Қоғам

Адам капиталы форумға арқау болды

Адам капиталы форумға арқау болды


Кеше Ресейдің Челябі қаласындаҚазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары ректорларыныңфорумы өтті. Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінің қабырғасында шымылдығын түрген айтулы шара екі елдің XIV өңіраралық ынтымақтастықфорумы аясында ұйымдастырылып отыр.

«Заманауи білім беру саласындағы адам капиталы, бəсекеге қабілеттілікті арттыру»тақырыбын арқау еткен алқалы жиынға қос мемлекеттің Білім және ғылым министрлері, ғалымдар, оқытушылар мен басқа да жауапты тұлғалар қатысты. Форум жұмысын Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетінің ректоры, Ресей ЖОО ректорлары одағының президенті Виктор Садовничий ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Ресей бұрынғы бірыңғай білім беру кеңістігін сақтай алғанын атап көрсетті. Мұндай форумдар 2000 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бастап жалпы саны 50-ден астам форум ұйымдастырылған. Қазіргі кезде ММУ АҚШ-тағы Силикон алқабы сияқты алқап жасауды жоспарлап отыр екен, қазір ол үшін Мəскеу маңынан 100 гектар жер телімі бөлінген. Виктор Садовничий Қазақстанда да осындай алқаптар жасауға болатынын айтты. Ол сондай-ақ болашақта университеттердің қандай болатынына тоқталды. Оның айтуынша, келешекте қашықтықтан білім беретін виртуалды университеттер құрылмақ, оларда білім ағылшын тілінде берілетін болады.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов баяндамасында форумның тақырыбы өте өзекті екенін атап айтты.

– Өткен жылдар тәжірибесі көрсеткендей бұл форум нақты міндеттерді айқындап, мәселелерді шешуге арналған тұрақты сұхбат алаңына айналды. Екі ел Президенттерінің қатысуымен өткізілетін өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында тұңғыш рет білім және адам капиталы тақырыбы таңдап алынды. Өйткені бұл ресурс бізге өткенді саралап, қазіргі күннің міндеттерін орындап, болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді, – деді Ерлан Сыдықов.

Адам капиталы форумға арқау болды

Сонымен қатар Орал федералды университетінің ректоры Виктор Кокшаров екі ел жас ғалымдарының форумын өткізіп тұру туралы ұсыныс айтты. Аталмыш университетте бүгінде бір мың қазақстандық студент білім алуда.

Айта кетейік, бүгін, яғни тоғызыншы қарашада Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы басталады.Оған екі елдің Мемлекет басшылары қатысады.Форумның жұмысын еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері насихаттайтын болады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button