілінен, академиялық стильден жалыққан оқырман үшін таптырмас тәсілді таңдап алған. Бұл еңбек 2018 жылы «Я таким вижу мир» деген атпен 400 беттік кітап болып жарық көрді. (Ал таралымын айтудың өзі ұят!).

Өскемендегі «Реал Тайм» студиясымен бірлесіп дайындаған деректі телефильмдерінің өзі бір төбе. Елімізде рухани жаңғыру ұраны көтерілгенде алғашқылардың бірі болып, тәуелсіздігіміз үшін тер төгіп, жанын жалдаған Алаш қозғалысы арыстарының өмірінен оннан астам бейнеочерктің сценарийін жазды. Біртуар тұлғалардың ұлылығын паш етті.

Бағзы замандағы крест жорығынан басталған ислам дініне деген қаскөй көзқарас, қастықшыл әрекет қанша ғасыр өтсе де үдемесе, әлсірей қойған жоқ. Бұл тақырыпта дүние жүзінің қаншама білгір дінтанушылары мен философтары, филолог ғалымдары том-том кітап жазды. Жазып та жатыр. Осы бір шетін үрдістен Шәкең де сырт қалмапты. Оның өзі де жасауымен бірге жарты сандық кітап әкелген ана құрсағынан дүниеге келіп, ежелден Құран ұстаған ортаның тәрбиесін көрді. Шариғат ережелерін бойына жастайынан сіңірді. Мектепке төте жазуды танып барды. Бәлкім содан да болар, миллиардтаған мұсылман қауымның құдіретті дінін қорғауды хақ Тағала мүміндерінің парызы санап, сондай қастерлі миссияны мойнына алыпты. Жылдар бойы ізерлей іздеп, сол том-том кітаптардың табылғанын үйіне жинап, таба алмағандарын ғаламтордан көшіріп алып, өзіндік зерттеу жүргізіпті. Көлемі 23 баспа табақтай болатын ол еңбегі алдыңғы жылы «Ислам: взгляд изнутри и извне» деген атпен орыс тілінде жарық көрді. Автордың өзінің айтуына қарағанда ол бұл кітабында «… бір Құдайға бой ұсынатын діндердің – иудаизмнің, христиан дінінің және бірінші кезекте, исламның тарихы мен мәні жөніндегі өзінің көп жылғы ізденістерінің нәтижесін оқырман назарына ұсынып, ой бөліседі. Бұл тақырыпты ол батыс пен шығыстың соңғы ғасырлардағы бірқатар белгілі тарихшы, философ, тағы басқа зерттеушілерінің шығармаларының аясында қарастыра келе, соның негізінде маңызды деген мәселелер бойынша өз тұжырымдарын жасауға ұмтылады». Дегенмен, діни философиядан, теологиядан ауылы алыстау адамға ақылға түю ауырлау екен, соны меңзеп, «біздің дінді ұстанатындардың дені – қазақ тілді мұсылмандар ғой, шіркін, исламнан хабары бар адамға аудартса қазақ тіліне…» дегем бір сөз арасында. Екі айдан кейін телефон кісінетіп тұр. «Мен де осы өлер жерімді білмейтін адаммын, айтсам тағы да ұрсасың» дейді кәдімгідей күмілжіп. «Тағы біреудің көңілін қимай, аудармасын алып қойдыңыз ба?» деймін шынымен шыр-пырым шығып. (Ондай сумақайлар көбейіп кеткен соң жаным ашып, бірер жол реніш білдіргенім рас еді). «Жоқ, үш адам өтініш айтты – көнбедім, сен ұрсады дедім (онысы – әзілі енді). Өзіңе оқытқан «Исламның» қазақшасын бастап қойдым… Не болса да өзім аударып шықпасам болмайтын сияқты…» дейді кінәлі адамдай. «Аға, індет болса мынау – алқымнан алып тұрған, өзіңізді аясаңыз етті!» дедім бала көңіліне кірбің түсіріп алам ба деп жасқаншақтап. «Онсыз да осы дүниені жазу үшін көзмайыңызды көжеқатық етіп жүздеген кітап ақтардыңыз, Интернеттің түгін қалдырмай адақтап шықтыңыз. Оның үстіне бұл саланың түсіндірме сөздігі де жоқ болу керек, шаршап қаласыз ғой!».

