Руханият

Абайдың «Жаз» өлеңі Байқошқарда жазылыпты

Абайдың «Жаз» өлеңі Байқошқарда жазылыпты
Бірде жол түсіп Шұбартау өңірін аралап жүріп «Ескі кеңсе» аталатын жазушы Мұхтар Мағауиннің ата-бабаларының басына соқтық. Бізбен бірге Байқошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыров та еріп жүрген. Ол өзі көп сөзі жоқ, істің адамы екен.
Есесіне, тағы бір серігіміз Әмірсана әңгімешіл екен. Мал жайынан гөрі жер мен судың жағдайын көбірек тілге тиек етіп, салдырлап әңгіме айтып келеді.
– Абай атамыздың жайлауы осы жерден қашық емес. Мына тұста, – деп Шығыс жақты қолымен нұсқады ол. Мұхтар Мұқанұлының ата-бабалары жатқан қорымды аралап тәу еттік. Кең етіп тұрғызған зираттар әлде екі, әлде үш кісілік. Сыртына жазылған араб әріптері өшуге айналыпты.
– Мына жер «Абай бұлағы» деп аталады, – дейді Байқошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыров өзен жағалап келе жатқан бізге. Осы өңірдің үлкендері Абайдың әйгілі «Жаз» өлеңінде осы жердің табиғатын бейнелеген деседі. Шынында да:
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек,
Ұзарып, өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда.
Шұрқырап жатқан жылқының,
Шалғыннан жоны жылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып ыңқылдап.., – деп келетін өлең жолдары дәл осы жерде жазылғаны күмән туғызбайды. Рас, мұны әдебиет, өнер зерттеушілері анықтар. Білгеніміз, жерінің қасиеті адамына да жұғатыны ақиқат екен. Ауыл әкімі мен малшы жігіт Абай өлеңін жатқа соғады. Мұны жердің қасиеті деп қалай айтпайсың…

Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button