Адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдеседі

2020 жылы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылып, 2021 жылдан бастап 7 маусым монополияға қарсы орган қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Елімізде бәсекелестікті қорғау мен дамытудың ұзақ мерзімді саясаты әзірленді.
Бұл саясаттың негізі – Мемлекет басшысының бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жарлығының қабылдануы болды, ол елде белсенді бәсекелестік саясаттың енгізілуін биліктің барлық деңгейлері қызметінің басым бағыты деп жариялады. Соның нәтижесінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне енгізілетін бәсекелестікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны дайындау қарқынды қолға алынды.
Монополияға қарсы орган дербес мәртебе алғаннан кейін бәсекелестікті дамытудың негізгі бағыттары, тауар нарықтарына кіру кедергілерін қысқарту, тауарлардың жаңа түрлерінің нарықтарын қалыптастыру, мемлекет қатысатын субъектілердің үлесін қысқарту, биржалық сауданы кеңейту, нарық субъектілерінің мемлекеттік қолдау шаралары мен мемлекеттік сатып алуға тең қол жеткізуі айқындалған. Бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада елдегі бәсекелестік саясатты дамытудың қағидаттары мен тәсілдері айқындалған.
Сегіз тосқауыл алынып тасталды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Наталья Петрованың айтуынша, департамент өз құзыреті шегінде облыс аумағында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің саясатын іске асырады.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында бизнес-қоғамдастықпен, азаматтық қоғаммен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін краудсорсингтік алаңдар құрылды. Бірінші кезекте, бұл белгілі бір нарықтар немесе салалар ашық талқыланатын «Open Space» форматындағы алаң.
2021 жылы “Open Space” форматында медициналық қызметтер, ТКШ (лифттер, домофондар, ҚТҚ, басқарушы компаниялар және т. б.), тұрғын үй, құрылыс материалдары, облыс аумағындағы кірме жолдар қызметтері, құрама жем мен шөпті өндіру және көтерме сату, жанар-жағармай материалдарын бөлшек саудада өткізу нарықтарындағы проблемалар бойынша 18 отырыс өткізілді.
Өңірімізде жұртшылықпен және бизнес-ортамен жұмысты күшейту мақсатында кедергілер жөніндегі өңірлік кеңес құрылды, оның отырысы ай сайын өткізіледі. Тауар нарықтарына қатысушылармен “кедергілер картасы” құрылады. Жүйелік түйткілді мәселелердің бір бөлігі Ұлттық жобада жинақталған.
– Былтыр өңірлік кеңестің 12 отырысы өткізілді. Онда жерге орналастыру қызметтерін көрсету, тұрғын үй құрылысы, көмір сату, газбен жабдықтау (сұйытылған мұнай газы), электрмен жабдықтау нарықтарындағы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кезіндегі, биржа арқылы бензин сатып алу кезіндегі, кәсіпкерлік қызметті дамытуға гранттар алу кезіндегі, COVID-19 бойынша карантиндік шектеулер кезіндегі мемлекеттік қолдау, “Азаматтарға арналған үкімет”, “E-gov” порталы, “Е-лицензиялау” АЖ, “Электрондық үкімет” веб-порталы арқылы қызметтерді алу кезіндегі проблемалар мен тосқауылдар қаралды. Өткен жылы республикалық және жергілікті деңгейде 8 тосқауыл алынып тасталды, – дейді департамент басшысы.
Облысымыз түсті металдарды өндіру мен өңдеудің, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының ірі орталығы болып табылады. Бүгінгі күні облыс аумағында 24307 заңды тұлға, филиал мен өкілдік тіркелген. “Ақпараттық-есептеу орталығы” АҚ-ның облыстық бөлімшесінің деректері бойынша облыс аумағында 407 мемлекеттік заңды тұлға жұмыс істейді, оның ішінде 369 мемлекеттік кәсіпорын, “актив” мәртебесі бар 38 заңды тұлға (АҚ, ЖШС) бар, олардың 21-і облыстың коммуналдық меншігінде болса, 17-сі республикалық меншікте.
– 2021 жылдың өткен кезеңінде мемлекеттің қатысуы бар 9 заңды тұлға қысқартылды. 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес облыстың коммуналдық меншігіндегі 41 мемлекеттік кәсіпорын мен заңды тұлға жекешелендірілуге жатады. Департамент 2021 жылы жаңа мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындар құруға келісім берген жоқ, – деп нақтылады Наталья Семеновна.
