Руханият

Абайдың тойын астанамызда ашып қайттық

Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, 21 қаңтарда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айтулы оқиғаға хакім Абайдың туған жері Шығыс Қазақстан облысынан аймақ басшысы Даниал Ахметов бастаған, елуден астам адамды құраған делегация арнайы қатысып қайтты. Олардың арасында ақынның ұрпақтары, Абай мұрасын жылдар бойы ғылыми жұмыстарына арқау еткен белгілі ғалымдар, ақындар мен жазушылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қоғам өкілдері бар.

Осы іс-шара барысында облыс әкімі Даниал Ахметов тілшілер қауымына сұхбат берді.

– Жыл көлемінде облысымызда барлығы бес жүзден астам түрлі іс-шаралар өткізілетін болса, соның ішінде халықаралық, республикалық және облыстық маңыздағы іс-шаралар қамтылған. Соның 24-і халықаралық деңгейдегі шаралар болмақ. Мұның ішінде ұлы ақынның туған жері – Шығыс Қазақстан облысына, кіндік қаны тамған, негізгі той өтетін Абай ауданына ерекше маңыз беріліп отыр. Бұл – бізге ерекше жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың кемел тұлғалық, адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталып, Абайдың тойын күллі әлем алдында біркісідей ұйымшылдықпен өткізу арқылы барша қазақтың ауызбірлігі мен ынтымағын көрсетуді баса атап көрсетті, – деген облыс басшысы Даниал Ахметов сондай-ақ ақын мерейтойын науқаншылдық пен ысырапшылдыққа айналдырмай, басты назар той өткен соң қалатын рухани дүниелерге бағытталып отырғанын жеткізді.

Облыс әкімінің айтуынша, мерейтой қарсаңында қасиетті Семей қаласы абаттандырылып, ақынның туған жері Абай ауданында есімін иеленген жаңа мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар Абайдың 175 жылдық мерейтойында Абайдың әкесі Құнанбай қажының зираты жөнделіп, мұражайы ашылмақ.

Салтанатқа қатысқан жерлестеріміз де айрықша ұйымдастырылған іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісіп,  ақын жайлы лебіздерін білдірген еді.

  Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Абайды таныту бір жылдың жұмысы емес, әрине. Біз Абайды толық танып та үлгерген жоқпыз әлі. Мәселен, Абайды қазір «хакім Абай» деп жүрміз. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер, Абайды алғаш рет «хакім» деп атаған Мағжан Жұмабаев  болатын. Одан бері қарай Ғарифолла Есім ағамыз еңбектерінде қосып жүр. Бірақ ендігі мақсат Абайды тек қана хакім деп емес,  хакімдіктен әрі қарай да жоғары кеткен адам екендігін, дана екендігін дәлелдеуге күш салынуы қажет. Ал ол үшін не керек? Абайтануға бағытталған зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуі қажет деп айтар едім. Яғни, Абай  егер хакімдіктен жоғары болатын болса, онда оны осы биігінен танытуымыз қажет. Ол ешқандай да асырып айтқандық емес. Мысалы, менің өзім ширек ғасыр бойы Абаймен жүйелі түрде айналысып, зерттеп келе жатқан адаммын. Абай әлемі – тұңғиық әлем, тазалық әлемі. Сондықтан да осындай батыл ойға келдім. Біз бүгінде Абайды қалай зерттеп жүрміз?  Абай феноменінің сырын Шығыс пен Батыс әдебиетінің ықпалынан, әсерінен іздейміз. Бірақ бұл өте жалқы, таяз түсінік. Сонда қазақтың ықылым заманнан келе жатқан тегі қайда қалды? Ал сол ұлттық тектің тамырында сұрапыл дүниетаным жатыр емес пе? Осыны ұмытпауымыз керек. Міне, Абайды осы өлшемге сай танысақ, сонда адаспаймыз.