Расында, керемет аяп кеткем ағаны. Бірақ уәдені құдай сөзі деп білетін ағамыз айтқанға көнбеді. Ақыры тапжылмай отырып, өз еңбегін өзі қазақшаға тәржімелеп шықты! Оның әуелгі нұсқасын өзіме оқытты. «Енді қалай шығарасыз?» десем, «Е, бір ыңғайы болар, құдай сәтін салар…» дейді жайбарақат.

Уәде демекші, Жаратқанға серт беру, оған селкеулік танытпау үшін де құрыштай өзек керек. Ағамыз сонау ержеткен шағында бойына айықпастай дерт ілінгенде «Ей, Алла, жоқшылық берсең – көнемін, бейнет берсең, қиындық берсең – көнемін. Жалғыз ғана тілегім – балаларымды жеткізіп, қатарға қосуға мүмкіндік бере гөр!» деп жалбарынды Жаппар иесіне. «Алла тілегімді берді. Бай болмадым, бастық болмадым демеймін. Осы жүрген жүрісім өзіме лайық!» дейді ағынан ақтарылып. Тілегіне жетті…

* * *

Ағаның қай кітабын алсаң да оның кәрлен құтыдай зерек зердесі атойлап тұрады. Көкірек деген – қазына көмбесі! Барқытбел мен Қалбаның арасын мекендеген Бәйжігіттен шыққан қаншама билер мен батырлардың, қажылар мен сұлтандардың, қысқасы – қазақтың дүрмекті кезде елтұтқа бола білген тау тұлғаларының даңқы мен дабырын тайға басқан таңбадай ғып ұсынады. Оларда әсіресе сол өңірдің білсем деген талаптысына таптырмас, бұрын-соңды көп айтылмай келген қаншама құнды дерек бар! Ол соның бәрін бұдан әрісі – алпыс, берісі – қырық жылдың мұғдарында ойдың нәрін, сөздің мәнін түсінетін құймақұлақ қариялардан естіген. Зердесіне тоқып алған. Жадына жазып алған! Кеше көргеніңді бүгін ұмыттырып жіберетін мынандай алақұйын заманда соншама елаузы жағдаяттарды қалай ғана санасында сақтап келгеніне таңым бар. («Жақсылардың кеудесі – алтын сандық» деген жарасты сөз осындайдан қалса керек!..). Өткеннің өкпегімен кеткен сол мол мұрағат пен дала дарабоздарының келісті келбетін ол өзінің жоғарыда айтқан «Үкілі найза ұстанған үш бәйжігіт» кітабында өзгеше стиль, өрнекті тілмен суреттей білген.

 Ардагер журналист республикалық «Страна и мир», «Казахстанская правда» газеттері, ҚазТАГ сияқты беделді басылымдар мен ақпараттық агенттіктің «Шығыстағы екі облыс бойынша меншікті тілшісі болыңыз» деген шақыруына да бармады. Тілі тамылжыған ойлы очерк, сұлу суреттеме һәм талдау мақалаларын үдете жазып, қырық жыл бойы өңіріміздің қиыр жайлап, шет қонған Тарбағатай, Зайсан және Марқакөл аудандары халқының тыныс-тіршілігін, өмір ағысын өзге ұлт өкілдерінің назарына ұсынып отырды. Солақай саясаттың кесірінен өгей баланың күйін кешіп, ылғи тасада қала беретін алыс аудандардың мұң-мұқтажын жоғарыдағылардың жетесіне жеткізіп тұрды. Аталған үш аймақтың өсу-өркендеу, құлдырау-құлазу жылдарының деректі шежіресін жасады. Бұл – бір қарағанда қызмет бабы десек те, білген адамға тасқа басылып қалар азаматтық іс! Ал газет сынына құлақ асатын ол заманда тілшінің қара орман халық атынан айтқан талап-тілегі жерде қалмайтын. Сондықтан Шәкең – Зайсанның да, Марқаның да бел баласы іспетті. Оның бұл өңірлердегі абырой-беделі жұртына жұғымды өз перзенттерінен еш кем емес!

