Адамды робот алмастырған заман

Өскемендегі №47 орта мектепте балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында «Skills for geeks» атты облыстық чемпионат өтті. Оған қатысушылар 3D үлгілеу, жобалау және мультимедиялық журналистика бойынша бақ сынасты.
Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамығаны соншалық, адамның жұмыс күшін роботтар алмастырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұялы телефон мен компьютердің мүмкіндігі мұншалықты ауқымды болатынын тіпті елестете алмайтын едік.
Ал бүгін оның бәрі ақиқатқа айналды. Сайысты ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионатты өткізудегі басты мақсат – білім саласындағы инновациялық технологияларды ұсыну және талқылау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану кезінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушыларды ғылыми-техникалық және шығармашылыққа баулуда тәжірибемен алмасу.
Чемпионаттың ашылуында қатысушыларды өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығының директоры Сергей Коваленко құттықтап, сөз сөйледі. Ол Шығыс Қазақстанда креативті ойлайтын мамандардың көптігін алға тартып, бұл бағытта өңірде ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Кіл жүйріктер сынға түскен аталмыш чемпионатта оқушылар «10+» және «14+» жас ерекшеліктері бойынша бақ сынады.
Жас ерекшелігі «10+» командалар арасында Семейдегі №5 мектеп-гимназиясының оқушылары үздік деп танылып, бірінші орынға ие болса, «14+» командалардың арасында бірінші орын Ұлан ауданының Р.Мәрсеков атындағы мектептің ұландарына бұйырды.
Облыстық чемпионаттың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ноутбук, планшет, ұялы телефон сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.
Ажар Мұратқызы