Қоғам

«Адам болмайды» деген жан өнерімен таңғалдырып жүр

«Адам болмайды» деген жан өнерімен таңғалдырып жүр

Зайсан қаласындағы ерлі-зайыпты, мүмкіндігі шектеулі жандар Нәзигүл Шәрибаева мен Серік Өтеповты осы өңірдің жұртшылығы жақсы таниды. Нәзигүлдің аяқ-қолы туғаннан қысқа болып, бұратылып жатса да, сырмақ басып, шілтер, тоқыма тоқып, сурет салып, көпшілікке тамаша туындыларымен танымал болып келеді. Ал сәтсіз жасалған отадан тоғыз жасында мойны қисайып, мүгедек болып қалған Серік – фотограф, есепші, етікші әрі массажшы. Бірі батыста, бірі шығыста тұрып жатқан Нәзигүл апай мен Серік ағаның табысып, отау құруының өзі бір фильм түсіруге тұрарлық хикаят. Өмірдің дауылына, жауынына да қарсы тұрып, күресіп келе жатқан олардың бастарына осыдан екі жыл бұрын бойжетіп отырған жалғыз қыздары, қызғалдақтары – Серікгүлдің кенеттен көз жұмуы да қайғының қара бұлтын үйіріп алып келді. Тағдыр тоғыстырған жандар бұл сынаққа да болаттай берік болуға тырысып келеді.

«Сәлеметсіз бе, замандас» хабарына хат

Зайсанға барған сапарымызда іздеп жүріп, осы бір ерекше жандармен жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. Байыптап қарамаған кісіге ананы-мынаны істеп зыр жүгіріп жүрген Нәзигүл апайдың кемтарлығы мүлде білінбейді екен. «Төрлетіңіздер!» деп есікті айқара ашып күлімсірей қарсы алған ол кісінің аяқ-қолының мүлде айрықша екендігін қолынан шыққан бұйымдарын ыждаһатпен көрсетіп жатқан кезде барып қана бірақ білдім.

… Нәзигүл шыр етіп дүниеге келген кезде аяқ-қолы шеміршек құсап бұратылып, екі көзі екі жаққа қарап туыпты. Кемтар болып туған қызын әкесі баланың нағашы апасының алдына алып келіп: «Дәрігерлер баланы адам болмайды деп жатыр, не істейміз апа-ау» деген екен қос жанары мөлтілдеп жасқа толып.

«Адам болмайды» деген жан өнерімен таңғалдырып жүр

-Ал менің анамның шешесі, нағашы апам қайнап тұрған қара суды қолымен айналдыратын бақсы болыпты. Сонда ол кісі отырып: «Күшік болса да алып келіңдер, қаппаса болды» дейді белін бекем буып. Содан әкем мені тастай қылып орап ап апамның алдына алып келген екен. Өзі сылап-сипап, ем-дом жасайды, анама емізуге ғана беріп отырыпты. Сол апамның емінің арқасында мен үшке толғанда апыл-тапыл басып, жүре бастаппын. Тоғыз жасымда сау балалармен бірге бірінші сыныпқа бардым. Үйге келген мектеп директоры әке-шешеммен ақылдаса келе, мені мектепке алатын боп шешті, мен мектепке барып оқитын болдым. Өзімді алғаш мектепке апайым Айгүл жетектеп апарды, қазір Қарабұлақ ауылында тұрады, көпбалалы ана, алтын алқа иегері,-дейді Көгедайда өмірге келген Нәзигүл апай бір үміт, бір күдік арпалысқан сол бір шақты еске алып.

Бала Нәзигүлге сурет салуды ұстаздарының бірі Құмар апай үйретіпті. Ол бесінші сыныптан бастап қарындашпен сурет сала бастайды. Қатарынан қалмай 8-ші сыныпты бітірген оның қалаға барып колледж оқысам деген ойына ата-анасы келісімдерін бермей, мүмкіндігі шектеулі балаларының көз алдарында, жандарында болғанын қалайды. Осылайша ол сурет салып, тігін тігіп, ауылдағы ата-анасының қасында болады, 10-сыныпты кешкі мектептен оқып бітіреді.