Сала басшысының айтуынша, былтыр департамент тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жағдайына 62 талдау жүргізген. Талдаулар қорытындысы 88,5 пайызы нарықтың жоғары шоғырланғанын, 6,5% -ы орташа және 5% -ы ғана төмен шоғырланған екенін көрсетіпті.
Бірқатар тауарлардың бағасы реттелді
Бәсекелестікті дамытудың нәтижесінде тұтынушыларға ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасы артып, құны тұрақталуға тиіс екені түсінікті. Департамент басшысының берген мәліметтеріне сүйенсек, құзырлы орган 2021 жылы нарық субъектілерінің, мемлекеттік органдардың бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуына қатысты 29 хабарлама шығарыпты.
Атап айтқанда, бастапқы тұрғын үй құрылысы нарығында 2021 жылдың бірінші тоқсанында нарық субъектілерінің іс-әрекеттерінде 2020 жылғы шілде-желтоқсан және 2021 жылғы қаңтар аралығында тұрғын үйді өткізу бағаларын белгілеу және қолдаудағы бұзушылыққа қатысты 2 хабарлама шығарылған. Нәтижесінде бастапқы коммерциялық тұрғын үйдің бағасы бір шаршы метрге 350 000 теңгеден 220 000-280 000 теңгеге дейін түсті (қабаттылығына, жайлылығына және т.б. байланысты). Құрылыс материалдарын сату нарығында бетон өндірушілер, цемент өндірушілер, арматура мен швеллер сатушыларға қатысты шығарылған хабарламалардың нәтижесінде құрылыс материалдарының бағасы 3%-дан 25% – ға дейін арзандады.
Сонымен қатар күнбағыс майы, қант, құс еті сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге, құрама жем және кебек өндірушілерге, жанар-жағар майға қатысты, табиғи газға қосылу кезіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары, домофон қызметтері, медициналық маскаларды көтерме саудада өткізуге, тіпті мемлекеттік органдарға қатысты құжаттар толтырылыпты. Наталья Петрова департаменттің барлық хабарламалары орындалғанын, нәтижесінде кебек, құрылыс материалдарының, бастапқы тұрғын үйдің бағалары төмендегенін атап өтті.
– Сонымен қатар департамент нарық субъектілерімен монополияға қарсы келісімдерге отырады. Былтыр облыстың тауар нарықтары субъектілерімен 22 комплаенс бекітілді, оның ішінде сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін түсіру туралы ескертілді, – деп жалғастырды департамент басшысы.
2021 жылы нарықтың 4 субъектісіне қатысты жүргізілген тергеу барысында олардың көлденең бәсекелестікке қарсы келісімдерге (картель) отырғаны анықталып, қазір сот талқылаулары басталған.
Өткен жылдың 12 айында департамент 19 әкімшілік істі қозғап, қарады (11 іс қысқартылған тәртіппен қаралса, 8 іс департаментте қаралды). Нәтижесінде кінәлілер ҚР ӘҚБтК – нің 162-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылып, бюджет 4 млн.теңгеден астам соманың айыппұлымен толтырылды.
– Былтыр Тарбағатай ауданының экономика және қаржы бөліміне қатысты сот талқылауы департаменттің пайдасына шешілді. Мемлекеттік меншік объектісін сенімгерлік басқаруға беру бойынша өткен тендер кезінде оған қатысушылардың санын бөлім жекелеген тұлғалардың мүддесі үшін тендерлік шарттарды әзірлеу және келісу кезеңінде әдейі азайтқан. Сонымен қатар тендерге қатысуға өзара үлестес 2 тұлға жіберілген, ал басқа әлеуетті қатысушылардың өтінімдерін формальды негіздер бойынша қабылдамай тастаған. Қазіргі уақытта департаменттің ұйғарымы орындалды, бөлім Ақсуат ауылындағы муниципалды нарықты кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқару шартын бұзды, – деген мысал келтірді Наталья Петрова.
Монополияға қарсы орган жұмысының негізгі міндеті елімізде адал және адал бәсекелестікті дамытуға белсенді жәрдемдесу болып табылады. Сол себепті департамент басшысы бизнес қауымдастығын, сарапшылар мен қарапайым тұтынушыларды бәсекелестікті дамытуда белсенділік танытып, өз үлестерін қосуға шақырды.