Абайдың ұзақ жасаған шөбересі

Қазақ даласындағы ақыл-ойдың шамшырағы атанған Абайдың артында қалған ұрпақтары да осал емес. Олар әке ісін одан әрі жалғастырды, соның жолын ұстады. Патша тұсында да, кеңес өкіметі кезінде де ұлттың зиялыларын жаппай жазалау, бас еркін шектеу, атып, жер аудару саясаты мемлекеттік басты шараға айналды. Сондай ауыр қасіретті Абай ұрпақтары да көрді.
Ұлы ақынның ұрпақтары патшалық, содан кейін кеңестік жазалау саясатының құрбаны болды. Қуғындау мен жер аударылудың нәтижесінде олар тағдырдың тәлкегінен сан-саққа бытырап, әр жердегі балалар үйі мен жатақтарда өмір сүрген Абай шөберелері бірін-бірі жақын танымастан Ұлы Отан соғысына аттанады. Майданға тоғыз ұл, бір қыз қатысып, екеуі аман келді. Солардың ішінде аман оралған Абай ұрпақтарының бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Ишағы Жағыпарқызы болатын.
Ишағы Жағыпарқызы – Абайдың шөбересі, Мағауияның Жағыпарынан туған. Мағауия – Абайдың 25 жасында туған кенже баласы. Ал Жағыпар – Мағауияның 28 жасында туған кенже ұлы. Ишағы 1922 жылы Шыңғыстауда туған. Екінші класты өз әкесінен оқып, хат таныған. Енді Ишағы апайдың өзінің естелігін келтірейік:
«Алты жаста болуым керек, туған жеріміз Шыңғыстаудан Ертіс бойына жаяу-жалпы көшіп барғанымыз есімде. Уба-Форпостта тұрмысымыз жаман болған жоқ. Әкем беделді болды. Бізді еркелетіп, мені «мұғалімнің сары қызы», ал Ғазелді «мұғалімнің қара қызы» деп атайтын. Өзім суда жүзуді сол Ертіс жағасында үйрендім. Аулада бау-бақша өсіретінбіз. 1932 жылы қолымызға Кәмилә тәтем келді. Сол жылы шешем сіңілім Ләйләні туды. Үлкен әжем Дәмегөй кенеттен қайтыс болып, әке-шешем үйде жоқта бар әбігерлік бір өзіме түсіп, өлімнің не екеніне көзімді ашты. Әкем де оқыстан, орыс досы, мал фельдшерінің берген дәрісінен уланып, бір күндей қиналумен көз жұмды. Ел- жұрт болып қайғырып, қолдарынан қойды. Бұдан кейінгі өміріміз талапайға түскендей. Шешемізді Шәбеп деген әмеңгерлік жолмен болу керек, еріксіз көшіріп, Жарма ауданы, «Бала жал» деген алтын кені шығатын жерге әкетті. Содан көз жазып, мүлде хабарсыз кеттік. Ағайым Берекехан екеуіміз Семей қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырылдық. Өзім сонда жүріп үш-төрт класты бітірдім.
«Бірге тумақ болса да бірге өлмек жоқ» дегенді бастан кешіп, «алыс жүрсең де жолмен жүр» деп оқуымды әрі қарай Семейдегі №11 мектепте жалғастырдым. 1941 жылы соғыс басталып оныншы класты жедел бітіріп, майданға аттандық. Содан бізді Хабаровскіге әкеліп, майданға әзірліктер өткізілді. Мен авиацияның кіші қызметкерлерін даярлайтын курсқа түстім. Курсты да тездетіп бітіргеннен кейін бәрімізді әр полкке таратып жіберді.
Мен 1942 жылы май айында 29-шы авиадивизияның 307-ші авиаполкінің қарамағына келдім. Қиыр Шығысқа жапон милитаристеріне қарсы соғысқа аттандық, 1-ші Қиыр Шығыс майданының шебінде тұрдық.
Курсты бітірген авиацияның кіші қызметкерлерінің міндеті самолетті соғысқа әзірлеу, бомба тиеу болатын. Осындай қызметті кілең қыздар атқаратынбыз. Сонда ауыр жұмыс істеп жүрсек те, төзімділік таныттық. Отан алдындағы борышымызды адал атқарсақ дейтінбіз. Жастайымнан «Осавиахим»-ге мүше болып, мылтық атуды елде үйренгенімнің пайдасы тиіп, атқыш мамандығын тез меңгердім. Қарулы самолет бойынша «шебер атқыш» деген атақ берді.