… Жасырып-жабары жоқ, редакцияға, я болмаса тілшілер қосынына оқырманнан арыз-шағым түссе, тезірек ақ-қарасын айырып, кінәлінің қолын қайырып (кейде «басын жарып, көзін шығарып»), абыройын айрандай төгуге тырысамыз. Бір қызығы және қызығарлығы – Шәкерхан ағада ондай алыпұшпа әдет жоқ. Ол «озбырды қалай соқсам?» деп емес, сол озбырлықтың  құрбаны болған адамға қалай көмек қолын созсам?» деп ойлайды. Білегін сыбанып тастап, дау-дамайға өзі араласады. «Бұл – газеттің бақылауындағы шетін мәселе, тегінде!» деп ызбарланып алады да мәселені ушықтырмай әділ шешуге тырысады. Содан соң «осындай шу шығып еді, біздің араласуымызбен ол былай шешілді» деп дабыраламайды да. «Домбырамен ән айта бергенді қысқартыңдар, орыстың частушкасы қайда?!” деп қиғылық салған, «қызметтегі қазақтарды орыс тілінен аттестациядан өткіземін» деп қырсық шалған әумесер әкімнің әуселесі, Ақарал ауылындағы кеудемсоқтық, жол пайдалану учаскесі ардагерлерінің өздерімен бірге «кәртейген» баспана мәселесі, баспахана қызметкерлерінің басараздығы, жарылған мектеп қазандығының жазықтысы, қасақана қудаланған азаматтарға араша түсу… тізе берсе, ондай мысал жетерлік. Соның бәрі газет тілшісінің тікелей араласуымен ың-дыңсыз, у-шусыз-ақ сәтімен шешілген қиын түйіндер болатын. Ал елдің жоғын жоқтап, сөзін сөйлесе, «әуелі өзіме емес, елге болсын» десе,  ол – қайраткерлік емей, немене?! Нағыз журналист – шындықтан қаймықпайтын журналист. Ол – екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін мінез. Жалған айтып жер басып жүру – үлкен күнә. Бұл – қаламдас ағаның журналистік ұстанымы, азаматтық кредосы!

* * *

Қарапайымдылық дегеннен шығады, бір күні Ақжардан аталас інісі – Сержан хабарласқан.

– Шәкерхан ағаның жаңа кітабын ауылға жеткізіп алдым, ел құлағы – елу деген, сұраушы көп. Енді жұртын жинап, ағамызды халқымен қауыштырып, кітапты жөн-жосығымен көп алдында таныстырайық деп қам жасап жатырмыз…

– Қандай жарастық десеңші! Ал автордың өзі не дейді?

  • Ой, ол кісіні білесіз ғой, елді дүрліктіріп соның не қажеті бар, қойыңдар! – деп отыр. Келіспейтін сияқты, айтып көндіріңізші. Бәрін өзіміз ұйымдастырамыз, өзіміз көтеріп аламыз! Алып кеп, жеткізіп салатын көлігі де дайын, тек «мақұл» десе болды бізге!

Іле-шала Қуаныш телефон безілдетті. «Елге шақырып, сый-сияпат жасайық десек, ат-тонын ала қашады, бірдеңе деңізші. Аудан басшылары мен мәслихатын да құлақтандырып, тосынсый дайындап қойып едік…» дейді.

