Қоғам

Адал ұстаз бен шалағай шәкірттер бейнесін шынайы көрсеткен туынды

Адал ұстаз бен шалағай шәкірттер бейнесін шынайы көрсеткен туынды


Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры өзінің жаңа маусымын Людмила Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» пьесасымен ашты. Құрылғанына небәрі бір жыл болған театрдың өнерпаздары қойған қойылымның премьерасына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Қойылым басталмас бұрын, облыс әкімінің орынбасары сахнаға көтеріліп, сөз сөйлеп, Жастар театрының ұжымын бір жылдық мерейтойымен құттықтады. Иә, осыдан тура бір жыл бұрын облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен Жастар театры құрылып, Шығыстағы театр өнерінің жұлдызын жарқырату үшін Астана мен Алматыдан өнер институтын бітірген біраз дарынды жастар келген болатын. Аяғын енді ғана апыл-тапыл басқан жас театр кәсіби актерлердің шеберлігінің арқасында осынау бір жылдың ішінде біраз жетістіктерге жетіп те үлгерді. Тіпті шетелдегі өнер фестивальдарына да қатысып жүр.

– Барлық мәдениеттің бастауы – театр. Жастар театры өнердегі брендке айналуы тиіс. Біз ол үшін барлық жағдайды жасаймыз. Ал қолдау бар жерде, мүмкіндік те мол, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Облыс әкімінің орынбасарының айтқан бұл сөздері құр сөз емес, әрине. Осы таяуда ғана Жастар театрының жиырма шақты актері жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойларын тойлап жатқан көрінеді. Билік тарапынан мұндай қамқорлық бар жерде, өңірдің театр өнері де алға басатыны сөзсіз.

Сөйтіп, Жастар театрының жаңа маусымы Людмила Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» пьесасымен ашылды. Өткен ғасырдың сонау 80-ші жылдары жазылғанымен, кеңестік цензураның қатаң сүзгісінен өтпей қалған драматургиялық шығарма көп уақыт тартпада шаң басып жатып қалған көрінеді. Тек қылышынан қан тамған Кеңес Одағы тараған соң ғана сахналана бастаған. Десе де, бұл пьесаны еліміздің театрларының ішінде бірінші болып облыстық Жастар театрының сахналап отырғанын ерекше айта кеткеніміз орынды. Бір жағынан, психологиялық иірімдері мол шығарманы аталған театрдың режиссері Айдын Салбанның жүрексінбей қолға алғанына риза болдық. Жазылғанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де, пьесадағы көтерілген мәселе өзектілігін жоймаған. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі ¬қай қоғамда да өте маңызды.

Қойылымның қоюшы-суретшісі – Расул Қасымов. Туындыны тамашалау барысында суретшінің ізденістерін аңғарғандай болдық.

10 «б» сынып оқушылары ұстаздары Елена Сергеевнаны туған күнімен құттықтауға үйіне келеді. Қолдарында математика мұғаліміне әдейілеп алған сыйлықтары да бар. Залдағы көрермендердің «енді бір әдемі отырыс болар» деп ойлауы да әбден мүмкін. Бірақ, оқиға мүлдем басқа арнаға бұрылады. Ұстаздарын құттықтауға келген оқушылардың өз есептері бар. Олардың мақсаты – жалғызбасты, анасы ауруханада жатқан қамкөңіл Елена Сергеевнаның көңілін аулау емес, одан жазылған бақылау жұмыстары сақталған сейфтің кілтін алу, өздерінің нашар жазылған жұмыстарын ауыстырып қою ғана. Ал биік адамгершілік рухта тәрбиеленіп, нағыз еңбектің не екенін жақсы білетін адамның шәкірттерінің мұндай ұсынысына келісе қоюы мүмкін бе? Оқиға осы жерден мүлдем шиеленісе түседі.

«Құдай-ау, артымыздан қандай ұрпақ өсіп келе жатыр?» деген сауал жалғыз Елена Сергеевнаны ғана емес, залдағы көрерменді де мазалап, ой тұңғиығына итермелейді. Бесіктен белдері шықпай жатып адамдық келбеттерін жоғалтып алған шәкірттерінің шектен шыққан қылықтары ұстаз жүрегіне қаяу салады. Шынында да, жастардың жарқын болашағы жақсы бағаға ғана байланып тұр ма? Бес деген баға үшін арадағы сыйластықты, тәтті татулықты белден басуға бола ма?

Спектакльді сахналау барысында автордың айтайын деген негізгі ойын көрерменге жеткізу үшін режиссер бірқатар тың ізденістерге де барған. От пен су, жер мен ауа… Сахнадағы адам тіршілігіне қажетті осынау төрт элементтің өзі бізге біраз нәрсені айтып тұрғандай. Құдай-ау, сонда бізге не жетпейді?
– Бұл пьесаны сахналау менің көптен бері ойымда жүрген болатын. Соның реті енді келді. Осы спектакльді сахналау кезінде театр өнеріндегі ұстазым Рүстем Есдәулеттің қазақ сахнасына әкелген біраз жаңалықтарын қолданып, жетілдірдім, – дейді бұл жайында режиссердің өзі.

– Актер үшін ешқандай оңай рөл болмайды. Театр сахнасында мысықтың немесе күшіктің рөлін сомдау үшін де біраз тер төгуге тура келеді. Ал Елена Сергеевнаның образын сомдаудың да өзіндік қиын тұстары болды. Жалғызбасты, өмірде жолы бола қоймаған отыз бес- қырықтардағы әйел бейнесін шынайы беру үшін еңбектенуге тура келді, – дейді Жастар театрының актрисасы Динара Қабышева.

Осылайша, жаңа қойылымның тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартты. Көрермен санасына сәуле құйып, ой салар дүниенің қашан да ғұмырының ұзақ болары сөзсіз.

Адал ұстаз бен шалағай шәкірттер бейнесін шынайы көрсеткен туынды

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button