Руханият

Абаймен айтысқан Қуандық ақынды білеміз бе?

Абаймен айтысқан Қуандық ақынды білеміз бе?


Облыс мектептерінің оқушылары туған қалалары мен ауылдарының тарихын зерделеді. Олардың ғылыми ізденістеріне жас тарихшылар арасындағы «Менің кіші Отаным» республикалық зияткерлік байқауының аймақтық кезеңі түрткі болды.

Абаймен айтысқан Қуандық ақынды білеміз бе?

Бұл байқау биыл екінші рет өтіп отыр. Биылғы білім сайысының ерекшелігі – аймақтық кезеңнің жеңімпаздары 1-3 қараша аралығында Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алады.

– Бүгін байқаудың облыстық кезеңі еліміз бойынша барлық өңірлерде бірдей уақытта ұйымдастырылған. Біздің облыстағы байқау С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Таулы Үлбідегі «Дарын» орталығының базасында өтіп жатыр. Тарихымыздың көлеңкелі тұстарына сәуле түсіріп, тың деректермен толықтырсақ, өлке тарихын түгендеуге тамшыдай болса да үлес қосқан болар едік, – дейді «Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жанат Айтпаева.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы сайыстың қала, аудандарда өткен іріктеу кезеңіне тоғызыншы сыныпта оқитын мыңнан аса дарынды бала қатысты. Солардың ішінен облыстық кезеңге жеті оқушыдан құралған 26 команда суырылып алға шықты. Ғылыми жетекшісі ретінде тарих пәнінің мұғалімдері қолдау көрсетуде.

«Дарын» орталығының басшысы Жанат Айтпаева айтып өткендей, алдымен балалардың Қазақстан тарихынан алған білімдерін тексеру үшін арнайы тест өткізілді. Одан кейін «Менің кіші Отанымның символы», «Менің кіші Отанымның тарихы», «Менің кіші Отанымның болашағы», «Менің туған өлкем» сияқты төрт аталымда елді мекендерінің тарихын бейнерепортаж, макет арқылы ұсынып, эссе жазу бойынша шығармашылық жұмыстарын қорғады.

Байқауға қатысушылар өз туған өлкесінің тарихы, жетістіктері мен ауылының дамуына үлес қосқан тұлғалар жайлы мақтанышпен айтып өтті. Мәселен, зайсандық оқушылар аудандағы ірі кәсіпорындардың жұмысы жайлы бейнерепортажбен ерекшеленсе, жармалық оқушылар осы өңірде туып-өскен Әзілхан Нұршайықов, Әди Шәріпов, Қалихан Алтынбаев сынды ақын-жазушылар жайында ғылыми жобаларын қорғау арқылы тыңғылықты дайындықтарын көрсетті. Ал Аягөз ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген ақын Төлеу Көбдіков туралы тың дерек тыңдаушыларды елең еткізді. М.Төлеуов «Менің әжем Абаймен айтысқан» естелігінде былай дейді: «Академик М.Әуезов орыс жазушысы Павел Кузнецовқа 1943 жылы жазған бір хатында былай деген:
«жолсапарымыздың соңғы күндерін біз Семейде өткіздік. Онда ақындар айтысы болды. Облыста бұрын неге көрінбеген кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Оның тума шежіресі өте қызық. Сонау алты атасынан бері тұқым қуалаған мықты ақындар. Ал шешесі – Абаймен айтысқа түскен әйгілі Қуандық…».
Осылайша өңіріміздегі әр қала мен ауданның мықты тұлғалары, керемет табиғаты мен жетістіктері жайлы тарихи мағлұматтарға қаныққан дарынды оқушылардың ішінен ең үздіктері де анықталды.

Ғылым кандидаттары, облыстың жетекші жоғары оқу орындарының доценттері мен оқытушылары қазылық еткен аймақтық байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған Семейдегі Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның оқушысы Еркежан Халелова, Өскемендегі дарынды балаларға арналған «Восток» дамыта оқыту ғылыми-зерттеу арнайы мектеп-кешен-орталығының оқушысы Елизавета Нұғыманова, №3 Күршім гимназиясының оқушысы Ботагөз Каримова мен Аягөздегі Ақши орта мектебінің оқушысы Гүлжан Нұрекеева алдағы республикалық байқауға жолдама алды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button