Көгедай ауылында тұрып, әке-шешесімен бірге қоңыр тірлік кешіп жатқан Нәзигүл бір күні кешкілік радиодан «Сәлеметсіз бе, замандас» хабарын жүргізіп жатқан Сауық Жақанованың нәзік те, сырлы дауысын тыңдай отырып, өмірлік сыңарын іздеп хабарға хат жазған Серік есімді жас жігіттің мекен-жайын есіне сақтап қалады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың хаттарын оқып, таныстырып, табыстырып жататын бұл хабарға Серік Өтепов Қызылорда облысының Арал қаласынан хат жазған екен.

Сүйіктісін Аралдан іздеп келген Серік

– Бұл 1992 жыл болатын, -дейді әңгімеге араласқан Серік ағаның өзі. – Өз теңімді табайын деп, радиоға жарымжан екенімді айтып, ішіне фотомды салып хат жаздым. Көп ұзамай күн сайын хаттар келе бастады. Әй, бір 500-ге тарта хат келген шығар. Ол хаттың бәрін кейін Нәзигүл апайыңа менімен ауылға еріп келгенде көрсеттім. Танысу хаттары да, ақ тілектерін жеткізген хаттар да бар ішінде. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы, Көгедай ауылынан Нәзигүл деген қыздан келген хат өзіме қатты әсер етті. Ол да суретін салып жіберіпті. Содан бір жылдай уақыт өткен соң Нәзигүлді 17 сәуірде болатын туған күніме шақырдым. Нәзигүл келе алмайтынын айтып жауап жазыпты. Ендеше мен барайын деп жолға жиналдым. Қарындасым мен кетер күні Нәзигүлдің мекенжайына келетінімді айтып телеграмма салды. Дос-жарандарым жиналып, жолға салып жіберді. Ұшақпен Қызылордадан Алматыға, одан Зайсанға ұшып келдім, ол кезде екі ортада ұшақ бар болатын. Зайсанның әуежайынан түссем, мені күтіп тұрған ешкім жоқ. Біреулер тұр екен, мені күтіп жүрген жоқ па екен деп жандарына барсам, шығарып сап кеп тұрған басқа адамдар болып шықты. Көгедайға жүретін автобус та кетіп қалыпты. Сұрастыра келе, Сарытерек дейтін ауылға баратын автобусқа отырып, жолдан, Көгедайдың тұсынан түсіп қалдым. Содан жаяу жүріп отырып автобус шопыры «Әне Көгедай!» деп көрсетіп кеткен ауылға қарай қамыс-қоғаның арасымен тікелей тарттым. Ауылға кіріп, елден сұрастыра жүріп Нәзигүлдің үйін тауып алдым. Тауып алғаныма қуанып кетсем де, ауланың есігін ашуға, кіруге бірден батпадым, қатты қобалжыдым. «Не деп айтам?!» деп біраз тұрып, ақыры тәуекел деп ішке кірдім. Бір жарты сағаттан соң менің келгенімді бүкіл ауыл естіп, туған-туыстары, ағайыны жиналып, мәре-сәре басталды да кетті Көгедайда.
Алдынан ешкімнің күтіп алмауының себебін Серік ертеңінде ғана, Көгедайға өзінен кейін жеткен телеграмманы көргенде барып қана біледі.

«Өзі кеткеннен кейін гүлі де солып қалды»

Нәзигүл сонау Аралдан өзін іздеп келген Серіктің бірге шаңырақ көтерейік деген ұсынысын қабыл алады. Бір аптадай Көгедайда болған соң Нәзигүл екеуі қол ұстасып Аралға аттаныпты. Серік қалыңдығымен келгенде ауылындағы туған-туыстың бәрі абдырап, қайран қалған көрінеді. Себебі, ол Зайсанға баратынын қарындасы мен жолдастарынан басқа ешкімге тіс жарып айтпайды. Туыстары мен кластастары қаржы қосып, келіннің беташарын өткізіп, Аралда екі жас үйлену тойларын жасайды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты біраз уақыттан соң Нәзигүл жарына өз ауылына, Көгедайға қарай көшсек деген тілегін айтып, олар Көгедайға оралады.

Көгедайға көшіп келгеннен бастап екеуі де елден қалмай еңбек етіп, мал ұстап, бау-бақша салып, берекелі тұрмыстарын бастап кетті. Бір жылдан соң жарық дүниеге жалғыз қыздары болған Серікгүл келді. Бастапқыда дәрігерлер Нәзигүлге «Өзің жарымжансың, бала қалай болып туады, баға аласың ба?» деген қауіп-қатерлерді айтып, сақтандырып, бала көтеруге қарсы болады.

