Руханият

Абайдың немересі тағынған көне белдік

Абайдың немересі тағынған көне белдік

Шүлбі мектеп-кешені мұражайында аса бағалы бір жәдігер бар. Сырты күміспен күптелген көнетоз былғары белдікті талай тарихи кезеңнің куәсі десе де болады. Мұражай жетекшісі Рымжан Уәлиқызының айтуынша – белдіктің иесі Ғазиз Мұқаметқалиұлы деген кісі Абай елінің тумасы көрінеді. Ол кісі кезінде Рымжан апайға белдіктің шығу тарихы туралы да әңгімелеп беріпті.

Ол кезде аға сұлтаны Құнанбай қажының атағы дәуірлеп тұрған шағы еді. Ақ патшаның қаһарына ілігіп, итжеккенге айдалып, сотталып, жер аударылған адамдардың түрмеден қашқан талайы осы аға сұлтан Құнанбайды паналап, екі-үш жылға дейін тобықты елінде болып, ізі суып, ың-шың басылғанда өз елдеріне бір-ақ қайтады екен. Бір жылдары сондай адамдардың арасында өте шебер бір кісі болған деседі. Сол кісі ат әбзелдері, белдіктер тағы басқа тұрмысқа қажетті әр түрлі бұйымдар жасап, оларды күміспен күптеп, сол елдің беделді адамдарына сыйға тартады екен. Сол кездері тобықтының жігіттері бұл өнерді үйреніп, күміс бұйымдардың бетіне өрнек салуды да әдетке айналдыра бастайды.
Ғазиздің әкесі Мұқаш (Мұқаметқали) Бозайұлы Абайдың немересі Әубәкірмен түйдей құрдас болған адам. Ал Әубәкірдің әкесі Ақылбай Абайдың баласы. Мұқаштың әкесі Бозай да бір елдің болысы болған адам екен. «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың қарсыласы, 3000 жылқы біткен Оразбай Аққұлыұлы Ғазиздің үлкен аталары болса керек. Атасы Бозай мен әкесі Мұқаш сол Оразбайдың тәрбиесінде болған. Ағайын арасында түрлі жағдайлармен бір-біріне қырғи қабақ танытып, жүз шайысқан кездер де болған ғой. Уақыт өте келе ел ағасы болып егде тартқан шақтарында Абай мен Оразбай арадағы салқындықтың лебі келер ұрпаққа көлеңкесін түсіріп, олар бір-бірімен жауласып кетпесін деп өзара татуласып, кешу сұрасыпты. Татулықтың белгісі ретінде Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлдың қызы Ақылияны, Оразбайдың ұлы Медеуден туған немересі Саниязға атастырып, бесік құда болыпты.
1917 жылы Ақылия мен Санияз қосылып, той жасайды. Тойда бас құдағи болып Әйгерім апамыз отырған дейді. Сол күні екі жастың құрметіне Ойқұдық деген жерде Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасының тұсаукесері болады. Кейін 1917 жылдың 7 шілдесі қазақтың театр өнерінің тарихында ұлттық сахна өнерінің шымылдығы түрілген күн ретінде сақталып қалды. Осы оқиғадан кейін тобықты ішіндегі Ырғызбай руы мен Есболат рулары арасында достық, туыстық қарым-қатынас өте жақсы дамып, баяғы өкпе-реніш мүлдем ұмытылады. Бір жылдары Оразбайдың ұлы Медеудің үйіне қазақ ақыны, жас жігіт Сұлтанмахмұт Торайғыров тоқтап, бір жылдан артық уақыт жатып, қымызбен емделіп кетеді. Осындай кездердің бірінде елге Міржақып Дулатов та келген екен. Ғазиздің әкесі ауылға шеттен қонақтар келсе, өнерімен ерекшеленетін жастар арасында ойын-сауық ұйымдастырып, ауылдың шырайын келтіретін көңілді сәттері болып тұрушы еді деп жиі еске алады екен. Сондай көпшілік жиналған ойын-сауық кештерінің бірінде Әубәкір Ғазиздің әкесі Мұқашқа осы белдікті татулық пен достықтың, береке мен бірліктің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан символы ретінде сыйға тартқан екен. Міне, күні бүгінге дейін әкеден балаға мирас болып ауысып отыратын осы белдік бүгінде мұражайда тұр. Ғазиз Мұхаметқалиұлының өзі:
– Сыры кетсе де сыны кетпеген бұл белдіктің жайын ұғатындар болса, сенің мұражайыңнан табылсын. Сарғайып сандықтың түбінде жасырынып жатқанша, мұражай жәдігерінің бірі болып, көптің көзайымына айналсын. Көрер көзге көне болғанмен, мен үшін баға жетпес қазына деп білгейсің, – деп мұражай жетекшісі Рымжан Уәлиқызына тарту етіпті.

Гүлмира Барақпаева

Семей.

Осы айдарда

Back to top button