Қоғам

Абылайхан «Нұр Отанға» арқа сүйейді

Абылайхан «Нұр Отанға» арқа сүйейді


Өндірісте ауыр жарақат алған Абылайхан Асылбай жанталаса жүріп, еліміздің ең үздік қолөнер шебері атанған. Еңбекқорлығының арқасында «Нұр Отан» партиясының құрамына да кіріп отыр. Ол партияға қабылдану арқылы шыдамдылық адамды алға жетелейтінін, сөйтіп кез келген қиындықты жеңуге болатынын үлгі еткісі келеді.

– «Нұр Отан» партиясы арқылы өзіммен пікірлес адамдармен достассам деймін. Жоба-мақсаттарымды орындағым келеді. Партия билеті мен үшін қымбат, бірінші топтағы мүгедек болсам да, қол қусырып отырмай, еңбектеніп, еліме пайда әкелетінімді дәлелдеймін. Елімнің толыққанды азаматы екенімді айтқым келеді, – дейді Абылайхан Асылбай.

Абылайхан ұзақ жыл құрылысшы болған. Бір күні орманда биіктен құлап, омыртқасы зақымданады. Аяғы қозғалмай, қолы әлсірейді. Алғашында отыра да алмайтын. Оған қарындасы күйеуімен бірге жәрдемдесіп отырды. Қайғысын жеңу үшін ол ағаш қолөнерін игеруді қолға алыпты. Осыдан біраз бұрын өткен «Шығыс сувенирі» өңіраралық V қолөнер байқауында Абылайхан гран-при иегері атанды, одан кейін республикалық «Шебер» байқауына қатысып, халық ықыласына ие болды. Оның еңбегі әр алуан – сымнан тоқылған әскер сауыты, болаттан жасалып, былғары қапқа салынған қылыш, әйел әшекейлері, өрілген қамшы, ат әбзелдері және тағы басқалар. Шебер бұйымдарды жалықпай өңдеуді әдетке айналдырған.
– Әсіресе, сауыт жасау өте күрделі, көп еңбектенуді қажет етеді, – дейді Абылайхан.

Ал әшекейлер жасау үшін ұсақ бедерлермен жұмыс істеу керек. Сол үшін Алматыға барып, оқуын да оқыды. Семейге оралып, үйінің бір бөлмесінен цех ашып, жұмыс істей бастады. Оның көптеген бұйымдары мұражайлардан орын алған. Шетелдіктер де оның өнерін жоғары бағалауда. Осы істі меңгеру турасында шеберлік сабақтарын да өткізді. Өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының грантына ие болды. Бұл грантқа металл мен ағашты, сүйек пен теріні өңдейтін құрал-жабдық сатып алыпты.

Абылайханмен бірге Семейде «Нұр Отан» партиясының құрамына осы жылы үш мың тұрғын бірден кіруге бел буыпты. «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалындағы кеңесші Әлия Букаеваның айтуынша, мұндай көп кісіні бір деммен қабылдау партия тарихында болған емес. Қазір Семейде «Нұр Отан» құрамында 12 мың 61 адам бар. Абылайханға партия билетін «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зүлфия Жамалтдинова шеберханасына келіп тапсырды. Қонақтарға ол кең шеберханада жұмыс істегісі келетінін айтты. Себебі, шеберхана іші шәкірттеріне тар. Айта кету керек, кең шеберхананың құрылысы да аяқталған. Бірақ әрлеу жұмыстарына Абылайханның мүмкіндігі болмай тұр.
– Бұл – шешілетін мәселе, – деді Зүлфия Жамалтдинова –Біз «Жас Отан» қанатын шақырып, асар жасаймыз. Жастар шеберхананы жөндеп, құрал-жабдықтарыңызды жаңа орынға көшіріп береді.

Сондай-ақ, партиялық әріптестері Абылайхан Асылбайдың жұмыстарын ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін шараға жіберуді де қолдап отыр.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button