Абайдың үш ішекті домбырасы
Абайдың үш ішекті домбырасы мұражайдағы мазмұнды музкалық жәдігерлердің бірі. Ол ғасырлар сырын, көне дүние күмбірін күй арқылы бізге жеткізген көне аспап. Жидебайдағы жердегі домбыра, осы төрдегі домбыраның көшірме бейнесі.
Жидебай мұражайында сақталған бұл домбыраның ғасырдан астам уақыт тарихы бар. Абай 1885 жылы өлкетану музейіне 60-тан астам жәдігер тапсырғанын жұрт жақсы біледі. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов 1964 жылы сол жәдігерлердің арасынан 17 затты Абай музейіне қайтарады. Соның бірі – Абайдың тұмар домбырасы. Бұл домбыраны Абай қанша жыл ұстағаны, оны қай шебер жасағаны туралы мәлімет жоқ. Ерекшелігі үш ішекті болуы Абай осы домбырамен, бәлкім басқа домбырамен бірнеше күй шығарған. Ақынның «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» қатарлы күйлері осы үш ішекті домбыраға арналыпты.
Абайдың тағы бір домбырасы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақталыпты. Ол домбыраны Абайдың өзі және ақынның ұлы Ақылбай ұстаған. Кейін бұл аспап мұра ретінде Ақылбайдың ұлы Исраилдың қолында қалады. 1959 жылы Исраил дүние салғаннан кейін қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырған. Ал 1981 жылы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорына беріледі. Ол Домбыраның ұзындығы 88 см, мойын ұзындығы 50см, 12 пернеден тұрады. Басында үш құлағы бар, қарағай ағашынан жасалған, түсі қоңыр. Шанағында 10 дыбыс тесігі бар.
Жалпы Семейдегі музейде Абайдың айналасында болған әнші, күйші, ақындарға тиесілі 30-ға жуық домбыра сақталған.
Қызырбек Дүргінбайұлы