Қоғам

Қабырғасымен ғана емес, адамдарымен де көрікті

Қабырғасымен ғана емес, адамдарымен де көрікті


6 шілде – Астананың туған күні. Бұл мереке республикалық маңызы бар мерекелер қатарына жатады. Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің №106 қаулысы 1994 жылы 6 шілде күні шыққан. Сондай-ақ, Министрлер кабинеті араға екі жыл салып, 1996 жылдың 6 шілдесі күні елорданы көшіру туралы қаулы қабылдаған.

Сондықтан Астана күні Елбасының туған күнімен тұспа-тұс келуі – әдейі орайластырылған емес, құжаттарға негізделген заңдылық.Астананың төл мерекесін атап өтіп жатқанымызға көп бола қойған жоқ. Астан күнін мереке етіп бекітіп, республикалық маңызы бар мерекелердің қатарына қосқан күн – 2008 жылдың 18 маусымы. Осы күні Парламент Мәжілісінің депутаттары бірауыздан «Мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады. Соған сәйкес, жыл сайын 6 шілде «Астана күні» мерекесі болып бекітілді.

Ал 1998 жылдың 10маусымында Қазақстанның жаңа елордасының халықаралық тұсаукесері өткен болатын. Оған республиканың барлық облыстары мен алыс-жақын шет мемлекеттерден делегациялар келген еді.Осы күн 2006 жылға дейін Астананың туған күні ретінде аталып келген болатын.

Астана қаласын елорда деп жариялау – тарихи шешім. Жас мемлекеттің өз теңгесін, Конституциясын, рәміздерін бекіткені, шекарасын айқындағаны тәрізді маңызды, ел тағдырына ықпал ететін ұйғарым болатын.

Астананы ауыстыру елдің қоғамдық-саяси өміріндегі батыл қадам болды. Содан бері Астана ел мақтанышына, Қазақстанның әлем алдындағы екінші атауына айналды. Бұл қала – әлемдегі ең жас астаналардың бірі. Бұрынғы кеңестік елдердің ешқайсысы да елорда көтерген жоқ. Азғана уақытта қала елдің экономикалық өлшеміне, әлем көз тіккен саяси шешімдердің орталығына айналды. Өткен жылы Астанада «ЭКСПО» көрмесі өтті. Бұған дейін әлемнің ең ірі дін басшылары жиналған діни келісім ордасы, Таяу Шығыс дау-жанжалдарын реттеуші орталық мәртебесіне ие болды. Астана күні мерекесін атап өту келешек ұрпақтың отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін ұштайды.

Астана күніне орай күллі елде мерекелік шаралар өтеді. Әсіресе Астана қаласында жаңа ғимараттар мен түрлі нысандар пайдалануға беріледі, мәдени-тарихи іс-шаралар атқарылады. 2010 жылдан бері Астана күніне орай атақты кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің ұйымдастыруымен «Астана» халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр.

Барша шығысқазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймыз. Президент айтқандай «қабырғасымен ғана емес, адамдарымен де көрікті» Астанасы бар елдің болашағы жарқын болсын!

Нұрғали Андасов,
Облыстық әділетдепартаменті басшысының
міндетін атқарушы

Осы айдарда

Back to top button