технология

Адамның аяғына амортизатор орнатты

Ынтымақ Толқын

Калифорнияның Moximed компаниясы (АҚШ) егде жастағы адамдар жиі зардап шегетін тізе ауыруының тиімді емін тапты. Үш жылдық тәжірибеден өткен жобаның жемісін әзірге 81 адам көрді.

Жасы келіп, қартайған сайын адам баласының бойынан түрлі кінараттардың табылатыны белгілі. Самайына егде тартқан жандарда әсіресе тізе-буын аурулары жиі кездеседі. Жастықтың буымен білінбей жүретін осындай сырқаттар қазіргі таңда операция немесе түрлі дәрі-дәрмектің көмегімен емделіп жүр. Алайда оның нәтижесі көп жағдайда науқастардың көңілін көншіте бермейді.

Остеоартритпен байланысқан тізе ауруларынан зардап шеккендерге жаңа технология көмекке келді. АҚШ-тың Moximed компаниясы алғашқылардың бірі болып адам тізесіне амортизатор орнатты. Misha деп аталған құрылғы үш жыл бойы сынақтан өтіп, оң нәтиже көрсеткен. Адам тізесіне арналған амортизаторды жасаудағы негізгі мақсат – аяққа жасалатын күрделі операциялар мен дәрі-дәрмекке деген тәуелділікті жою.

Жаңадан сыналған Misha Knee жүйесінің жұмыс істеуі де, адамның денесіне орнатылуы да қарапайым. Бұл құрылғы тізе буынына жақын ортан жілік пен асықты жіліктің ішкі жағынан бекітіледі және оның полимерлі цилиндрде икемді қозғалатын болат поршені болады. Поршень қозғалыс кезінде цилиндрді қысып, әрекет ету арқылы кеңейеді. Соның арқасында тізеге түсетін күшті азайтады.

Компания өкілдерінің айтуынша, имплант тізеге түсетін күшті 30 пайызға дейін төмендеткен. Сынаққа қатысқандардың 90 пайыздан астамы тізедегі ауырсынудың азайғанын және функционалдық көрсеткіштердің жақсарғанын байқаған. Ал сарапшылар құрылғының тиімділігіне жоғары баға беріп отыр. Бұл құрылғыны орнату тізе буынын түзету үшін сүйек тінін кесу арқылы жасалатын хирургиялық операцияға қарағанда әлдеқайда тиімді көрінеді.

Қазіргі уақытта Misha имплантының жемісін әлемде 81 адам көріп жүр. Үш жылдық сынақтан сәтті өткенімен Misha әлі жаппай өндіріске шыға қоймаған.

Айта кетелік, Moximed компаниясы буындарға арналған амортизацияларды әзірлеуде көшбасшылар қатарында. Қазірдің өзінде кәсіпорын әлемдік инвесторлардың назарын өзіне аударып үлгерген. Misha атауын алған амортизатор жаппай сатылымға шықса, балтыры сыздап, тізесі сырқыраған жандардың дертіне дауа болары даусыз.

Back to top button