Адам капиталын дамытудың айшықты жолдары
«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам». Тақырыбына арқау болған осы үш тағандай тұғырлы сөздің мазмұн-мақсаты Президент Жолдауында тарқытылып айтылған.
Қаңтар оқиғасына дейінгі және одан кейінгі қоғамдағы ахуал екі түрлі, мүлдем басқа бағытқа өзгерді деп айтуға болар. Президенттің теңгерімді, нақты, елеп-екшелген шешімдерінің нәтижесінде елімізде айтарлықтай саяси жаңғыру жүргізіліп жатқанын баршамыз көріп, сезіп отырмыз. «Алдымен экономика, саясат содан кейін» ұстанымының өміршеңдігі тоқтады. Кезінде сондай бір қажеттіліктен болды, әрине. Дегенмен, қазіргі талапқа жауап бере алмайтыны айтпасақ та түсінікті. Қоғам өзгеріп кетті. Керісінше, жүйелі саяси өзгерістерді қажет етті және сол үдерістер біртіндеп жүргізіле бастады. Солардың қатарында жалпыұлттық референдум арқылы өткізілген Конституциялық реформаны айтуға болады. Расымен, бұл жаңа тұрпатты, әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болды. Саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиістігін де Президент қадап айтты.
Жолауда «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынастар түбегейлі өзгеріп, әділдікке негізделген бағытта дамытылатыны баса айтылды. Жасыратыны жоқ, бұрын ірі бизнестегі тұлғалардың мемлекет ісіне, мемлекеттегі лауазым иелерінің бизнеске заң шеңберінен шыға отырып араласуы болып та жатты. Қоғамда әлеуметтік мәртебе тұрғысынан алшақтық арта түсті. Бұл үдеріс наразы көзқарастарды үдетті. Әділеттілік дегенде жіптің бір ұшы осыған апаратыны белгілі. Міне, Мемлекет басшысының әділетті Қазақстан құру туралы идеясының түп негізі осында жатқандай.
Әлемдегі тұрақсыз кейіпке енген геосаяси жағдай өмір салтымызға түзетулер енгізді. Президент жолдауында айтылғандай, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру кезек күттірмес мәселеге айналды. «Экономиканы одан әрімонополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономиканың тұрақты өсімі мемлекеттік бюджеттің әлеуетіне де тығыз байланысты. Салық саясатының тиімділігін арттыру мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетіндігі – құптарлық бастама. «Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет» делінді Жолдауда. Расымен, кейбір қиыншылықтарына қарамастан, ауылдардың төртінші деңгейдегі бюджетке көшуі алға ілгерілеудің тетігі екенін түсінуіміз қажет. Яғни жергілікті жерге тән мәселелерді шешу үшін тек ауданға қарап күтіп отырмай, ауыл әкімі жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса отырып, дербес шешімдер қабылдап үйренеді. Ауылда қандай мәселе өзекті екенін сол ауылда тұрып жатқан халықтан артық ешкім білмес. Қаржы да сол сұранып тұрған бағыттарға жұмсалуы тиіс.
Президенттің әр Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау шаралары назардан тыс қалған емес. Соның ішінде жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді ерекше назарға алып отыр. «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Президент өз Жолдауында. Шынында да, бәрін мемлекет береді, мемлекет шешеді деген көзқарастан арылуымыз керек секілді. Шағын кәсіпкерлікпен айналысушылар көбейе түссе, экономикаға тірек болары даусыз. Жұмыссыздықты шешуге де біршама септігін тигізеді. Президент айтып отырған жеңілдетілген пайызбен берілетін несиелер көптеген жастардың ой-мақсаттарын іске асыруына алғашқы баспалдақ болады деген сенімдеміз.
Президент Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға кері әсерін тигізіп тұрған су тапшылығы жөнінде өте орынды мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда, біздің ауданымыздағы «Қандысу» су қоймасының мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары екеуіміз елордаға бірнеше рет бардық та. Бұл мәселеге байланысты көктемде Парламент Мәжілісі депутаттары Еділ Жаңбыршин, Ерлан Сайыров арнайы келді, шешу жолдарын қарастырды, тиісті орындарға жеткізді. Депутаттармен бірге ауданымызда «Қазсушар» РМК-нің су пайдалану бөлімінің басшысы Ербол Салықбаев та болды, жағдайды көзімен көрді. «Қандысу» су қоймасы стратегиялық маңызға ие нысан деп есептейміз. Су қоймасы арқылы Тарбағатай ауданының бірнеше ауылдық округтері егіс алқаптарын суарып отыр. Дегенмен, апат алдындағы жағдайда тұрғандықтан, тиісті деңгейдегі су қоры жинақталмай, диқандар шабындық, егіндіктеріне жеткілікті су жеткізе алмай, мәселе туындап тұрғаны да баршаға белгілі. Бұл әсіресе науқан кезеңінде қатты сезіледі. Су тапшылығы болса, суармалы жерлерді түпкілікті игеру қиындай береді. Оның арғы жағында жемшөп базасын нығайту мәселесі тұр. Бәрі бір-бірімен байланысты болған соң әсер етпей қоймайды.
Мемлекет басшысының «Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деуі Тарбағатай ауданы секілді мал шаруашылығымен айналысып отырған көптеген аудандар мен ауылдардың ортақ проблемасының тамырын тап басып тануы дер едік.
Жолдаудың тағы бір назар аудартқан тұсы – медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігі. Бұл бағытта ауданымызда біршама жұмыстар қолға алынды. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Маңырақ ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізілді. Тарбағатай ауданының аудандық ауруханасының перзентхана бөлімшесін 2-ші деңгейге көтеру үшін материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары атқарылды. «Тарбағатай ауданын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді дамыту жоспары» аясында Тұғыл, Тәуке, Құйған ауылдарының дәрігерлік амбулаториясына жөндеу жүргізу, Ақжардан оттегі стансасын, компьютерлік томография орнату жоспарда бар.
Қорыта келгенде, Президент Жолдауында еліміздің келешегі үшін ең өзекті деген мәселелер барынша қамтылды. Мемлекеттің толыққанды дамуы үшін жасалатын қадамдар нақты айтылды. Түйінді мәселелерді шешу жолдары да айқын көрініс тапты. Жолдауда адам капиталының дамуын жаңа деңгейге көтеретін жүйелі бағыттар айқындалып тұр. Енді нақты істің кезеңі келді. Ойға алған мақсаттардың нәтижелі орындалуына баршамыз мүдделіміз және осы жолда әрқайсымыз өз саламызда аянбай еңбек етуіміз қажет.
Асқар Боғырбаев, Тарбағатай аудандық мәслихатының хатшысы