Абайлаңыз! Алаяқтар!
Кейінгі кезде алаяқтар аса белсенді бола бастады. Адамдарды алдаудың алуан түрлі тәсілін ойлап табатын олар енді өздерін облыс немесе қала әкімдігінің өкілдері ретінде таныстырып, кәсіпорын директорларынан қаржылық қолдау сұрайды, тіпті талап етуге көшкен.
Айтатын мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін, мәселен балаларға көмектесуден бастап, билік ұйымдастыратын іс-шараларды қолдауға, кешкі астың ұйымдастырылуына дейін өтініш айтады. Бұл – алдау, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Иә, билік кейде кәсіпорындарды көмектесуге шақырып жатады, бірақ мұның бәрі ресми түрде іске асырылады. Қайырымдылық көмегін ұйымдастыру үшін олар жазбаша өтініш жібереді немесе арнайы іс-шаралар өткізеді. Мұндай өтінішті қайырымдылық көмек көрсетпес бұрын алдын ала тексеруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, кез келген қайырымдылық шарасына қатысу-қатыспауды кәсіпкерлер өздері шешеді. Қайырымдылық көрсету ол – ерікті түрде болатын әрекет.
Алаяқтар қазір өздерін шенеунік ретінде таныстырады. Кейде билік өкілдерінің нақты есімдері мен лауазымдарын атайды. Олар құжат та ұсынуы мүмкін. Мысалы, біркүндік кәсіпорынның шот-фактурасын немесе кейбір тұлғаларға ресімделген жеке шоттарды жібереді.
Облыс әкімдігі телефон арқылы ешқандай да ақша жинау акциясы жүргізілмейтінін мәлімдейді. Кәсіпкерлер мұндай айла-шарғыға алданып қалмас үшін мұқият болуы қажет. Шоттарды төлемес бұрын немесе алаяқтардың айтуымен қаражатты аудармас бұрын ақпаратты тексеріп алғаны жөн!
Мұндайға тап болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыздар деп шақырады облыс әкімдігі.
Еске саламыз, әдетте алаяқтардың психологиялық дайындығы өте жақсы болады. Олар адамды тез иландырып қана қоймай, сенімді түрде талап етуді де меңгерген. Алаяқтардың қақпанына түсіп қалмас үшін міндетті түрде олар айтқан мемлекеттік органға қоңырау шалып, барлық ақпаратты тексеру керек.
Билік өкілдері ақша жинау акциялары сияқты іс-шараларды жүргізбейтінін тағы да қайталап ескертеміз. Сондықтан кез келген осындай әрекет – алаяқтардың ісі. Алданып қалмаңыз!