Қоғам

Ақбұлақтың етек-жеңі қусырлып-ақ қалыпты

Ақбұлақтың етек-жеңі қусырлып-ақ қалыпты


Марқа өңірін аралап жүргенде үлкен жолдан қағаберіс қырқалардың арасынан қоныс теуіп, томаға-тұйық күн кешіп жатқан Ақбұлақ ауылына ат шалдырған болатынбыз. Кезінде 400-ден астам үйі болған іргелі ауылдың жадап-жүдеп, етек-жеңінің қусырылып-ақ қалғаны сонадайдан көзге ұрып тұр.

Ауыл жұрты отын-шөбін түсіріп, басқа да қажеттіліктерін қамдап, алдағы қысқа тиянақты даярлық жасап жатыр.

– Кезінде «Горный» атты іргелі совхоздың орталығы болған ауылымызда бүгінде 75 үй бар, – деп пікір бөлісті бізбен Ақбұлақ орта мектебінің директоры Жарқын Дүтпаев. – Ауылдың өзінде 600 тұрғын, ал округ бойынша 1014 адам тірлік кешіп, туған жерде түтін түтетіп отыр. Қазіргі кезде мектепте 40 оқушы білім алуда. Білім сапасы, түрлі пәндік сайыстарға қатысу жайына келсек, аудан орталығындағы мектептерден олқы түсе қоймайтынымыз көпке мәлім.

Бұдан соң Жарқын Тоқтарұлы өз саласындағы көңілді күпті қылып жүрген біраз жайларды ортаға салып өтті. Оны әсіресе толғандыратыны – шеткері ауылға жас мамандардың келмейтіні, келсе де көп тұрақтамайтыны. Мұнда мұғалім жетіспейді.

– Оларды да түсінуге болады, – деп сөзін сабақтады директор. – Қазіргі жастар техниканың жетістігінсіз, қолайлы жағдайсыз жұмыс істеуге келісе қоймайды. Ал интернетсіз олар бүгінгі тірлікті көздеріне елестете де алмайды. Бізде интернет жүйесі жоқ. Осыны естіген жастар бұл өңірге келуден бас тартады. Біздің ауылдың адамдарымен бір жолыққанында аудандық телекоммуникация торабының басшысы Ә.Нұрсадықов «Ақбұлаққа «Теле-2» немесе «Алтел» жүйесін қоюға мүмкіндік бар, кейбір мәселелер оң шешімін тапса, орнатып та қалармыз», – деп қолымызға бір үміт жібін ұстатып кеткен еді. Сол уәдеден дәмеленіп отырғанымыз шындық.

Ауылдың бетке ұстар ақсақалы, 75 жастағы еңбек ардагері Бақытбек Нұралин қария өзінің біраз пікірін ортаға салып, ауыл тұрғындарын алаңдатып жүрген негізгі толғақты мәселелерді құлаққағыс етіп өтті.

– Қарт адам болған соң ауырмай-сырқамай тұрмайсың, – дейді Бақытбек Сағдоллаұлы. – Сондайда жанға шипа болатын дәрі-дәрмектің табылмайтыны қинайды. Бізде дәрі сатылмайды, оны сонау Күршімнен немесе Марқакөлден тасымалдаймыз. Ал жаны қысылған адамның жағдайы ол дәрі жеткенше мүшкіл болып кетуі әбден мүмкін ғой. Содан соң, осындағы мұғалімдердің, мемлекеттен еңбекақы алатын тағы да бірен-саран адамның жалақысын банкоматқа аударып тастапты. Ал олар сол аздаған қаражатты алу үшін аудан орталығына сандалады, ол үшін көлік жалдап, сарсаңға түсетіні және түсінікті. Сөйтіп, барып-қайтқанша әлгі еңбекақының талай бөлігі жолға кетіп қалады. Осы мәселені оң шешіп, ұстаздардың еңбекақысын үйге жеткізіп берудің жолын неге қарастырмасқа?

Тағы бір толғақты мәселе мынау: қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Біздің өңірдің жағдайын жақсы білесіздер, қар кісі бойы жауады, оған үзбей соғатын боранды қосыңыз. Жолды тазалап тұрудың қиынға түсетіні себепті тырп етіп үйден шыға алмай қалатын кездеріміз жиі болып тұрады. Мына іргедегі Егіндібұлақта «ОблШығысЖол» кәсіпорнының тракторлары қыстайды, олардың келіп-кетіп тұратыны рас. Солар осы Ақбұлақта тұрса, халыққа әлдеқайда көп пайда әкелмей ме? Осы мәселеге дұрыстап көңіл бөлінсе жақсы болар еді. Ауызсу мәселесі де шешімін күтіп тұр. Туған жерде туын жықпай отырған Ақбұлақ жұрты осындай түйткілді мәселелер шешімін табар болса, ата қоныстан табан аударатын ойы жоқ . «Осы маңнан кеніш ашылып, жаңа қоныс орнайды» деген хабар да ауыл тұрғындарын қанаттандырып отыр.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button