Қоғам

Адалдық сағаты соқты

 Ел аумағындағы  барлық мектептерде бір мезетте «Адалдық сағаты» жалпыреспубликалық бірыңғай іс-шарасы өтті. Шығыс Қазақстан облысы  бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары, арнайы мониторингтік топтың мүшелері мен «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері өңірдегі барлық білім ордаларында болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында дәріс оқыды.

Облыс орталығындағы  Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде жас ұрпақты әділдік пен адалдыққа, қоғамның жемқорлық сияқты дертіне қарсы тұруға үйретуді мақсат еткен адалдық сағатын департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдиннің өзі  жүргізді.Бұл кездесу оқушылар үшін аса пайдалы болғаны анық. Өйткені Жігер Байділдин осы білім ордасының түлегі. Ауылдағы қарапайым отбасынан шыққан оқушы өз білімінің нәтижесінде Лондонда білім алып, енді еліне қалтқысыз  қызмет етіп жүр. Сол себепті балалар ол кісінің әр сөзін мұқият тыңдап, айтқан ақыл-кеңестерін ойларына түйіп алуға тырысқандары жүздерінен көрініп тұрды.

– Негізгі мақсатымыз- бәсекеге қабілетті, жемқорлыққа төзбейтін саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұлы даланың парасаттылық, адалдық, әділдік пен сенім сияқты төрт құндылығы біздің жұмысымызда негізгі қағидаларымыз болып табылады. Жұмыс қағидаттарын бекіткенде қазақтан шыққан ұлы тұлғалардың   өсиеттері мен дана сөздеріне сүйендік. Парасаттылық дегеніміз не? Абай атамыз ыстық қайрат, нұрлы ақыл мен жылы жүрек, осы үш қасиетті ерекше атап өтті. Ал адалдық дегеніміз сіздер үшін  сабақ оқығанда, емтихан кезінде тек  өз білімдеріңізбен жақсы  нәтижеге жету.Біздің кезімізде ұялы телефон арқылы көшіру деген болмады. Үй тапсырмасын біреуден көшіру ұрлықпен пара-пар. Сабағын өзі оқыған бала өз миымен жұмыс істейді, еңбектенеді, соның нәтижесінде оның ойында бірдеңе қалады, білімін толықтырады.  Ал дайынды көшіріп алған баланың бойында жаман қасиет қалыптасады, – деп түсіндірді Жігер Байділдин.

Мемлекеттік қызметші жастарға баға үшін оқымай, алдыңа  қойған мақсаттарыңа жетем деп талпыну қажеттігін айтып, мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алуға әбден болатынын еске салды.

-Сол грантты алуға әрқайсыңыз да лайықтысыз.  Ол үшін қазірден бастап шет  тілдерін оқу, өзіңді-өзің дамыту, әртүрлі үйірмелерге қатысу маңызды. Әлеуметтік желіде отырып, алтын уақыттарыңызды қор қылмаңыздар, – деген кеңесін берді.

Департамент басшысының бірінші орынбасары елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрестің кешенді шаралары өтіп жатқанынан да хабардар етті. «Шығыс –адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен арнайы мониторингтік топтардың құрылуы –  жемқорлық пен жантықтық сияқты қоғам дертімен бүкіл халық болып күресудің көрінісі. Қазіргі таңда басшылардың кабинеттерінің ғимараттың бірінші қабатына көшірілуі олардың халыққа қолжетімді бола бастағанын білдіреді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «еститін мемлекет» қалыптастыру қағидаты да осы жемқорлықтан ада болудың, халық пен билік арасында сенімді қарым-қатынас орнатудың  бір жолы.

Мектеп директоры Есім Акитбаев оқушыларға ізденудің, талмай оқудың нәтижесінде Жігер ағалары сияқты үлкен белеске шыға алатындарын мысалға келтірді.

  • Сол себептібойымызға ананың сүтімен, әкенің өсиетімен даритын құндылықтарымызды жоғалтпай, керісінше, соны ары қарай дамытып, өздеріңді – өздерің дұрыс тәрбиелей біліңдер. Жемқорлыққа төзбейтін, адал азамат болып шығыңдар, – деді мектеп директоры.

Сабақ барысында оқушылар Жігер Байділдинге өздерін қызықтырған сауалдарын ағылшынша жолдап, тұшымды  жауап алды.

Облыс орталығындағы №11 орта мектептеШығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті парасаттылық және превенция басқармасының басшысы Ренат Нәбиевтің қатысуымен дәл осындай «Адалдық сағаты» өтті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button