Мен майданнан 1945 жылдың қарашасында, жеңістен кейін алты айдан соң оралдым.
Одан кейін Алматыға келіп ең алғаш түскен жерім – М.Әуезовтің үйі еді. Кейіннен Абайдың Мағауия деген баласының қызы Уәсиләның қолында тұрдым.
Біз М.Әуезовтің үйіне жиі баратынбыз. Сонда Мұқаң: «Мен Мағауиядан тарағандарға аса көңіл бөлем» дейтін. Өйткені өзі Мағауияның қызы Кәмәләға кезінде үйленген еді. М.Әуезов Абайдың қалған ұрпақтарын жылына екі мәрте үйіне қонаққа шақырып әңгімелесетін. Бізді Абай ұрпақтары деп қамқорлық танытатын».
Майданда болған туыстары туралы Ишағы Жағыпарқызы: «Мен ұлы Абай атамның шөбересімін. Абайдың Мағауия атты ұлынан Жағыпар туады. Мен Жағыпардың қызымын. Жалпы алғанда Абай ұрпақтарынан соғысқа он адам қатынасқанбыз.
Соның сегізі қайтпады, екеуіміз-ақ аман-есен оралдық. Аруақтары риза болсын, сол оралмаған ағаларымның да аттарын атай кетейін: Ақылбай немересі – Ғабдісәлім мен Әлихан. Әбдірахманның жиені – Еніғам.
Мағауия немерелері – Берекехан мен Жошыхан. Мекайыл немересі – Ғұзайыр мен Әлішер. Зікәйіл немересі – Тоқташ соғыстан оралмады. Турағұлдың немересі – Алпаш және Мағауия немересі мен екеуіміз ғана соғыстан оралған едік. Қайтпаған ағаларымнан ұрпақ жоқ, өйткені олар үйленбей кеткен болатын… Міне, соғыс атты зұлматтың бір әулеттің балаларына әкелген қасіреті… Алпаш 1990 жылы Алматыда ауырып, дүниеден қайтты», – деп соғыста құрбан болған туыстарын сағынышпен айтады өз естелігінде.
Ишағы Жағыпарқызы соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпашылығын бастан кешіре жүріп, жоғары білім алуға талпынады. Ол өз талабымен ЖенПИ-ге оқуға түседі. Бірақ ол оқуды аяқтамай Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының сырттай бөліміне ауысады, өйткені қолында әпкесі мен сіңілісі болды. Олардың ешқайсысы жұмыс істемеді. Жан бағу керек болды. Басында әртүрлі жұмыста жүрді. 1954 жылдан 1988 жылға дейін Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінде кадр бөлімінде қызмет атқарды. Ишағы Жағыпарқызы кадр мәселесін, мамандардың шетелге іссапарға құжаттарын дайындау, тағы басқа құпия жұмыстармен айналысады. 1988 жылы дербес зейнеткерлікке шықты.
Ишағы апамыз саналы ғұмырында Абайдың музейімен хабарласып тұруды міндеті санады. Музейде, Семейде, Шыңғыстауда өткен шаралардың құрметті қонағы болып, естеліктерімен бөлісіп отырды.
Ұлы ақынның ұзақ жасаған ұрпағы Ишағы Жағыпарқызы 92 жасқа қараған жылы өмірден озды.
Жыл өткен сайын ұлы ақынның ұрпағының қатары сиреді, қазіргі таңда Абайдың 10 баласынан тараған бесінші ұрпағы Айдар, одан Данияр оның балалары Дана, Камила, Меруерт. Эрнесттің ұлы Айдостың туған қызы Александра 27 жаста, отбасылы, Саратов қаласында тұрады.
Абай ұрпақтары ұлы ақынның ұрпағы болғанын мақтанышпен айтады. Абай музейі ұйымдастырған ақын мерейтойына ақын ұрпақтары арнайы келіп, Абайдың мұралары туралы есте қалған естеліктерін насихаттауда еңбектері орасан зор.
Ұлт рухының жебеушісі атанған Ұлы ақын Абайдың өмірде бар ұрпақтары аман болып ел тәуелсіздігін нықтауға қызмет ете берсін демекпін.
Нұрсұлу Санақбекқызы,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері