Қоғам

Абырой биігінен көрінген азамат

Абырой биігінен көрінген азамат


Мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжановтың туған жері – Омбы облысы. 18 ғасырдың басында ұлы атасы Әжімбет би бастаған көш Бурабайдан Омбы өңіріне қоныс аударып, сол мекенді бірінші болып игерген. Халқына сыйлы болғандықтан, би бабасы қазақ елінің ұлылары қатарында Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген екен.

Әкесі Сәлім өмір бойы мұғалім болып қызмет атқарып, математика, химия, биология пәндерін оқытыпты. Еңбек кітапшасында «Томар орта мектебінің мұғалімі» деген бір-ақ жазу бар. Ол балаларын адал қызмет істеуге бағыттады. Бау-бақша салып, жермен жұмыс істеуге үйретті. Шешесі Халима ұйымдастыруға шебер, ұқыпты, көпшіл еді. Үлкен Кәрібжановтар әулетіне ұйтқы болды. Екі ұл, алты қыз тәрбиеледі.

Елуінші жылдардың жағдайы белгілі. Соғыстан кейінгі қиындық, тапшылық. Сондықтан Жәнібек жас кезінен оқумен қатар жұмыс істеп, жанұяның үлкені ретінде әке-шешесіне қолғабыс жасады. Озат оқушы атанды. Әсіресе, математика пәнінен үздік болды. Мектепті күміс медальмен бітірді.

Қолмен істеген жұмыс, көрген қиындықтар ауылдың жағдайын жақсарту керек деген ойға жетеледі. Сондықтан оқу бітіргеннен кейін, Омбы ауыл шаруашылық институтына түсті.

Оқуын тәмамдағаннан кейін, ұстазының мұғалім болып қалу туралы ұсынысын қабылдады. Өзің оқыған институтта жұмыс істеу, студенттерге сабақ беру – әр адам үшін мәртебе. Бірақ осындайда білімді жоғарылату керегі сөзсіз. Сондықтан Мәскеу кибернетика институтының аспирантурасына түсті. «Ауыл шаруашылығын механизацияландыру процесін экономикалық математикалық модельдеу» тақырыбында диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды. Сол институтта ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болды.

Мәскеудегі жеті жылдық өмірі тоқырау заманы кезінде өткендіктен, көп саяси-экономикалық өзгерістердің куәгері болды. Шикізаттардың бағасы түскен кезде барлық қиындықтар нақты көріне бастады. Кеңес одағы қайта құру заманына бет бұрды. Осындай өтпелі уақытта елге барып, қызмет етуге бел буды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі оны мамандарға тапшы Торғай облысына жібереді. Ол алдымен Арқалықтан 400 шақырым қашықтықтағы «Заря коммунизма» совхозының бас экономисі болды. Үш жыл шаруашылық экономикасын жан-жақты игергеннен кейін, көршілес совхозға директор болып тағайындалды. 1986 жылдың басында облыстық агроөнеркәсіп басқармасына ауыстырылды.

Жалпы, Жәнібек Кәрібжановтың өмірінде Торғай өңірінің орны ерекше. Бастауыш еңбек мектебін осында бітірді десе артық болмас. Астық өсіруді, асыл тұқымды малды баптауды, ауылдағы реформаларды ұйымдастырып жүргізуді, халықпен тығыз жұмыс істеуді үйренді.

1987 жылы жаңадан құрылған мемлекеттік агроөнеркәсіп комитетінің жоспарлау-экономикалық басқармасына басшылық етуге шақырылды. Сол кездегі саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістер кезінде жаңа құрылымда жұмыс істеу оңайға түскен жоқ.

Осындай қиын-қыстау уақытта сол кездегі Министрлер кабинетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп комитеті бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындады.

1990 жылғы сайлауда Мақаншы округінен депутат болып сайланды. Сол кездегі Семей облысының халқымен, әр деңгейдегі басшылары К. Бозтаев, Н. Сембаев, О. Арғынбаев, Т. Әубәкіровтермен жұмыс істеді. Депутат ретінде қазақ елінің егемендігі декларациясын және тәуелсіздік туралы конституциялық заңды дайындауға қатысып, қабылдауларына дауыс берді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізіп, күрделі саяси-әлеуметтік, экономикалық реформаларға кірісіп кетті. Осынау тарихи кезеңде Көкшетау облысына басшы, кейін Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы болды.

