Қоғам

Абу-Дабиге апаратын жол

Абу-Дабиге апаратын жол


Кеше Өскеменде жұмысшы мамандықтары бойынша жастар арасындағы WorldSkills аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында ұйымдастырылған екі күндік байқауға өңіріміздің әр қала-ауданынан іріктелген 85 студент пен колледж түлектері қатысты.

Жұмысшы мамандықтарын насихаттап, мәртебесін арттыру және кәсіби даярлау стандартын әлемдік деңгейде дамыту мақсатында биыл екінші мәрте өткізіліп отырған маңызды шараның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысты.

– Бүгінде жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруге Үкімет тарапынан ерекше мән беріліп отыр. Өйткені, Елбасымыз айтып өткендей, елді индустрияландыруға байланысты жұмысшы мамандықтарының маңызы арта түседі. Ел экономикасының негізі білікті мамандардан, өз ісінің шеберлерінен құралады. Былтырғы республикалық кезеңде облыстан барған команда төрт жүлдемен оралды. Биылғы қатысушыларға бүгінгі аймақтық байқауда жеңіс тілеймін. Алдағы республикалық, халықаралық байқауларда да өз білім-біліктеріңді көрсетуге тілекшімін,- деді аймақтық чемпионаттың ұйымдастыру комитетінің төрайымы Әсем Нүсүпова. Ұйымдастыру комитетінің құрамына облыстық білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, ішкі саясат басқармаларының және облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді.

Чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тілей келген WorldSkills-2016 байқауының жеңімпазы Айбек Қабатай: – Семей құрылыс колледжінде оқи жүріп, былтыр өткен байқауда бас жүлде алдым. Астанадағы республикалық байқауда да жүлдегер атанып, Швецияда өткен халықаралық байқауда үздік ондыққа ендім. Бұл жоба болашақ мамандардың дамуына зор үлес қосып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Маған Түркияда тегін оқуға грант берілді. Шын мықты қашанда жеңіске жетеді,-дейді.

WorldSkills – өнеркәсіп және қызмет көрсету саласындағы жұмысшы мамандықтардың әлемдік кәсіби стандарттарын жоғары деңгейде әзірлеп, қалыптастыруды, сараптамалық бағалауды қамтамасыз ететін халықаралық қозғалыс. Сондықтан бұл байқауға деген талап та күшті. Биылғы аймақтық чемпионатқа 18-22 жас аралығындағы жұмысшы мамандықтарын меңгерген техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі оқу орындарының студенттері мен түлектері, жүмысшылар мен мамандар қатысты. Қатысушылар «Мехатроника», «Электрмонтаждау жұмыстары», «Желілік және жүйелік әкімшілік», «Дәнекерлеу технологиясы», «Кірпіш қалау», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Мейрамханалық сервис», «Аспаздық ісі», «Шаштараз өнері», «Сандық бағдарламалық басқару станоктарындағы токарьлық жұмыстар», «Инженерлік графика» CAD (автоматтандырылған жобалау жүйесі) мамандықтары бойынша шеберліктерін ортаға салды.

11 мамандық бойынша кәсіби шеберлік байқауы «КЭМОНТ» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Промтехмонтаж» ЖШС, «DedemanOskemenTavros» қонақ үйі, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, Өскемен қызмет көрсету саласы колледжі, Өскемен политехникалық колледж, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ базаларында өтті. Аймақтық чемпионатқа WorldSkills Ресей жобасының басшысы П.Черных (Санкт-Петербург), шаштараз өнерінің шебері Владимир Дубинин (Мәскеу) арнайы шақырылып, өңіріміздегі алдыңғы қатарлы сарапшы мамандар қазылық етті.

Биылғы аймақтық байқаудың демеушісі – «Промтехмонтаж» ЖШС-нің бас дәнекерлеушісі Кирилл Филлиповтың айтуынша, өңіріміздің әр ауданынан дәнекерлеуші мамандығын таңдаған 11 қатысушы дәнекерлеудің үш түрінен шеберліктерін көрсетуде. Сарапшы мамандар дәнекерленген құраманың сапасына басты назар аударды. Аягөз қалалық политехникалық колледжінің 3 курс студенті Мадияр Жарылқасынов бүгінде үлкен сұранысқа ие газбен дәнекерлеуші мамандығын таңдапты. Ақтоғайдағы «Қазақмыс» комбинатында тәжірибеден өтіп, оқуын тәмамдаған соң жұмысқа орналаспақ. Өскемендегі көпсалалы технологиялық колледжінің студенті Бақытбек Семсерхан: – Елімізде, оның ішінде Шығыс өңірінде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді.
Болашақта білімімді жоғары оқу орнында жалғастырып, зәулім үйлер салғым келеді,-дейді. Ал анау тұстағы сынақ алаңында Риддер, Аягөз, Шемонайха колледждерінің болашақ тас қалаушылары бүгінгі берілген тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға тырысып, бірі жарты кірпіштен қабырға жинаса, енді бірі сәндік кірпіштерді қалап жатыр. Бәрінің жеңіске деген, құлшынысы зор. Ал Семейдегі бизнес және сервис колледжінің студенттері мейрамхана үстелін жабдықтау, түрлі коктейльдер дайындаудан сынға түсті.

Екі күнге созылған аймақтық байқау өз мәресіне жетіп, жүлделі 1,2,3-орындарды иеленген 33 жүлдегер чемпионаттың салтанатты жабылу сәтінде арнайы сертификаттармен марапатталды.

Александр Кондратьев («Электрмонтаждау жұмысы»), Еркежан Нұртазинова («Аспаз ісі»), Александр Сагель («Дәнекерлеу технологиясы»), Рустам Абдуғалиев («Шаштараз өнері»), Рахат Махан («Кірпіш қалау»), Әнуар Сарбасов («Мейрамханалық сервис»), Серіктай Бралинов («Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары»), Никита Лобанов («Инженерлік графика»), Петр Рахманов («Сандық бағдарламалық басқару станоктарындағы токарьлық жұмыстар»), Вильгельм Лиманский («Мехатроника»), Евгений Малыга («Желілік және жүйелік әкімшілік») сынды 1-орын жеңімпаздарын құттықтап, марапаттаған облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова сертификаттармен қоса биыл Астанада өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне жолдамалар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Әр салада топ жарған аталған 11 жеңімпаз Елордада өтетін республикалық кезеңде бақтарын сынайды. Ал Астанадағы сынақта кәсіби шеберліктерін дәлелдейтін жүйріктер алдағы уақытта Абу-Даби қаласында өтетін халықаралық чемпионатта ел намысын қорғайтын болады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button