ҚоғамТОП

Абайдың ұрпағы Манатай Балтақайұлы дауыс берді

Абайдың ұрпағы Манатай Балтақайұлы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Сексеннің сеңгіріне шыққан Манатай ақсақал Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Семей мал дәрігерлік институтын тәмамдаған.

 

Көп жылдар бойы ол ветеринария саласында еңбек етті. 90-шы жылдары Абай ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподақ ұйымының төрағасы болды.

2000 жылдан зейнетте. Абай аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі. Ауданның Құрметті азаматы.

– Бүгін – халқымыз үшін айтулы күн. Бұл сайлаудан үлкен үміт, жақсылық күтеміз. Сайлау көппартиялы, демократиялық тұрғыда өтіп жатыр деп есептеймін. Өзім сайлау учаскесіне бара алмадым, барып дауыс беруге денсаулық жағдайыма байланысты мүмкіндігім болмады. Сондықтан үйден дауыс беруге өтініш бергем. Қазір міне учаске мүшелері үйге келіп отыр. Өз дауысымды бердім. Өте қуаныштымын! Елбасымыздың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекет тарапынан көптеген ауқымды шаралар атқарылып жатыр, әлі де атқарылатын болады. Елімізде індет азайып барады, вакцина шығарылып, егу жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада осы аурудың беті қайтары анық. Бірлігіміз нығайып, халықтың жағдайы жақсара берсін! Сайланатын депутаттар жұрт мүддесін қорғау жолында жұмыс істейтініне сенемін! – деді қария.

Манатай Балтақайұлы қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Айткеш Толғанбаевтың “Қатал тағдыр тәлкегі” атты өмірбаяндық кітабын орыс тілінен қазақ тіліне аударды. Ол облыстық және аудандық газеттерде туған өлкенің тарихы, тарихи тұлғалары туралы мақалалар жариялап тұрады. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан алты немере сүйіп отыр.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button