1999 жылы Жәнібек Сәлімұлы Ауыл шаруашылығы министрі, Премьер-министрдің орынбасарлығына тағайындалып, ауылдың реформа кезіндегі бағдарын анықтады. С.Терещенко, Н.Балғымбаев, Д.Ахметов, С.Әбішев, А.Павлов, О.Жандосов, тағы басқалармен жұмыс істеді.

Ұлы көш Алатау баурайынан Сарыарқаның төріне аттанар алдында Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Еліміз бойын енді тіктеп, алға ұмтылып жатқан шақ. Қысқа уақытта Ақмола қаласын астана дәрежесіне сәйкестендіру керек болды. Президенттің тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі ауқымды жұмыстар жүргізді. Атап айтсақ, жылу-электр орталығы жөнделді, Ертіс – Қарағанды каналынан Вячеслав су қоймасына құбыр тартылды, көшелер, тұрғын үйлер, аулалар тәртіпке келтірілді, әуежай уақыт талабына сай қайта құрылды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін де атқарды. Облыс әкімі қызметіне тағайындала салысымен Жәнібек Сәлімұлы Семейдің жылу проблемаларын шешуге кірісті және әр уақытта осы мәселені назарда ұстады. Бизнесті дамыту аймақтары құрылды. Өскемен мен Семейдің айналасында азық-түлік белдеуі қалыптасты. Қала көшелері, ауданаралық жолдар жөнге келтіріле бастады.

Абырой биігінен көрінген азамат

Облыста электр энергиясы тапшы еді. Сондықтан ең бірінші оны үнемдеу тұжырымдамасы құрылды. Ірі өнеркәсіп орындарының шикізат базасы кеңейтілді. Осы мәселелерді облыс әкімі жанынан құрылған экономикалық кеңес қарап, ұсынысын беріп отырды. Сол кездегі облыстағы айтулы оқиға – Президент жанындағы шетел инвесторларының кеңесі өтіп, біраз келісім шарттарға қол қойылды.

Сол уақытта Президентіміздің бастамасымен Семипалатинск қаласы Семей атанды. Өскемен мен Семейде кеңестік дәуірден қалған көше атаулары өзгертілді. Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығы тойланып, Семейде ескерткіші орнатылды.

Көршілес аймақтармен, әсіресе, Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарымен, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Моңғолдың Баян-Өлгей өлкелерімен байланыстар әрі қарай тереңдей түсті.

Жәнібек Кәрібжанов Қазақстанның Қытайдағы елшісі қызметін де абыроймен атқарды. Осы кезде екі ел арасында тату көршілік туралы келісімшартқа қол қойылды. Бес жылда тауар айналым 6 есе өсіп, 8 миллиард долларға жетті. Қытайдағы қандастарымыз да назардан тыс қалған жоқ, ШҰАР-дың басшыларымен, Сұлтан Жанболат бастаған қазақ зиялыларымен кездесіп, жағдайларын біліп тұрды. Профессор Жақып Мырзахан бастаған ғалымдар елшілік тапсырмасы бойынша Қытай мұрағатындағы деректер негізінде «Ежелгі Үйсін елі», «Ұлы Түрік қағанаты» атты зерттеулер жариялады.
Араға 18 жыл салып Жәнібек Сәлімұлы қайтадан депутат болып сайланды. Кейінірек Мәжіліс төрағасының орынбасары болады. 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасының арнайы өкілі ретінде Қырғызстандағы қақтығысты тоқтатуға атсалысты.

Жәнібек Кәрібжанов тәуелсіздік дәуірінде қол астында қызмет істеп, тәлім-тәрбие алып, әр уақытта қолдауына ие болғаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз риза. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімовпен, Мақтай Сағдиевпен, ақын Кәкімбек Салықовпен тығыз байланыста болып, ой-пікір алысып, ақылдарын тыңдағанын мәртебе санайды.

Вставка:
Жәнібек Сәлімұлы сүйген жары Банумен 40 жылға жуйық тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Мәскеуде үй-күйі, жағдайы болғанмен, ауылға баруға шешім алғанда қызу қолдады. Тіпті, қалада туып өссе де, ауыл өміріне тез үйреніп, қолқабыс жасады. Бану – педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Үш бала асырап, өсіріп, немерелі болды. Балаларының үлкені – Нұрбек Қазатомпромда басқарушы директор, Асқар – дполмат, Қазақстанның Австриядағы елшілігінде қызмет істейді, кішісі – Сұлтан ірі компанияда менеджер қызметін атқарады.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button