Аман-есен өмір есігін ашқан Серікгүлді әкесі Серік қасынан бір елі тастамай ертіп жүреді. Бау-бақшаны бірге күтісіп, малды бірге қарасып, балалары кішкентай кезінен өздеріне серік болып өседі. Есейе келе сиыр сауып, картоп түптеп, шаруаның жартысын өзі бітіріп тастайтын болыпты. Зайсандағы саз мектебінде оқыған ол ән айтып, би билеп, өжет болып өседі. Мектеп бітірген соң Алматыға барып, медициналық колледжге түседі.

Бірде ауылға келгенде өзі кеткен соң, қолдары қысқарып, отын-суын өздері дайындап, күл шығарып шамаларына қарамастан тырмысып тіршілік кешіп жатқан әке-шешесінің ауыр тұрмысын көріп, жаны ашып, сол кездегі аудан әкімі Серік Зайнолдиннің алдына барып, ата-анасына қолайлы пәтер бөлуді сұрап, өтінішін беріп кетеді. Аудан әкімі сөзінде тұрып мелекеттік бағдарлама бойынша Нәзигүл мен Серікке аудан орталығынан пәтер беріп, ішіне ерулікке тоңазытқыш та берген екен.

Сөйткен жанашыр Серікгүлдері, аяулы қыздары Алматыда жүргенде аяқ астынан ақ қан ауыруына ұшырайды. Тұрмысқа шығып, үйлену тойын жасаған жалғыздары көп ұзамай ауыр дерттен көз жұмады. Жандарында жүріп өздеріне қуат берген, күш берген, сән берген, өмірлеріне мән берген Серікгүл туған жері Көгедайда кішкентай төмпешік қана болып жатыр енді.

– Бірде ауырып жатқанын, осындай дертке шалдыққанын өзінен естіп телефонмен сөйлесе алмай, қатты жыладым. Ол сосын телефонды қоя салды. Жарты сағаттан соң қайтадан телефон соғып «жылауық мама, жылап болдың ба?» деп күліп, мені күлдіріп, көңілімді аулап жатыр. Ауырып жатса да бізге демеу беріп сөйлеп, бізге жаны ашып, ештеңені білдіргісі келмеді. Бірақ бәрін біліп тұрдық. Өмірден күліп кетті ғой қызғалдағым. Ауруханада жатқанда гүл өсіріп төсегінің астына тығып қояды екен. Өмірден өтерінің алдында сол гүлді маған беріп, «мама мына гүлді үйге апарып өсіріңізші» деген еді. Өзі кеткеннен кейін гүлі де солып қалды. Сол кезден бастап үйде гүл өсіре бастадым. Бұрын шілтер, тоқыма тоқып, сурет салсам, енді гүл де өсіріп жатырмын. Суреттерім – жүрегімнен, жанымнан шыққан сезімім, гүлдерім- қызымның, қызғалдағымның бейнесі, бөлшегі, рухы. Әкесі Серік те қиналып барып, қайта тұрды,-дейді Нәзигүл апай.

Бүгінде Нәзигүл апай мен Серік аға бір-біріне сүйеу болып, маңдайларына жазылған ғұмырларын жалғастырып жатыр. Қарап отыра алмайтын Серік аға жуықта қалаға барып массаж жасау курсын үйреніп келіпті. Нәзигүл апай болса біраз уақыттан бері аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп жүрген Жансая Мұстабекова басқаратын «Зайсан жастары» мүгедек жастар қоғамында жастарға тоқыма тоқудың қыр-сырын үйретуге кіріскен екен. «Зайсан жастары» ұйымына келгенімізде ғимарат залында тұрған әдемі картиналар мен тамаша тоқыма бұйымдарды көріп, әлгінде ғана шаңырақтарынан жылы шыраймен шығарып салған Нәзигүл апай мен Серік ағамды есіме алдым. Сабырлы жанның темірдей төзімі, көнбіс көңілі, қуанышы, қайғысы, үміті мен күдігі алма-кезек астасқан бұл үнсіз суреттер мен заттар Нәзигүл апайдікі еді.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Суреттер Пресса Жанаргүл файл «Назигул» 3 сурет: Ерлі зайыптылар. Назигул тоқыма, шілтер тоқудың шебері.Ерте үзілген қызғалдағы-қызы- -Серікгүл. Назигул салған суреттер.

Осы айдарда

Back to top button