Дереу ағаның қалтафонының нөмірін тердім. «Аға, сіз онсыз да Тарбағатайдың құрметті адамысыз. Ит тіліндей қатырма қағазын алмасаңыз алмай-ақ қойыңыз, бірақ інілеріңіздің меселін қайтаруға болмайды!» деп мен де қиыстау кеттім (әдейі). Мұндай тегеурінді күтпеген болу керек, ілкі сәт үнсіз қалды. Сосын «Әй, сен мені білесің, сондай ырду-дырдуды жақтырмайтын адаммын…» деді дауысы тарғылданып. «Онда үш бірдей ініңіздің көңілін қалдырасыз. Жарайды, бізді қойшы, халқыңызға не дейік?» деп сауалдың батпан басын өзіне тастадым. Тұзаққа оңбай түскенін білді-ау деймін, «Жарайды, бірақ сен де барасың, кітаптың сарашысы сен емессің бе?» деп шаужайымнан шап берді. Көп өтпей ағаның жаңа кітабының қосымша байламдарын тиеп алып, ауылға жол тарттық…

«Бір жақсылық бір жақсылықты жетелеп жүреді» деген сөз өмірден алынған жалпы. Қарт жазбагер кітабының тұсаукесері ата-баба айбынын асырар қос қуанышпен астасып кетті. Сол күні Ақжардағы әкімдік үйі алдында ұлы Абайдың асқақ мүсіні орын теуіп, Маңырақ ауылында ер Дәулетбай мен оның ақиық ақын ұлы – Әрімжанның еңселі ескерткіштері бой көтерді. Ал мәдениет үйінде қазақ журналистикасының қадірменді ақсақалы, қатарынан қара үзген сөз зергері – Шәкерхан Әзмұхамбетовтің жаңа кітабының таныстырылымы өтіп жатты. Жақсысын киіп жасанған қараша жұрт бір күнде үш бірдей мерекенің куәсі болды. Өнер атты өрелі ұғымның қадірі артты. Талантқа тағзым жасалды. Тілеуқор қауым «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенді жоққа шығарды. Аймақ тізгінін ұстаған азаматтар Жазушылар одағына мүше емес жазушының кеудесіне «Ауданның Құрметті азаматы» деген төсбелгі тағып, інілері ер-тұрманы келіскен қара қасқа тұлпарды көлденең тартты. Арқасына жеті бірдей шапан жапты. Біз оны жақсы ырымға жорыдық…

* * *

Жақұт деген асыл тас варварлық құныкер пиғылдан қашып, жеті қат жер қойнына жасырынады екен. Сол сияқты адамның бекзат бітімі де оның ішкі жан дүниесінде жатса керек. Шәкер аға – байыпты қалыбынан айнымайтын байсал мінез, ой-ниеті таза жан. Ептілік пен тектіліктің арасын жер мен көктей көретін, ішінде кір жатпайтын, анығырақ айтқанда, іші-сыртына кір жуытпайтын кісі. Ол тазалық – иманнан, яғни, жаратылыс нұрынан. Сіз ол кісінің діни сауатын көрсеңіз!.. Бірақ оны біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені кісіліктің кілтін ұстаған жанның мінезі – көркем, тілінде – тиек, сертіне – берік болу керек екенін ол жасынан қанына қанықтырып өскен. Елпілдеу-желпілдеу, өңмендеу-өзеуреу, ақымаққа көсемсу, кеудемсоқпен керілдесу, ортадан киіп кету, кішіге кекірею, бейшараға бәлсіну, әлсізді әжуалау, өтірік көлгірсу – аға табиғатында жоқ машық. Пенделікке бой алдырып, біреуді орынсыз ғайбаттағанын да көрмеппін. Ал өсек атаулыны суқаны сүймейді. Кейде тым ақпейіл. «Әй, соған несіне кейисің, кешіре салшы. Кешірімшіл болсаң, кем болмайсың!» дегенін өзім де талай естідім. Арлы адамның әдепті, сорлы адамның әдепсіз болатынын хадистен оқыған болар, бәлкім. Оның кісілік келбеті мен мәрттігі – мінез байлығында! Бірақ қисынсыз қысастық пен қиянат атаулыға жаны қас. Шындық шырылдаса, яки, ұлттық мүддеге сойыл сілтенсе, бет-жүзіңе, бедел-қызметіңе қарамайды. Ішінде арыстандай айбын бар – ат ойнатып шыға келеді. Ондай адам жарылса – бомба дерсің! Оны да көргеміз, кейбірінің тікелей куәсі де болғамыз…

