Абайлықтар республикада үздік атанды
Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі республикада үздік атанды. Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өткен салтанатты шарада «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» аталымын жеңіп алған бөлімнің басшысы Еркебұлан Сағындықов еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қолынан арнайы марапатқа ие болды.
Айта кету керек, аталмыш байқау ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 30 пайызының тұрақты түрде бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау туралы міндеттемесіне орай ұйымдастырылған болатын. Ал Елбасының тапсырмасын орындау жолында, бірінші кезекте жергілікті атқарушы билік органдарына елеулі салмақ түсетіні белгілі. Яғни, өткен жылдың үлесінде Мемлекет басшысының салауаттылық салтын қалыптастыру жөніндегі саясатын нақты іске асыруда белсенділік танытқан аудандар сарапқа түскен болатын. Міне, осы орайда спорт саласының жанашырлары мен министрлік жанынан құрылған алқа назарына Абай ауданы спорт бөлімінің жұмысы ілініпті.
Жалпы, спорттың бұқаралығын арттырып, оған жыл сайын серпін беру тұрғысынан Абай ауданында атқарылып жатқан шаралар легі қадау-қадау. Оған облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейдегі біріншіліктердегі жетістіктеріміз уәжсіз дәлел бола алады. Мәселен, аудан спортшылары он бір халықаралық жарысқа қатысып 4 алтын, 12 күміс, 13 қола медальға қол жеткізсе, жиырма төрт республикалық бәсекеде 15 алтын, 21 күміс, 33 қола медальды еншіледі. Облыс көлеміндегі жарыстарда алған 67 алтын, 43 күміс, 69 қола медаль қанжығамызда тағы бар. Қорыта айтқанда, өткен жылы аудан қоржыны жүлдеге толы болды. Әлбетте, мұндай нәтиженің барлығы жайдан-жай келген жоқ. Бүгінде Абай елі бойынша 62 спорт нысаны халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп тұр. Бұған қоса, осынау салада 80-ге жуық жаттықтырушы мен арнайы мамандар сүбелі еңбек етуде. Әрі бұқаралық спортты дамыту бағытында таяу жылдар межесінде ілкімді түрдегі жоспарлы шаралар бар.
– Кез келген жетістіктің кілті – оған бөлінген көңілде. Бұл орайда, ауданымызда спорт саласына баса назар аударылуда. Оның айғағы – жаңадан салынған «Шыңғыстау» спорт кешені, әр ауылдағы шағын футбол алаңдары, хоккей қораптары. Сондай-ақ, ауданда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирлер де жас спортшыларды жігерлендіріп, шыңдауда. Осы ретте спорт саласына ықыласын аямаған аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков пен спортсүйер қауымның қосқан зор үлесін айта кетуіміз керек. Республика көлемінде үздік атанған аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің бұл жетістігі Абай елінде атқарылған шараларға берілген лайықты баға деп білемін, – дейді Астана төрінен мереймен оралған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Серікбосынұлы.
Айта кетейік, Астанада өткен салтанатты шараға Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев сияқты даңқты спортшыларымыз да келіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысыпты.
Сөз орайында айта кету ләзім, Мәдениет және спорт министрі аудандық спорт бөлімімен қатар, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына «Үздік спорттық өңір» аталымын және Қазақстан бокс федерациясына «Жылдың үздік спорт федерациясы» аталымдарын табыстады. Қазақ спортын дамытуда айтулы үлесі бар осынау ұжымдар арасында ауданымыздың да абыройға ие болуы ерекше қуантады.
Нұржан Байтөс
Абай ауданы.