Руханият

Абайдың ескерткіші ашылды

Тұңғыш Президент күні

Абайдың ескерткіші ашылды

Хакім Абайдың ұрпақтары бүгіндері Зайсанда оқып, білім алып, тұрып жатыр. Абайдың шөбересі Гүлзипа Исрайылова 90-ға тақаған кезде бұдан бір жылдай бұрын арамыздан пәниге аттанып кетті, ал ол кісінің қызы, ұрпақтары да осында. Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай Шығыстың бірнеше ауданында ақынға құрмет көрсетіліп, кеуде мүсіндер қойылды. Тұңғыш Президент күні құрметіне аудан орталығында ұлы ақынға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы Абай саябағында өтті.
Көңілді саз қалықтап тұр. Абайдың терең ойлы әндері жүректі жаулап алғандай. «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінен кейін «Желсіз түнде жарық ай» шырқалды. Көңілді әуеннен кейін салтанатты жиынды жүргізушілер сөз кезегін аудан әкімі Алмас Оңдақановқа берді.

Абайдың ескерткіші ашылды

– Біз хакім Абайды пір тұтамыз, Абай – біздің ұранымыз. Хакім Абайдың өлеңдерін жаттап, көкейге сақтап өскен жас ұрпақтың рухани жан дүниесі де бай болмақ. Биыл еліміздің түкпір-түкпірінде Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай мәдени шаралар өтті. Ұлы ақынның кіндік қаны тамған Қарауылда, Астанада, облыстарда мәдени шаралар өтті. Халқымыздың данышпан ойшыл ақыны Абайдың ұрпақтары Зайсанда да бар. Ендеше «ештен кеш жақсы» дегендей, ұлы ақынға арналған ескерткіштің ашылуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Алмас Оңдақанов.
Ауданның құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары ескерткіштің жабуын ашқан кезде, Абайдың мүсіні жарқ ете қалды. Ол өзінің осындағы ұрпақтарымен жүздескендей жан шуағын шаша қарайды. Айтар жоқ, ескерткіш сәтті шыққан.
Бұдан кейін Абай ескерткішінің ашылуы тамаша бір дәстүрмен сабақтасты. Зайсан ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жиырмаға тарта кітаптардың авторы Қалибек Алтыбаев деген азамат бар. Жасы 70-тен асып кетсе де шаршамайтын, талмайтын, үнемі ізденісте жүретін Қалибек Қизатұлын қалай мақтасаң да тұрарлық. Ауданның тарихы, озаттары жайындағы шығармаларын былай қойғанда, Қалекең ұлы Абайды ондаған жылдар бойы зерттеп келеді. Ол кескіндеме, сызу арқылы (кроссворд) сұрақ-жауап тәсілдерін қолданып, Абай әлемінен сыр шертеді. Қаламгердің «Абайдың алып айдынынан», Абай, Шәкерім, Мұхтар туралы «Үш кемелдің шалқарынан», «Абайды оқы, ойлан, тап» деген кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады. Ұлы Абайдың шөбересі Гүлзипа Исрайылованың «Ризамын асылдың сынығы боп өткеніме» атты кітабына материалдар жинап, жарыққа шығарды. Енді міне, көп ізденіп, сыр мен жұмбаққа толы 290 беттік кітапты оқырмандарына ұсынып отыр.
«Абай әлемі» кітабының тұсаукесер рәсімін Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақанов ашып, автор Қалибек Алтыбаевқа ұзақ жылғы қызметі үшін тұрғындар атынан алғысын айтып, иығына ата салтымен шапан жапты. Абайдың мұрасын сұрақтар арқылы түйіп, ойындық тәсіл арқылы қорыту, ақынның рухани дүниесіне терең бойлау арқылы ой дамытуға көмекші, кеңесші құралдың болашақ ұрпаққа пайдасы орасан зор. Тіпті, мектеп оқушылары бұл жинақты оқулық ретінде пайдаланса, хакім Абайды жаңа қырынан танығандай болар еді, деді кітап тұсаукесеріне жиналғандар.
Ауданның абыз ақсақалы, жазушы, журналист Қалибек Алтыбаев Абайды ширек ғасыр зерттеп келе жатқанын, Абай ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын, бұл кітаптың хакім ақын туралы бесінші жинақ екенін айтып, кітаптың шығуына демеушілік жасаған аудан әкімі А.Оңдақановқа алғысын айтты. Бірақ құнды кітаптың небәрі 100 данамен жарық көруі жанға батады. Бәлкім, Абай рухына тағзым етушілер, кітапқа демеуші болатындар табылып қалар.

Оңдасын Елубай

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button