Әлқисса…

Тұманы мен күмәні қалыңдау болған егемендіктің елең-алаң кезінде Шәкең қызмет істеп жүрген облыстық газет оқтын-оқтын қазақ мемлекеттігін, оның тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін қақпақыл қылған мақалалар жариялап, үдере бас көтерген үритсоқ шовинистердің шылауына түсіп кетті. Айтаққа еріп, сол топтың күйелі көсеуіне айналды. Қазақтардың қарсы жазбаларын жарияламауға тырысты. Ал өзінің меншікті тілшісінің пікірталас материалдарының етегіне «бұл автордың өз пікірі, оған редакцияның ешқандай қатысы жоқ» деген сияқты қашқалақ ескерту берілетін болды. Өз қызметкері емес, сыртта жүрген сыбай-салтаң біреу дерсің. Ондай мазаққа Шәкең шыдасын ба, газеттің «дәртесін бірақ тепті!». Орталықтан жарты мың шақырым шалғайда жатып, екі тілде «Веха» –  «Ізгілік үні» атты газет шығаруды қолға алды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елі мен жеріне, салты мен дәстүріне араша түскен, өршіген мерездік өртіне қанатымен су сепкен алғашқы зайсандық қарлығаш еді. Жаңа газет үш-төрт жылдай жарық көрді. Сол үш-төрт жылда облыстың пасық пиғыл идеологиясының мойны бұралып, оның орталық органындағы арамзалардың тозғын-тонауы шықты. Редакцияның жаңа басшылығы алыстан айбат шегіп, нәсілшіл қызылкөздермен жағаласып жатқан ағамызды бұрынғы қызметіне қайта шақырды. Содан ағаның өз сөзімен айтқанда, «бала-шағаның арасында мұз дәуірінен қалған динозаврдай болып жүре беріпті-мыс…».

Дұрыс жолда қисық басып көрмеген адамдар жұтқыншағы жұлқынып тұратын басшының көмейіне көлденең ғой қашанда да. Ондай жағдай Шәкеңнің басынан да өткен. 1997 жыл мен 2014 жылдың аралығында кейбірдүмбілез басшылар оны үш рет «сый-сияпатымен зейнеткерлікке шығарып салып», үш рет өздері қайта шақырып алған. Басбұзарлығы үшін емес, ақиқаттан аттамайтын бірбеткейлігі үшін! Бірегей таланты үшін! Ерекше эрудициясы үшін!

Тағы бір-екі мысал.

1991 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы И.Тутеволь Мәскеудегі кландар қырқысына, тақ тартысына («ГКЧП»-ға) бүйрегі бұрып, аудандық, қалалық партия комитеттеріне «көтерілісші коммунистерді қолдаңдар!» деген сыңайда жасырын телефон хабар жібереді. Бірақ ол ұйымның қауқары бір аптадан аспай қалды. Шәкең бақандай бір өңірге билігін жүргізіп отырған ұлықтың мұндай ішмерез қылығына қарсы ашық майданға шықты. «Три вопроса Игорю Николаевичу Тутеволю» деп қысқа, бірақ саяси жағынан оқыстау қағытпа хат жазып, редакцияға жөнелтті. Хатпен бірге «Рудныйға» жай түсті! Газеттің бас редакторы телефон соғып, «Сен мені пышақсыз бауыздайын деп отырсың, райыңнан қайт!» деді. Ал Шәкең болса, «жарияламасаң ісім сенімен болсын!» деп қасарысып отырып алды. Мақала редакция алқасында талқыланып, ақыры жарыққа шықты. Тутеволь қателігін мойындап, өз атынан жауап жазды. Қиқар журналист тәуелсіз газет шығара бастағанда «мынау – өте керекті газет екен» деп көмек қолын созды. Бірақ усойқы қаламның «уыты» жайылды ма, әйтеуір, алыстан әдейі жіберілген алаңғасар хатшы атынан тез ауып қалды…