 

Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші:

    – Мен өзім Абай елінде тудым. Пушкиннің елі Санкт-Петербургте білім алдым. Тіпті «Абай-Пушкин» деген бағдарламам да бар. Жалпы, Абай әлемі шетсіз-шексіз терең әлем ғой. Қай қырына үңілсең, сол қыры сайрай жөнеледі. Сондықтан да Абай – күллі адамзаттың алыбы. Өзім әнші болғаннан кейін, Абайдың композиторлық қырын сөз еткім келеді. Жалпы, бүгінде әншілер Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қаламқас» сынды санаулы ғана әнін айтып жүр. Ал ақынның тек өлеңдері ғана емес, композиторлық қоры да өте бай. Хакімнің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында музыкатанушылар осы жағына көбірек көңіл бөліп, жүйелі зерттеулер жасалса, қазақтың ұлттық музыкалық қоры көптеген классикалық туындылармен толыға түсетініне сенемін. Абай әндерінің орындаушысы, насихаттаушысы ретінде бұған өзім де үлесімді қосамын деген ниеттемін.

Жанна Асқарова, Шығыс Қазақстан облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

– Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрында ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуынан үлкен әсермен оралдық. Аталған іс-шараға облыс әкімі бастаған ғылым және шығармашылық зиялылары, қоғам қайраткерлері, Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатарында қатысып қайттық.

Әсіресе концерттік бағдарламада еліміздің танымал әртістері Асанәлі Әшімовтің, Роза Рымбаеваның, Әлібек Дінішевтің, Майра Мұхамедқызының Абай өлеңдері мен әндерін нақышына келтіріп орындағандары тәнті етті. Ал сүйемелдеген оркестр болса, театр ішін ерекше атмосфераға бөледі.

Біздің түсінігімізде, Абай – тұтас бір әлем. Бойына шығармашылыққа деген махаббат, білім мен даналық дарыған бірегей тұлға. Ақын, жазушы, композитор, ойшылдың бай мұрасы қай заманда болмасын, өзінің өзектілігін жоғалтпайтыны сөзсіз. Шығыс Қазақстанда Абай Құнанбайұлының мерейтойына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі бүкіл қазақ елімен бірге жерлестері әрқашанда ұлы Абайды баға жетпес құнды еңбектері үшін құрмет тұтады.

Борис Щербаков, өлкетанушы-ғалым, Өскемен қаласының Құрметті азаматы:

– Өзім де жазушы, өлке табиғатын зерттеуші, қорғаушы болғандықтан ба, Абай шығармалары, Абай әлемі менің жаныма өте жақын. Әсіресе, жылдың төрт мезгіліне арнаған табиғат лирикаларының орны бөлек. Мұның бәрін астанамыздағы «Астана Опера» театрындағы мерекелік кеште тағы бір мәрте көзімізбен көріп, көз алдымыздан өткіздік. Абайдың мол мұрасы толық қамтылған екен. Өте үлкен әсер алдық, Абайдай ұлы тұлғаның жерлесі болғанымызға іштей қуанып, масаттандық. Бір жағынан, мол рухани азық алып, қанаттанып қайтқандай болдық. Абайдың дүниелері әлі де көп зерттеуді, жаңаша қырынан тануды қажет етеді. Себебі көп шығармалары кезінде заманның ығына қарай бұрылып, дұрыс насихатталмады, жеткілікті айтылмады. Енді осы олқылықтардың бәрінің орнын толтыратын уақыт жетті, мүмкіндік бар. Сондықтан биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойында Абай өзінің халқына, оқырмандарына, кейінгі жас ұрпаққа жаңаша қырынан көрінеді деген ойдамын.   

 

Орал Шәріпбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:

– Абайдың 175 жылдық тойына бүкіл Қазақстан, бүкіл әлем жұмылды. Мұның өзі Қазақстанда береке мен бірліктің барлығын көрсетіп отыр. Рухани байлығымызды жаңғыртып жатырмыз. Шын мәнінде, «Рухани жаңғыру» дегеніміздің өзі осы. Бұған дейін Абайдың 125 жылдығын, 150 жылдық тойларын өткіздік, ақындар айтысын ұйымдастырдық. Ал бұл жолғы тойдың осыған дейінгі өткен шаралармен салыстырғанда маңызы өте жоғары, ауқымы да кең. Сондықтан бұл тойдан рухани тұрғыдан күтеріміз өте көп. Атап өтерлігі, Абай тойы астанадан ерекше қарқынмен жоғары деңгейде басталды, көңілімізден шықты. Ең бастысы, Президент атап өткендей, Абай тойы арқылы барша қазақтың бірлігін, ынтымағын көрсетуіміз қажет.

Атап өтерлігі, биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойының салтанатты ресми ашылуына орай бұл күндері өңірдің барлық қалалары мен аудандарында түрлі мәдени іс-шаралар басталып кетті.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button