Адамның құқығы мен бостандығы Заңмен қорғалуға тиіс. Ата Заңның алғашқы бабында осылай деп жазылған. Алайда, азаматтар көп жағдайда Конституцияда көрсетілген құқықтарын жөнді білмей, салдарынан зардап шегіп жатады.
Мамандар болса, елдегі кез-келген азамат халықаралық ұйымдар арқылы құқығы мен бостандығын қорғай алатынан айтуда. Міне, дәл осы бағыттағы жұмысты ширату мақсатында Шығысқа Адам құқықтары жөніндегі комиссия өкілдері келіп, «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің мұрындық болуымен өткен семинар-тренинг жұмысына қатысқан Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев қазіргі уақытта азаматтар өздерінің заңды құқықтарын біле бермейтінін, бүгінгі іс-шара сондай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
– Семинардың негізгі мақсаты – жергілікті тұрғындарға құқықтары мен бостандықтары туралы ақпарат беру. Басқосуда тұрмыстық зорлық-зомбылық, мүгедектігі бар адамдардың, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, еңбек даулары, адам саудасы, мәжбүрлі еңбек сияқты мәселелер жөнінде сөз қозғалатын болады. Ең бастысы, біз адам құқықтары бұзылған жағдайда не істеу керектігін түсіндіруге тырысамыз, – дейді Тастемір Әбішев.
Оның айтуынша, кез келген азамат Біріккен ұлттар ұйымының біздің ел мойындаған алты келісімшарт органына жүгіну арқылы шешімдерге шағымдана алады. Олардың қатарында Адам құқықтары жөніндегі комитет, Азаптауға қарсы комитет, Мүгедектердің құқықтарын қорғау комитеті, Бала құқықтары жөніндегі комитет, Әйелдер құқықтары жөніндегі комитет және Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитет бар. Азаматтар Конституциямен, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасымен және республиканың адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерімен кепілдендірілген өз құқықтары мен бостандықтарын білуге тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың шешімдеріне қазақстандықтар ғана емес, қандастар, еңбек мигранттары, азаматтығы жоқ адамдар да шағымдана алады екен.
Айта кетейік, бұл жолғы семинар-тренингке қатысушылар арасында мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және өзге де сала мамандары болды.
Сарапшылар оларға заңнама саласындағы жаңалықтарды түсіндіріп, іс жүзінде түрлі саладағы құқықбұзушылықтың нақты жағдайларын талдады.
Жалпы, Шығыс Қазақстанға арнайы ат терлетіп келген қонақтар бір семинар өткізумен шетелмек емес. Комиссия мүшелері, сонымен қатар Глубокое және Ұлан аудандарына барып, жергілікті халыққа арналған дәл осындай семинар-тренингтер өткізбек.