Екі мыңыншы жылдардың басында Тұғыл балықшыларына әрісі – астанадағы, берісі – Өскемендегі ұйымдасқан қарақшы топтар қайта-қайта қоқан-лоққы жасап, бұрын-соңды болмаған «балық дауы» өршіді. Бүкіл балықшы қауым өнімін өткізе алмай, жалақысыз қалды. Теке-тірес тым тереңдеп кетті. Емі табылмай сыздап тұрған бітеу жара жарылуға айналды. Ал шиеленген істің түйіншегін шешу үшін арнайы барған облыстың сол кездегі басшысы – Талғатбек Абайділдиннің көл жұртына көрсеткен ожар қылығы «жығылғанға – жұдырық» болды.Талас-тартыстың басы-қасында жүрген білдей басшының бейшаралығына налыған ағамыз «Рудный Алтай» және республикалық «Аграрный Казахстан» газеттерінде «300 рыбаков в сетях бюрократизма» деген мақала жариялап, әкірең әкімді қос басылымда қосақтай «сабады». Одыр мінез әкімсымақты орнына қойды. «Тәке, есіңізде болсын, шыбынды да, шенеунікті де газетпен бір ұрып өлтіре салуға болады!» деп тікесінен кетті…

Расында, Шәкең бейтаныс адамға жаз мінезді болып көрінгенімен, ішінде тепсінген тегеурін бар, тегінде! Талантты адам тарпаңдау келеді ғой әдетте…

* * *

«Ауыздан шыққан сөз адамның ішкі дүниесінің хабаршысы» деген рас. Қашан болсын осы адамның жүзінен ғазал шуақ төгіліп, сөздерінен тау самалындай жеңіл юмор есіп тұрады.

– Аға, сіз өзіңіздің кәсіби мерекеңіз күні туған дейді, сол рас па? – дегеміз бір күні.

– Ой, ол күнді мен өзім таңдап алғам! – деді көзіне күлкі үйіріп. – Менде сегіз жасқа дейін туу туралы куәлік деген болмапты, оны мектепке барғанда бірақ білдік. Әкем де, шешем де дәл қай айдың қай күні туғаныма жіп таға алмады. Мөлшерлеп не сәуірдің аяғы, не болмаса мамырдың басы болар дегенді айтты. Не істеу керек? Жыртпа күнтізбенің сәуірін ақтарып, ештеңе ұната қоймадым. Бесінші айын парақтай бастап едім, түйенің шудасындай сақалы  алқымын жапқан бір бұйрабас сұлу шалдың суреті көзіме оттай басылды. Ертеңінде мұғалімге «мамырдың бесінде туыппын» деп бардым. Метірке де солай жазылды. Сөйтсем, мен ғашық боп жүрген жүнауызың – атақты Карл Маркс деген неміс екен, мен оны қайдан білейін. Сөйтіп, екі мықты бір күнде дүниеге келген болып шықтық! Қызық болғанда ол күн кейінірек баспасөз күні болып бекітілді ғой…

* * *

Шәкерхан аға сексеннің сеңгіріне шықтым деп шалқадан түсіп жатқан жоқ. Ол – бірдеңе оқымай, бірдеңе жазбай, ғаламтор ақтармай отыра алмайтын адам. Дәл қазір «Ислам: взгляд изнутри и извне» кітабының жалғасын жазу үстінде. Суыртпақтап сыр тартып көрсем, әлі де үш-төрт кітапқа жүк боларлық «шикізаты» бар сияқты, бірақ оны ашып-жарып айтпайды. Жай ғана «Алла мұрсат берсе…» дей салады…

Иә, ұлы Жаратушымыз ғұмырыңызды ұзағынан бергей, қос қанатты қазанат аға, болмысы бөлек азамат аға!

Жұмағазы ИГІСІН,  журналист

Осы айдарда

Back to top button