Қоғам

«Абайлыңыз, балалар!»

«Абайлыңыз, балалар!»


Ағымдағы жыл басынан бері облыста балалардың қатысуымен 130 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан алты бала мерт болған, 144-і жарақаттанған. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Сергей Коваленко мәлімдеді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 21 тамызынан 5 қыркүйегіне дейін жергілікті атқарушы органдармен, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел алдын алу шаралары өтеді. Аталмыш шара аясында тәртіп сақшылары облыстағы барлық мектепке баратын көшелерді қатаң бақылауға алып, оқушыларға жол жүру ережелерін түсіндіруде.

– Басты мақсат – оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, бала қауіпсіздігін сақтау сақтауға ата-ана мен мұғалімдердің жауапты екенін түсіндіру. Жалпы, балалардың жол қауіпсіздігі ережелерін жоғары деңгейде үйреніп шығуы үшін біз жыл сайын жас инспекторлар слетін ұйымдастырып тұрамыз. Онда балалардың жол қозғалысы қағидаларын қаншалықты білетіндерін анықтап, жеңімпаз командаларға ынталандыру сыйлықтары мен мақтау қағаздарын табыстаймыз. Негізі, мұндай шаралардың барлығы балалар мен жасөспірімдерді жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру мақсатында ұйымдастырылады, – дейді Сергей Коваленко.

Айта кетейік, облысымызда өткен жылмен салыстырғанда балалардың қатысуымен өтетін жол-көлік оқиғалары 7,8 пайызға төмендеген. Тәртіп сақшыларының мәліметі бойынша, көлік апатының басым бөлігі жол ережесін сақтамай, жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілердің кесірінен болады.

– Әрбір жаңа оқу жылында мектеп инспекторлары мен тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелері туралы сабақтар өткізіп, ата-аналар жиналысында бала қауіпсіздігін басты назарда ұстау қажеттігін түсіндіреді. Ағымдағы оқу жылында біздің қызметкерлер оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін арнайы интерактивті сабақтар өткізетін болады. Онда балаларға жолдағы негізгі қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы Айгүл Белгібаева.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button